Елімізде ескерткіш орнату да, алып тастау да оңай. Оған Семейдегі Мәншүк Мәметоваға арналған экс-ескерткіш куә. Атағы жоғары тұлғаларды төмен түсіруді қашан қояды екенбіз?
Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ағаштан ойылып жасалған мүсіні Семейдегі Жеңіс саябағына қойылған еді. Ескерткіштің суреті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Жұрт наразылығын білдіріп, мүсінді Мәметоваға ұқсата алмады.
Мүсіннің авторлары – Юлия және Иван Куртуновтар. Олар жұмысқа алты күнін арнаған. Жоба авторлары мүсінге қатысты Arnapress.kz-ке сұхбат берген. «Бізді адамдар ақшақар мен мыстан кемпірді жасап жатыр деп ойлады. Бірақ біз Мәншүк Мәметованың мүсінін жасадық. Ол – Кеңес Одағы Батыры атағын алған алғашқы қазақ қызы. Менің ойымша, оның ескерткіші осы жерде тұруға хақы бар»,– дейді Куртунова. Қызық, ел мыстанға ұқсатып жатқанда неге тоқтамады екен? Батырға қалай құрмет білдірсе де жарасады дейміз. Алайда Мәметова ағаштан жасалған мүсінге лайық па? Қадірлі тұлғалардың қадірін кетіруден шаршаған жоқпыз ба?
Авторлар мұның қала әкімі Ермак Бидахметұлының бастамасы екенін айтады. Сонда әкім мүсін орнатудың аяқ алысын бақыламағаны ма? Куртунова мүсін бағасының «қымбат емесін» айтыпты. Семейлік жайдарманшылар да қала тұрмысының жақсы емесін жиі әзілге қосады. Әлде, әкім қала бюджетінің жағдайын жұпыны мүсін арқылы білдіргісі келді ме? Келсе де Мәншүк Мәметовамен байланыстырғаны дұрыс болмады.
Нәтиже күткеніндей болмаса керек. Семей әкімдігі мүсінді басқа жерге көшіру туралы шешім қабылдаған. Алайда ел наразы болған соң, 3 қараша күні мүсінді алып тастады. Дүрлікпей қайтсін, халық білдей батырының қадірін жермен-жексен еткендей күй кешті. Әйтсе де, тек жағдайдың үстінен қарайтын елміз. Семейдің неге жақсы ескерткіш орната алмағанын сұраған ешкім жоқ. Тек кінә тағып, ілік іздеумен әуреміз. Мүсін авторы Юлия Куртунова «теріс пікір білдіргендер ештеңе істемей, бос жүргендер» депті. Мәселенің екінші ұшына қарасаң, мынадай әзіл еске түседі: «Семейдің жағдайы болса, астананың туған күніне Атырау сыйлағандай көпір тарту етер еді ғой». Осыған байланысты екі болжам бар. Біріншісі, расымен Семейдің мәдениетке бөлер қаржысы аз. Екіншісі, әкімдік мүсін жұмысына немқұрайды қараған. Десек те, Семей билігі халық алдында лайықты жауап беруі керек сияқты.
Бірінші факторды негіз ретінде алға тартайық десек, қазақ құрметтісін сыйлайтын халық. Қонағына қорадағы соңғы қойын соятынын еске алыңыз. Осыдан таяқтың ұшы екінші факторға тіреледі. Сонда Семейдің Мәншүк Мәметованы «елемегені» ме? Әлде, біз «өнер туындысына» лайықты баға бере алмадық па? Неде болса, Мәншүк мүсіні тұрар тұғыр мен берілер баға бөлек болуы керек еді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ