Соңғы әнін сала алмай кетті...
Соңғы әнін сала алмай кетті...
395
оқылды

Қазақ өнері қара жамылды. Қазақ ССР-нің және Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері қазақ киносы мен театр саласына өлшеусіз еңбек сіңірген актриса Раиса Мұхамедиярова дүниеден озды. Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры баспасөз қызметі Раиса Мәжитқызын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 7 қараша күні сағат 10.00-де театр ғимаратында өтетінін хабарлады.

Раиса Мәжитқызы 1939 жылы 11 шілдеде Семей облысы Көк­пек­ті ауылында туған. 1962 жылы Абай атындағы мемлекеттік педа­го­ги­калық институтында оқып, ағыл­шын тілі оқытушысы маман­ды­ғын алған. 1960 жылдан бері Шә­кен Айманов атындағы «Қа­зақ­­фи­льм» АҚ-ның штаттағы ак­трисасы болды. 1995-2002 жыл­дары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кет­тік балалар мен жасөспі­рім­дер театрында жұмыс істеді.

Раиса Мұхамедиярова түскен фильмдер қазақ киносының ал­тын қорына енген. Ол 29 фильмге түс­кен екен, соның үшеуінде бас кейіп­кер­ді сомдады. Фильмдегі дебюті – Шәкен Айманов түсірген «Әнші ауыл» фильмі. Фильм «Вол­га» авто­кө­­лігінің өзен өтке­лі­­нен өте алмай қалған тұсынан бас­талады. «Волга­ның» иесі – ән­ші Досай Нұрланов Қызыл ту ауы­лына кон­церт қоюға асығып бара жатқан еді. Автокөлікті   Ай­гүл есімді жүк көлігінің жүргізу­шісі көлігіне тіркеп алады. Шопыр қыз әнші жігітті өз ауылына алып келеді. Ал бұл ауылда колхозшы Жәке ақса­қал­дың 75 жылдығына арналған той өтіп жатады. Бұл әншілер ауы­лы болатын. Аталған фильм алғаш рет 1962 жылы Таш­кентте көрсе­ті­ле­ді. Сол жерде Раиса Мұха­медия­рова «Әнші ауыл» фильмін­дегі үздік әйел рөлі үшін дипломмен марапаттала­ды.

«Кинода тәжірибем жоқ, оған дейін еш жерде рөл ойнаған емес­пін. Өзім қалай түсіндім, со­лай ойнай бастадым. Сол кезде Шәкен аға рөлге ену үшін не істеу керегін айтып, демеп, дұрыс жақ­қа бұрып жіберетін еді» дейді өнер­ге өзіндік бейнесімен келген Рая Мәжит­қызы, осыдан он жыл бұрын «Жү­рек­­жарды» теле­бағ­дар­ла­­­масына берген сұхбатында. Ол Шәкен Аймановты өнердегі өкіл әкесі санады. Себебі Айгүл рөлі оның кинодағы алғашқы рөлі болатын.

Ал Абдолла Қарсақбаевтың «Ме­нің атым Қожа» фильміндегі Май­қанова апайдың рөлі ак­три­саны аса танымал етті. Көрер­мен­нің есінде Қожаның Майқанова­ның сөмкесіне бақа салып жібере­тін сәті ең бір қызық эпизод бо­лып қалғаны рас.

«Мен негізі бақадан қорық­пай­­мын, бала кезімізде судағы ба­қаны ары-бері лақ­ты­рып, ойнап жүретін­біз. бірақ фильмде бақадан қорқа­тынымды көр­сетуім керек болды. Май­қанова рөліне ену үшін ұста­зым Зоя Горшкованы елестет­тім, сүй­кімді әйел әрі терең адам еді. Өзін әдемі ұстайтын. Киімі де, жү­ріс-тұрысы да, баламен де, үл­кен­мен де қарым-қатысы ерекше бо­ла­­тын» деген екен.

1987 жылы Рая Мәжитқызы түс­кен «Айсұлу туралы ертегі» фильмі жарыққа шықты. Актриса бұл фильмде Қарашаштың рөлін сомдайды. Жас хан Тәуекел қой­шы­ның қызы – айдай сұлу Ай­сұлу­ды сарайына алып келіп, өзіне жар етеді. Алайда ханның билік­құ­мар әпкесі Қарашаш хан сапар­лап кеткенде егіз тапқан Айсұлу­дың балаларын суға ағызып жібе­ріп, егіздердің орнына егіз күшік салып қояды. Бұл сұмдыққа шы­да­­маған хан сарайды тастап кетеді. Осы эпизод бүгіндері қырықтың қырқасына шыққан буынның әлі есінде. Актрисаның шеберлігі сол, біз Қарашаштың залымдығына ашулы жүретінбіз.

Раиса Мұхамедиярова бұдан бөлек «Балалық шаққа саяхат», «Ба­лам менің», «Бұғы адам», «Най­за­тас етегінде», «Қанабек», «Жел­кен», «Менің әпкем», «Түнек әмір­шісі» фильмдерінде ойнады. Соңғы рөлі – «Астана – махаб­ба­тым менің» фильміндегі Бану әже. Бұл фильмнің премьерасы 2010 жылы болды.

Таланты мен сұлулығын баға­ла­ған замандастары «қазақтың Джина Лоллобриджидасы» деп атап кеткен Раиса Мәжитқызы ешқандай фильмге шақырылмады. Әлеуеті зор актрисаның соңғы он жылы рөл күтумен өткендей.

Жазушы Ғабит Мүсіреповпен 1964 жылы шаңырақ көтерген актриса екі баланың анасы атан­ған. Театрдан кеткеннен кейін қалған ғұмырын қос қызынан ту­ған жиен­де­рін алданыш етіп ғұ­мыр кешті. 70 жасқа толған тойында «..соңғы әнім­ді салғым келеді» деп іштегі ар­манын айтқан актрисаның жа­нын түсінген жан болды ма екен? Кеше соңғы әнін шырқайтын күн­ді ұзақ күткен актриса 80 жа­сында мәңгілік мекеніне атта­нып кете барды...

 

Айдана БЕГІМ