Кадет корпусында тұңғыш оқыған қазақтың бірі – ғалым Шоқан Уәлиханов. Бұрынғы заманда Омбыға ат арытып білім алса, бүгінде Кадет корпусы Қазақстанда да бар. Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен журналистер Кадет корпусының жұмысымен танысты. Оқу орны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1996 жылы ашылған. Мақсат – Қарулы Күштер қатарына сержанттар дайындау.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары – бөлім бастығы полковник Қайрат Асановтың айтуынша, сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған.
– Кадет корпусында оқу – патриот жастардың арманы. Басты артықшылығы, оқу орнын бітірген түлектермен он жылға келісімшарт жасалады. Талап бойынша 17-21 жас аралығындағы жастар қабылданады. Жатын орны, спорт үйірмелері барлығы тегін. Сабақтан бос уақытта волейбол, футбол, баскетбол ойнайды. Күрес, бокспен айналысады. АҚШ, Германия, Түркия, Ұлыбританияның әскери оқу орындарымен ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Ал біздегі оқыту тәсілін ТМД елдері үлгі етіп алып отыр. Кадет корпусын бітірген түлектер Қарулы Күштерде тұрақты жұмысқа орналасады, – дейді Қайрат Асанов.
Бастапқыда әскерилерге арналған «Ботагөз» шипажайы ғимаратында алғаш рет оқуға қабылдаған. Олар Щучинск өндірістік педагогикалық техникумында білім алған. Заманауи жаңа үлгідегі қазіргі жаңа оқу-жаттығу ғимаратының іргетасы 2000 жылы қаланған. Артықшылығы солтүстік табиғатының қаталдығын ескеріп салған.
Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы бастығының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары – бөлім бастығы, подполковник Роман Холод журналистерді оқу ғимаратымен түгел таныстырып шықты.
– Оқу ғимараты соңғы үлгідегі талаптарға сай. Ерекшелігі – курсанттардың жатақханалары оқу ғимаратына жапсарлас салынған. Бірінен біріне дәліздер арқылы өтуге қолайлы. Сондай-ақ мәдени іс-шаралар өткізуге арналған зал, кітапхана, тіпті музей де барлығы бір жерге шоғырланған. Әскери техникалар жайлы теорияда оқып ғана қоймай, тәжірибе жасап көреді. Өйткені практикалық сабақтар әскери техникалар орналасқан сыныптарда өтеді. Теория мен практика қатар алып жүргендіктен, оқығанын іс жүзінде көрсетуде тез меңгереді. Тіпті, Калашников автоматын көзі байлаулы болса да, лезде шашып-жинауға машықтанған. Макаров пистолетімен нысана көздеуді тұрақты жаттыққандықтан тез меңгереді. Сондықтан олардың практикалық сабаққа қызығушылығы жоғары. Бейбіт заманда білікті кадр даярлау өз қолымызда. Бұған дейін Кадет корпусын 3 мыңнан астам түлек бітірді, – дейді подполковник Роман Холод.
Ол сондай-ақ кадеттердің ішінде әскери жарыстарда жоғары жетістікке жеткендердің де еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Әскери ойындарда жүзден жүйрік атанғандардың еңбегі көпке үлгі. Әсіресе, өрт кезінде адамдарды ажалдан арашалап қалған сержант А.Мұздақ және штаб-сержанты С.Батрашев, ІІ дәрежелі сержант А.Пономаренко, сержант Н.Нурко ерен еңбегі үшін жоғары марапаттарға ие болды. Сондай-ақ С.Абдулин, Т.Халықов, С.Шураханов, Р.Сүйіндіков, М.Рахимбековтер ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Кадет корпусы сержанттар даярлайтын шетелдік оқу орындары арасында үздік деп танылған. Дегенмен бұл оқу орнының насихаты кемшін. Шалғайдағы ауылдың жастары Кадет корпусы жайында біле бермейді екен. Кадеттердің айтуынша, мұнда білім алудың артықшылығы көп. Мемлекеттің қолдауымен тегін оқиды. Шәкіртақы төленеді. Кітапхана, әскери пәндер бойынша сыныптар қажетті қару-жарақпен, әскери құрылғылармен, техникамен толық жабдықталған.
Мұнда Атырау облысынан оқуға қабылданған Ғасырбек Қабілеттің әскери қызметкер болсам деген мақсаты бар.
– Бала күнімнен әскери қызметкер болуды армандадым. Отанға адал қызмет ету – азаматтық парызым. Біз сабақта әскери техникалардың құрылымын жан-жақты меңгердік. Мұнда сабақ оқуға қажетті барлық жағдай жасалған. Бос уақытта әркім өзі қалаған спорт түрімен айналысады. Фитнес орталықта спортпен шұғылданамыз. Спортзалда волейбол, васкетбол ойнаймыз. Спорттық жарыстарға қатысамыз. Бокс, күреспен айналысуға да мүмкіндік бар. Кадет корпусында оқитынымды мақтан тұтатамын. Болашақта үздік әскери қызметкер болғым келеді. Оқуды тәмамдаған соң, бізді Қазақстанның әр аймағындағы әскери бөлімдерге жібереді. Сарбаздармен тікелей жұмыс істейміз. Кадет корпусын бітіргендіктен, бөлімше командирі болып тағайындаламыз, – дейді Ғасырбек Қабілет.
Оқу орнындағы әскери музейдің алар орны ерекше. Себебі тек қана Кадет корпусының ғана емес, жауынгер халықтың тарихы түгел қамтылған. Қазақтан шыққан даңқты қолбасшылар туралы құнды деректер бар. Абылай ханның тұсындағы әскери өмірден бастап күні бүгінге дейінгі қазақ әскерінің жетістіктері тұтастай тізбектелген. Оның ішінде, қазақ батырларының, тарихта есімі алтын әріппен жазылған жауынгерлердің ерлігі жастарға өнеге. Әсіресе, Омбы Кадет корпусында тұңғыш білім алғандардың бірі – Шоқан Уәлихановтың өмір жолы, еңбектері бір төбе. Сонымен қатар Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің еңбектері жинақталған. Оның тәуелсіз елдің қорғаныс саласында кадр даярлауда еңбегі орасан зор. Батыр бабаларының ерлігін үлгі тұтатын жастардың қатары көбейеді деген сенімдеміз.
Кадет корпусына баспасөз турымен келген журналистер нысана көздеуден өзара жарысты. Әріптесіміз, «Айқын» газетінің фототілшісі Айтжан Мұрзанов жеңімпаз атанды.