Бүкіл жер шарын алаңдатқан су мәселесі біздің елімізде де өзекті. Әсіресе, халықты сапалы ауызсумен қамту – мемлекеттің негізгі мәселесі. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықты сумен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Таза ауызсу әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет» деген сөзі дәлел.
Ел тұрғындарын таза әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы қабылданып, республикадағы бірқатар елді мекенге ауызсу жеткізілген. Мәселен, былтырдың өзінде ауыл халқының 41 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Ал Премьер-министр Асқар Мамин биыл «2023 жылдың соңына дейін сумен жабдықтауды 100 пайыз қамтамасыз ету» жөніндегі жол картасын қабылдаған.
Мұнда қазақстандықтардың таза ауызсумен қамтамасыз етуі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақбұлақ» сапалық бағдарламасы аталған. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету, су есептегіш құралдарды қалалық және ауылдық жерлерде орнату, жерасты суларын зерттеу жұмыстарын жүргізу шаралары қарастырылған. Бүгінде соның арқасында ұзақ жылдар бойы таза судан тапшылық көрген халық әсіресе, ауыл тұрғындары сапалы суға қол жеткізді. Кейбір елді мекендерде әлі де жалғасуда. Статистикалық мәліметке сүйенсек, осы бағдарламаның арқасында 6-7 жылдың ішінде ауылдық жерлерде орталықтандырылған ауызсумен жабдықтауға деген қолжетімділік артқан. Ал 2020 жылға қарай ауылдық жерлердегі тұрғындардың 98 пайызы сапалы және санитарлық нормалары талапқа сай келетін таза ауызсуға қол жеткізеді.
Өңірде су қоймаларын салу және суармалы суды тиімді пайдалану бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылмақшы. Олардың қатарында ирригациялық және дренаждық желілерді жетілдіру жөніндегі жобаларды іске асыру арқылы суармалы суды 30 пайызға дейін үнемдеу жобасы бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының хабарлауынша, жер бетінде 2 млрд адам ауызсу тапшылығын тартып отыр. Одан бөлек, 4,5 млрд адам санитарлық нормаға сай емес аймақта өмір сүруге мәжбүр. Тіпті, «2050 жылы жер бетіндегі әрбір төртінші адам су тапшылығын сезініп өмір сүреді» деген де болжам бар. Соған қарап-ақ келешекте Жер шарындағы адамдардың 40 пайызы су тапшылығынан зардап шегуі мүмкін.
Осының алдын алу барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы 2015 жылы қабылданған. Міне, содан бері ескірген ауызсу жүйесімен жаңғырту жұмыстары жүйелі жүруде. 2011-2017 жылдар аралығында бюджеттен 40 млрд теңгеден астам қаржы тартылған. Нәтижесінде 2,5 мың шақырымға жуық ауылдың ішіне және сервистік жүйелер жаңартылды. Оған қоса, 8,5 мыңнан астам су өлшегіш құралдары орнатылды. Облыстағы 265 ауылдық елді мекеннің 199-ына орталықтандырылған ауызсу жүйесі қосылды.
Соның аясында Қызылордада өткен жылы 1,6 млрд теңгенің 13 жобасы жүзеге асырылып, енді 10 шақырым ауызсу құбыры қайта жаңғыртудан өтпек. Қызылордаға қарасты елді мекендерге ауызсу жүйелерін жүргізуге 1,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ 2 су жинау қоймасы, 4 көтерме насос стансасы, 4 су жинау ұңғымасы жаңаланған. Ал 2,2 млрд теңгеге жылу желілеріне қарасты 1 насостық станса мен 7 шақырым жылу жүйесі жаңартылған.
«Жиделі» топтық су құбырына қосылған Жайылма, Сүттіқұдық, Төменарық, Еңбек, Екпінді және Сунақ ата елді мекендері ауызсумен қамтылғанмен, ішкі таратушы жүйелерінің тозығы жеткен. Оны жаңартып, кеңейту жұмыстары 2019-2020 жылдары атқарылады деп жоспарлануда. Қалған 28 елді мекен оқшау су көздерімен отыр. Оларға жеткізетін «Талап» және «Сырдария» топтық су құбырына 16 елді мекен қосылды. Қалған 12 елді мекен жыл соңына дейін қосылады. Оған 3,5 млрд теңгедей қаржы керек. Ал бөлініп отырған 1 млрд «Талап» су құбырынан төрт елді мекен су ішеді.
Бірыңғай операторды құру нәтижесінде тәулік бойы ауызсуға қол жеткізген ауылдық елді мекендер саны да көбейді. Облыс дамуының кешенді жоспарына сәйкес, 2022 жылға дейін бекітілген жоспарда әлеуметтік маңызы бар, жалпы құны 29 млрд теңгені құрайтын сумен қамту жұмыстарына қатысты 14 жоба бар. Бұл жобалар іске асса, сапалы сумен қамтылған халық саны тағы да өседі. Соңғы жылдары Сыр өңірінде халықты таза, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылғы жобаларды қосқанда биыл сумен қамту және суды бұрудың 34 жобасы мен 3 жобалық-сметалық мәселе бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл 18 жоба аяқталды. Осы кезеңде төрт нысанның құрылысы тамамдалды.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы