Зейнетақымен қамсыздандыру – әрқайсымызды толғандыратын өзекті мәселелердің бірі. Сұрақты төтесінен қояйықшы. Қарттық кезеңді қалай берекелі, мерекелі етуге болады? Міне, бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы директоры Мәулен Өтеғұловпен әңгімелескен едік.
– Мәулен Амангелдіұлы, соңғы кезде Қордың шығындары туралы алып-қашпа әңгімелер қаулап кетті. Осы ретте Қордың орын алған жағдайға қатысты ұстанымын білгіміз келеді.
– Қысқаша, нақты жауап берейін. Қордың қызметіне деген қызығушылықты зейнетақы жүйесіне қазақстандықтардың назарын аударудың тамаша мүмкіндігі деп бағалауға болады. Қоғамды елең еткізген ақпараттар, Қор туралы ой-пікірлер отандастарымыздың қаржылық сауаттылығының артып келе жатқандығын білдіреді. Біздің алға қойған мақсатымыз да осы ғой – халықтың қаржылық сауатын арттыру және олардың арасында зейнетақы жоспарлау мәдениетін қалыптастыру. Қазақстандықтар талқылап жатқан сол 277 млн теңге – ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарына арналған шығындар болатын.
– Сіз жарнамаға арналған шығынды меңзеп тұрсыз ба? Бұл ақша көп адамды қайран қалдырғаны рас.
– Тағы да қайталап айтуыма тура келеді. Бұл шын мәнісінде жарнамаға емес, халық арасында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарына арналған шығындар!Қор бұл жұмыстарды алғашқы құрылған жылдан бері белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Шынын айту керек, көптеген отандастарымыздың қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы білімі өте таяз. Ал Қор оның жоғары болғанын қалайды. Қазір жағдай бұл тұрғыда баяу болса да жақсарып келеді. Бұған дейін салымшының көпшілігі өздерінің зейнетақы жинақтарына аса қызығушылық таныта қоймайтын. Бар ма, жоқ па – оған бас қатырмайтын. Ал міндетті зейнетақы жарналарын тіпті қосымша салық ретінде қабылдайтын. 2000-шы жылдардың басында жинақ ақшаларының қай қорда жатқандығын мүлдем білмейтін салымшылар да болған.
Соңғы уақытта қазақстандықтар өздерінің жинақтарына қызығушылық танытып, жинақтарының қайда жатқанын, көлемі қанша болғанын сұрап жатыр. БЖЗҚ қызметіне деген қызығушылықтың артуы бір жағы осыған байланысты деп ойлаймын. Екі жағдай бір-бірімен қабысып жатыр. Демек, Қордың ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарына жұмсап жатқан қаражаты бекерге кетіп жатқан жоқ, тиімді шығындалып, үдесінен шығып жатыр.
Жалпы, ақпараттық жұмыстар туралы айтар болсақ, Қордың белсенді жұмыстарының арқасында бүгінде әрбір қазақстандық азамат үйінен шықпай-ақ өзінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін біле алады. Бұдан басқа Қор қызметінің қаржылық нәтижелері, инвестициялық портфель, жылдық есептілік пен мемлекеттік сатып алулар туралы барлық қажетті ақпарат Қор сайтында орналастырылған.
– Салымшылардың көпшілігі неге өздерінің жинақ ақшаларын мерзімінен бұрын алғылары келеді?
– Мәселе мынада. Отандастарымыздың көпшілігінің баспана сатып алуға немесе білім алуға жағдайы жоқ. Сондықтан өздерінің зейнетақы жинақтары есебінен баспана сатып алуға немесе білім алуға болады деп санайды.
Қазіргі уақытта арнайы құрылған жұмыс тобы Президенттің тапсырмасы бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аталған мақсаттарға жұмсау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Енді осы жұмыс тобының жұмыс нәтижесін күту керек.
Бүгінде зейнетақы шоттарында жатқан жинақ ақшалардың орташа мөлшері – 1 миллион теңгеден сәл-ақ асады. Салымшылардың 50 пайыздан астамының міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аудара отырып, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне белсенді қатысу өтілі 5 жылға жетпейді. Ал салымшылардың 75 пайыздан астамының жүйеге қатысу өтілі 10 жылдан аз. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылғаннан бері міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып келген салымшылардың зейнетақы жинақтарының орташа сомасы ерлерде – 5,1 млн теңге, әйелдерде –
3,9 млн теңге.
Шыны керек, қазір салымшылардың тек шектеулі бөлігінің ғана жинақтары жеткілікті деңгейден жоғары. Мұндай жағдай әртүрлі объективтік және субъективтік себептерге байланысты орын алып отыр. Сондықтан Қордың стратегиялық міндеттерінің бірі – халықтың қаржылық сауатын арттыру және олардың арасында зейнетақыны жинақтау мәдениетін қалыптастыру. Сол үшін салымшыларға айтарым, зейнетақы жинақтарын қалыптастырып, қарттық шаққа деген жауапкершілікті сезіну керек.
Өкінішке қарай, біздің елде көптеген арам ниетті жұмыс берушілер жалақыны конвертпен немесе әртүрлі сұрқай тәсілдермен береді. Сөйтіп, бухгалтерлік есептілікте тек ең төменгі төлемдерді ғана көрсетеді. Ал бұдан тек жұмыс берушілер ғана ұтады, ал мемлекет пен қарапайым жұмысшылар – яғни, болашақ зейнеткерлер ұтылады. Дамыған елдерде бұл мүмкін емес. Ол жақта жұмыскерлер әдетте еңбек қатынастарын заңдастыруды талап етеді және қажет болса тиісті органдарға хабарлайды. Одан кейін мұндай жұмыс берушілерге үлкен көлемде айыппұлдар салынады. Бұдан басқа дамыған елдерде жұмысқа орналасатын адамдар зейнет жасында лайықты өмір сүруі үшін жұмысқа тұру барысында бірінші кезекте зейнетақы жоспарының қандай болатындығын, жалақыдан Қорға қанша пайыз аудару керектігін сұрайды. Ол зейнетақы жарнасын жас кезден, яғни алғашқы жалақы алған күннен бастап аудару керектігін жақсы біледі.
– «Зейнетақы жарналарын Қорға жиі және қомақты мөлшерде аударсаңыз, зейнет жасында қамсыз өмір сүресіз», – деп жұмыс істейтін азаматтарды бұған сендіру қиын, әрине. Өйткені олар бүгінгі зейнеткерлердің мардымсыз зейнетақы алатынын көріп, біліп жүр ғой.
– Бүгінгі зейнеткерлердің қолға алатын жиынтық зейнетақысының басым бөлігі мемлекеттік бюджеттен төленетін ортақ зейнетақыдан және кішкентай ғана бөлігі өздері жинаған зейнетақы жинақтары есебінен құралған. Өйткені олар қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне толыққанды қатысып үлгермеген. Бұл жүйеден лайықты төлемдер алу үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесі бір ұрпақтың толық еңбек ету кезеңіне тең уақыт жұмыс істеп тұруы керек. Бұл 40 жыл уақытты алатын кезең. Ал біздің жинақтаушы жүйеге 20 жыл енді толды. Яғни, жарты жолды енді ғана жүріп өтті деген сөз. Бұл жерде еліміздің ортақ жүйеден жинақтаушы жүйеге өту тарихына тоқтамай кете алмаймыз.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде зейнетақымен қамсыздандырудың нақты екі моделі қолданылады. Олар: ортақ және жинақтаушы жүйе.
Сонау Кеңес Одағында құрылған зейнетақы жүйесі ортақ сипатқа ие болатын. Ортақ зейнетақы жүйесінде қазіргі жұмыс істеуші азаматтардың салықтарынан қазіргі зейнеткерлерге зейнетақы төленіп отырады. Мұндай жүйе мемлекеттің меншікті қаражаты жеткілікті болған кезде, яғни шамамен бес жұмыс істеуші азаматқа бір зейнеткерден келген жағдайда ғана өте табысты болады. Мысалы, 1979 жылы Кеңес Одағында бір зейнеткерге шамамен 8 жұмыскерден келген. Ал 1998 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 жұмыскерге дейін қысқарды. Бұл елдегі демографиялық жағдайға, яғни адамдардың өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты орын алды. Яғни, жыл өткен сайын зейнеткерлердің саны артып, жұмыс істеуші азаматтардың саны азая берді. Сол уақыттағы әлемдік экономикалық дағдарыстарды ескеретін болса, бұл мәселе тіпті ушыға түсті. Бұған тағы жұмыссыздық мәселесін қосыңыз. Сол себепті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде зейнетақымен қамсыздандыру ең өзекті қоғамдық мәселеге айналды. Бұған қарап ел үкіметінің неге ортақ жүйеден жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу туралы шешім қабылдағанын жақсы түсінуге болады. Бюджеттік дағдарыс барысында тұйықтан шығар басқа жол болған да жоқ.
Осылайша, 1998 жыл екі жүйені бөліп тұратын өзіндік бір межеге айналды. Әрине, әрбір реформа адам тағдырына әсер ететін болғандықтан, «міне, енді біз бүгіннен бастап, барлығын басқаша жасайтын боламыз» деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Осы себепті елімізде күрделі, көп деңгейлі және көп құрамдауыштан тұратын зейнетақы жүйесін құруға тура келді. Онда қазіргі зейнеткерлердің де болашақ зейнеткерлердің де мүдделері ескерілуі тиіс болды.
– Кеңес Одағы ыдырап, көп адам өздерінің жинақ ақшасынан айрылып қалған соң, олардың зейнетақы жүйесіне сенімсіздікпен қарайтындықтарын түсінуге болады.
– Халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенімін арттыру өте маңызды мәселе. БЖЗҚ оны өз күшімен жалғыз өзі шеше алмайды. Бұл жерде жалпымемлекеттік жүйелік жұмыс қажет. Еңбек нарығын заңдастырып, оны өркениетті ету мәселесін шешкен жөн. Сонда адамдар еңбек қатынастарын заңдастырып, көлеңкелі схемалардан шығып, салық төлеп, зейнетақы жарналарын Қорға толық көлемде аудара алады. Яғни, адамдар зейнетақы жарналарын аудармаса, болашақта тек мардымсыз зейнетақыны қанағат тұтуына тура келетіндігін түсінуі үшін кең көлемді ақпараттық жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда көлеңкелі экономикаға ойысатын адам мемлекеттің барлық қорларынан: әлеуметтік сақтандыру, медициналық сақтандыру және зейнетқы қорынан шеттетіліп қалады.
– Осы жерде инвестициялық табысқа толығырақ тоқталайықшы. Бүгінде зейнетақы активтерін басқару саясаты көп сынға ұшырап жатыр. Отандастарымыз оны тиімсіз деп санайды. Әсіресе Әзірбайжан Халықаралық Банкінің бағалы қағаздарына қатысты жағдай сенімге қаяу түсіргендей болды. БЖЗҚ зейнетақы активтері нақты қалай басқарылатындығы туралы әңгімелеп берсеңіз. Зейнетақы жинақтарын инвестициялау туралы шешім қалай қабылданады?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық Банкі сенімгерлікпен басқарады. Бұл үшін Қор мен Ұлттық Банк арасында сенімгерлік басқару туралы шарт жасалған. Соған сәйкес зейнетақы активтерін инвестициялаумен бүгінде Ұлттық Банк айналысады. Бұл ретте Қордың Инвестициялық декларациясының талаптары басшылыққа алынады.
Зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыттары мен қаржы құралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныстарды әзірлеу қызметі Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске жүктелген.
Тағы бір кеңес бар, ол – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес. Бұл кеңес – Ұлттық Банктің консультативтік-кеңесші органы. Ол зейнетақы активтерін инвестициялауға қатысты ұсыныстарды қарау және әзірлеумен айналысады.
Сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімін жыл сайын ҚР Үкіметі бекітеді. БЖЗҚ өз кезегінде зейнетақы жүйесінің бірыңғай операторы болып қала береді.
Инвестициялық табысқа қатысты айтар болсақ, 2018 жылы салымшылар мен алушылардың шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 917,1 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,27 пайыз болса, осы кезеңде инфляция деңгейі 5,3 пайызды көрсетті. Яғни, бір жыл ішінде зейнетақы активтері бойынша нақты, таза табыс 5,97 пайызды құрады.
Жалпы, жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылғаннан бері нақты жинақталған табыс, яғни инфляция деңгейінен артуы оң сипатқа ие және ол шамамен
40 пайызды құрайды.
Енді Әзірбайжан Халықаралық Банкінің бағалы қағаздары туралы айта кетейін. 2014 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі БЖЗҚ зейнетақы активтерін 250 млн АҚШ доллары көлемінде Әзірбайжан Халықаралық Банкінің (ӘХБ) облигацияларына инвестициялады. Табыс валютада жылына 8,25 пайызды құрады. Бұл жоғары табыс мәміле жасалған сәтте өте тартымды болған еді. Оның үстіне Әзірбайжан Халықаралық Банкі Әзірбайжанның ең ірі банкі. Ал оның басты акционері – Әзірбайжан Қаржы министрлігі.
2016-2017 жылдары мұнайдың әлемдік бағасының түсуіне байланысты дағдарыс басталған кезде, Әзірбайжан Халықаралық Банкінің банкротқа ұшырау қаупі төнді. Кейінірек Банктің БЖЗҚ алдындағы борышы қайта құрылымдалып, облигациялары Әзірбайжан Үкіметінің мемлекеттік бағалы қағаздарына алмастырылды. Борыштың атаулы құны сақталып, өтеу мерзімі 2032 жылға дейін ұзартылды. Яғни, Әзірбайжан Республикасының Үкіметі Әзірбайжан Халықаралық Банкінің БЖЗҚ алдындағы борышын өз мойнына алды. Алайда борыш бойынша табыс азайтылып, жылына валютада 3,5 пайызды құрады.
ҚР Ұлттық Банкі қолайлы нарық жағдаятын ескере отырып, 2019 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында Әзірбайжан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік бағалы қағаздарының бүкіл көлемін сатуды жүзеге асырды. Яғни, зейнетақы жинақтары жоғалып, талан-таражға ұшыраған жоқ. Ақша толығымен қайтарылды. Ал бүкіл сақтау кезеңі бойынша орташа табыс валютада шамамен 4 пайызды құрады.
Осылайша, Әзірбайжан Халықаралық Банкіне қатысты жағдай салымшылар үшін ойдағыдай және табыспен аяқталды.
– Енді Сізге соңғы кезде ең көп көтерілген сұрақты қояйын. Қор өзіне ақшаны қай қаржы көзінен алып жұмсайды? Кейбір отандастарымыз Қор салымшылардың жинақтарына қол салып, миллиондаған теңгені жалақыға, қымбат кеңселік тауарларға жұмсап жатыр деп санайды. Шынымен солай ма?
– Әрине, олай емес. БЖЗҚ шығындары комиссиялық сыйақының екі түрі есебінен өтеледі. Бірі – зейнетақы жинақтарын инвестициялаудан түскен инвестициялық табыстан алынатын комиссия, екіншісі – зейнетақы жинақтарының жалпы сомасынан алынатын комиссия.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 53-бабына сәйкес БЖЗҚ үшін комиссиялық сыйақысының шекті шамасы: инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан және зейнетақы активтерінің айына 0,025 пайызынан аспайтын шекте белгіленген.
Сыйақының БЖЗҚ үшін жыл сайынғы нақты шамасы Ұлттық Банк Басқармасының шешімімен бекітіледі. 2019 жылы Қордың комиссиялық сыйақысы инвестициялық табыстың 5,0 пайызын және зейнетақы активтерінің айына 0,015 пайызын құрады.
Атап өту керек, аталған көрсеткіштер 2014 жылдан бері бірнеше рет кезең-кезеңмен қысқартылды, сөйтіп 2019 жылға қарай инвестициялық табыстың шекті шамасынан 33 пайызға (2014 жылы – 7,5%), ал зейнетақы активтерінің шекті шамасынан 40 пайызға (2014 жылы – 0,025%) қысқарды. Ұлттық Банк комиссиялық сыйақының көлемін одан ары азайтуды тағы да қарастырып жатыр. Яғни, БЖЗҚ өз шығындарын меншікті қаражаты есебінен жабады. Меншікті қаражаттың көлемі әрине, зейнетақы жинақтарының шамасына тәуелді.
БЖЗҚ зейнетақы активтері мен меншікті қаражаттың есебін өз алдына бөлек жүргізеді. Сондықтан да «салымшылардың қалтасына түсу» тіпті мүмкін емес. Ал Қордың шығындарын жабуға бағытталған «жүздеген миллион теңге» туралы айтар болсақ, бұл ақпарат та шындыққа жанаспайды.
2018 жылғы қаржы есептілігіне сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жалпы әкімшілік шығындары – 4,3 млрд теңгені құрады және ол өтемпұлға қатысты шығындардан бастап, пошталық қызметтерге дейінгі шығындардың барлығын қамтыды. Қаржы есептілігін тәуелсіз аудитор – Deloitte компаниясы куәландырған.
Қызметкерлер құрамына жұмсалған шығындар – 7,9 млрд теңгені құрады. Бұл шығындар заңнамада көрсетілген барлық төлемді: жалақыны, жұмыс нәтижесі бойынша сыйлықақыны, сақтандыру төлемдерін, заңнамада көзделген экологиялық және өтемақылық төлемдерді, жәрдемақыларды, міндетті зейнетақы жарналарын, жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты және міндетті әлеуметтік аударымдарды қамтиды. Мысалы, соңғысы шамамен 700 млн теңгені құрады.
Көп адам өкінішке қарай, зейнетақы қорының – 10,6 миллион шотты басқаратын толыққанды қаржылық институт екендігін түсіне бермейді. Яғни, Қордың клиенттік базасы Қазақстанның кез келген екінші деңгейдегі банкінің клиенттік базасынан үлкен.
– Қор басшылығы мен қызметкерлерінің жоғары жалақысы да сынға ұшырады. Бұл туралы не айтар едіңіз?
Қор қызметкерлері жалақысының көлемі олардың лауазымы, біліктілігі, қызметтік міндеті және жауапкершілігіне сәйкес тағайындалады. БЖЗҚ-да орташа жалақы көлемі Қазақстан бойынша орташа жалақы көлемінен жоғары емес. Жұмысшыларға жұмыс нәтижесі бойынша төленетін сыйлықақыны ескеретін болсақ, Қордағы жалақы деңгейі қаржы саласындағы орташа атаулы жалақыға жақындатылған, бірақ одан 25 пайызға төмен.
БЖЗҚ басшылығының жалақысын орташа статистикалық қазақстандықтардың жалақысымен салыстыру дұрыс емес. Өйткені БЖЗҚ қаржылық ұйым болған соң, Қордың басқарушы менеджерлері мен қызметкерлерінің жалақысын квазимемлекеттік ұйымдардағы жалақымен салыстырып қараған жөн. Бұл жерде оқырмандардың назарын мына жәйтке аударғым келеді. Қор басшылығы тұрғындарға қызмет көрсету бойынша өңірлік операциялық кеңселерді басқарады. Ал кеңселердің саны аз емес. Қордың 18 өңірлік филиалында барлығы 215 кеңсе жұмыс істейді. Өткен жылы олардың саны 230 болатын. Күн сайын Қор қызметкерлері зейнетақы қызметтері бойынша 13 мыңдай операцияны орындайды.
Қызметкерлердің көбісінің ғылыми атақтары бар және халықаралық сертификаттарға ие (CFA, кәсіпқой бухгалтерлер, ішкі аудиторлар және т. б.).
Олардың ірі қаржылық және тіпті халықаралық ұйымдарда жұмыс істеп, БЖЗҚ-дағы жалақыдан жоғары жалақы алуға мүмкіндіктері бар. Алайда олар Қорда жұмыс істегенді артық санайды.
– Мүмкін БЖЗҚ-ны мұншалықты сынау әділетті емес те шығар. Бірақ қалай болғанда да бұған көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Салымшылармен тығыз байланыс орнатып, өзара түсіністікке қол жеткізу және олардың сеніміне ие болу үшін не істеп жатырсыздар?
– Қор салымшылар мен алушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жолында қыруар жұмыстар атқарып келеді. Бұл шаралар бір қарағанға көзге көрінбеуі мүмкін. Демек, Қор өзіне тиесілі жұмыстарды ойдағыдай атқарып келеді деген сөз.
Біз жылдан жылға дамып, барлық бизнес-үдерісті оңтайландырып, автоматтандырып жатырмыз. Заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша әртүрлі ұсыныстар әзірленеді. Соның арқасында бүгінде зейнетақы шотын ашып, шарт жасасу үшін Қорға келудің қажеті жоқ. Жұмыс істейтін ұйымыңыздың есепшісі алғашқы зейнетақы жарнаңызды Қорға аударған мезетте, жеке зейнетақы шотыңыз автоматты түрде ашылады.
Ал зейнетақы төлемдерін алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, бір терезе қағидаты бойынша бірыңғай өтініш берсеңіз болғаны, өзіңізге тиесілі зейнетақы төлемдері ай сайын өтініште көрсеткен банк шотыңызға бір мезетте түсіп отырады.
Өкінішке қарай, кейбір қазақстандықтар мәселенің байыбына бармай, уәж ретінде қарапайым математикалық операциялардың нәтижесін келтіріп, реніштерін білдіріп жатады. Бүгінде әлеуметтік желілерде жүріп жатқан пікірталастарды зерделей отырып, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушыларына мынадай сұрақ қойғым келеді: қалай ойлайсыздар, жылына 1 200 теңге көп пе, аз ба? Егер Қордың әкімшілік шығындарын (12,2 млрд теңге) барлық зейнетақы шотының санына (10,6 млн) бөлетін болсақ, осы сома шығады екен. Егер банктердің алатын жылдық комиссиясымен салыстыратын болсақ, бір зейнетақы шотына қызмет көрсетуге кететін ақшаның тіпті де көп еместігіне айқын көз жеткізуге болады.
Сұхбаттасқан
Ботакөз КӨПБАЕВА