«Ешкімге керек емес мамандарды дайындаймыз. Қандай мамандар дайындау керегін білмейміз. Дуальды білім туралы айтып келе жатқанымызға – 10 жыл» дейді вице-премьер Бердібек Сапарбаев. Отандық білім жүйесінің қазіргі халі осы ма?
Колледждердің жұмысы сын көтермейтіні рас. Вице-премьер айтқандай, дуальды білім беру жүйесін жаңғырту үшін Білім және ғылым министрлігі алдымен өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқытуды және емтихан тапсыруды көздемейтін техникалық және кәсіптік білімнің мемлекеттік стандарттарын өзгертуі қажет секілді. Сапарбаев кәсіптік-техникалық оқу орнын бітіргендердің біліктілігін растау қажеттігі туралы мәселені шешуді тапсырды. Сұранысқа сай маман жоқ. Вице-премьерді алаңдатып отырған да осы жайт.
Колледж студенті мамандығына сай пәндерді оқып жүр ме? «Мәселен, дәнекерлеуші немесе құрылысшы мамандығы бойынша оқитын болса, онда неге мектепте 11 жыл оқыған математика, тарих, әдебиетті оқып үйренуі керек? Бұл пәннің орнына жұмысына, кәсібіне қажетті дүниелерді оқып өскені дұрыс емес пе? Сондықтан келесі оқу жылы басталмай тұрып, өз мамандығына сай емес пәндерді төмендетіп, оқу жоспарын қайта құру қажет» дейді Бердібек Сапарбаев.
Диплом бар, жұмыс жоқ
Соңғы жылдары «ешкімге қажет емес мамандықтар» туралы жиі айтылып та, жазылып та жүр. Диплом бар, жұмыс жоқ. Себебі неде? Өйткені о баста түлек мамандық таңдаудан қателеседі. Біріншіден, мамандықты таңдау мүмкіндігі берілмеген. Көбіне ата-анасы шешім шығарады. Олардың ойы – баласының заңгер не экономист болғаны. Бала ол мамандықты мықты игеріп шыға ала ма, жоқ па, оған бас ауыртпайды. Жаны қаламаған дүниені бала да алып кете алмайды. Екіншіден, түлектер ұнайтын мамандығына түсе алмаған. Сол себепті өзіне керек емес мамандыққа түсуге мәжбүр болады. Статистика жоғары білімді мамандардың алпыс пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Демек, «ешкімге керек емес мамандар» осы жерден шығады.
Тағы бір себеп: оқуға ықыласы жоқ болса да, баласының жоғары диплом алғанын қалайтын ата-ана көп. Олар үшін «жоғары білім алу – жарқын болашаққа жеткізудің кепілі». Бұл түсінік кеңестік кезеңнен қалып қойған. «Аштан өлмеудің» қамын ойлаудың дипломнан өзге жолы жоқ. Оқу ақысы арзан, ортаңқол оқу орнын әупірімдеп бітіреді де, дипломды сандыққа салып қояды. Сөйтіп, мамандығынан мақұрым тағы бір маман диплом алып шығады. Оның одан кейінгі шаруасы – жұмыссыздық. Осылайша, өзіміз жұмыссыз жастардың легін молайтып жатырмыз.
Деректерге сүйенсек, елімізде жарты миллионға жуық колледж студенттері бар екен. Жыл сайын оның 200 мыңы диплом алып шығады. Диплом алған түлектің бәрі жұмысқа орналаса ала ма? Ары кетсе елу мыңы жұмыс табар, өзгесі не істейді? Яғни, жұмыссыздық санын арттырады. Басқа амал жоқ.
Дуальды оқыту – шет мемлекеттерде, оның ішінде Германия, Австралия, Швейцария елдерінде кең таралған. Немістерде жұмыс күшінің нарығы дуальды оқыту түлектері арқылы қалыптасады екен. Шетелде бәсекеге қабілетті осылай қалыптастырады. Мәселен, Германияда колледждерде екі күн оқыса, қалған уақытын кәсіпорында өткізеді. Яғни, оқушының жұмыс істеуіне де, кәсібі бойынша білім алуына да тиімді. Әрі бұл мемлекетте дуальды оқыту бағдарламалары 340 кәсіп бойынша оқытылады. Ол үшін оқушы кәсіпорынға барып, келісімшартқа отырады. Жұмыс беруші тарап оның колледжде оқитын оқу ақысын төлеп береді. Демек, колледж бен кәсіпорын арасында ортақ байланыс бар деген сөз. Бұдан оқу орны да, жұмыс беруші де ұтылмайды. Әрі студенттің жалақысынан бөлек медициналық сақтандыруы мен көлікте жүруге жеңілдігі тағы бар.
Кез келген компания үшін дуальды оқытудың тиімді тұсы көп. Әуелі мықты кадрларды дайындауға қол жеткізе алады. Сөйтіп, өз фирмасына талантты кадрларды жинақтай алады. Бұл – бір жағы. Екіншіден, түлектер де оқу бітірген соң кәсіпорында жұмысқа тұруға мүмкіндік алады. АҚШ, Германия, Швейцария, Ұлыбритания дуальды оқыту жүйесінен ұтпаса, ұтылған жоқ. Табыс екі тарапқа да ортақ. Бір жағынан кәсіпорын қаржысы үнемделеді, екінші жағынан қажетті маманды өзі тәрбиелеп алады. АҚШ-та 16 жасқа толған жастарды техникалық мамандықтарға оқытатын арнайы бағдарлама бар. Ол арқылы оқушы Солтүстік Каролинада жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Тегін білім алумен қатар оның қосымша табыс табуына да болады.
Қатырма қағаз қиындықтан құтқармайды
Біздің елімізде де дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Бұл бағдарлама 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша дуальды оқыту еліміздің 400-ге жуық колледжінде оқытылып жатыр. Негізгі тәжірибе неміс жүйесіне негізделген. ШҚО, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қауымдастығы 2014 жылдан бастап пилоттық жобаны енгізген. Яғни, бұл жобаның мақсаты – кәсіпорынға қажетті мамандарды қалыптастыру. Сұранысқа ие болу әрі жұмыссыздардың санын азайту болғаны рас. Солай бола тұра вице-премьер Бердібек Сапарбаев «ешкім қажет етпейтін мамандар» дайындап жатқаны туралы сөз қозғайды? Неге?
Сенатор Нұртөре Жүсіп «мамандық таңдау – маңызды» деген пікірді алға тартады. Сенатордың айтуынша, «Біздің қоғамда түсініксіз бір үрдіс бар. Бұл «елден қалмау», «ел қатарлы болу», «елдің баласы сөйтіп жатыр» деген жалпақ ұғымдармен қабыса кірген нәрсе. Мұның салдарын өмірдің қай қырынан да анық байқауға болады. Соның ішінде мамандық таңдау мәселесінде тіпті ерекше көзге түседі. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде жұрт баласын жаппай заңгер мамандығын оқытуға берді. Сосын экономист, қаржыгер мамандықтарына басымдық берілді. Келе-келе техник-программист мамандығына оқыту белең алды. Жақында «электронды еңбек биржасындағы резюмелер мен бос жұмыс орындары санының арақатынасы бойынша елде заңгер мамандары тым артық болып отыр» деген ақпаратты кезіктірдім. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының мәліметінше, биылғы жылдың үшінші тоқсанында 2,4 мыңнан астам адвокаттың түйіндемесі еңбек нарығында сұраныссыз қалған. Электронды еңбек биржасында заңгер мамандығы бойынша тек 644 бос жұмыс орнына хабарландыру орналастырылыпты. Ал бұл салада 3 077 адам жұмыс іздеген көрінеді» дейді.
Еліміздегі тым артық мамандардың ТОП-5 тізіміне сонымен қатар техник-программистер (мыңнан астам түйіндеме), техник-технологтар (843), экономистер (837) және қаржыгерлер (736) кіріп отыр.
Сондай-ақ ең сұранысы төмен мамандықтар тізімінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері (707), фельдшер (687), дене шынықтыру және спорт мұғалімдері (582), аспаз (474) және шаштараз (413) да бар.
«Тігінші және шаштараз мамандықтарына қайта даярлаудан өткен азаматтардың көбі жұмыссыз. Мұны мына мәліметтен-ақ көруге болады: 2019 жылдың үшінші тоқсанында мынадай мамандықтар төмен сұранысқа ие болды: эколог, биология мұғалімі, тігінші, психолог, бастауыш сынып мұғалімі, заңгер-кеңесші, мектепке дейінгі мұғалім, есепші, инженер-механик, фермер-техник, есепші, биолог. Демек, нарық заманында «жұрттың бәрі сөйтіп жатыр» деген ұғым жүрмейді. Баласын «ел қатарлы» оқытуды ойлаған ата-аналар түбінде опық жеп қалады. Сондықтан заманның ыңғайын, еңбек нарығындағы ахуалды жіті бақылауға алу керек. «Әйтеуір диплом алса болды» деген көзқараспен ұлт ұзаққа бармайды. Құр қатырма қағаз қиындықтан құтқармайды. Оның орнына белгілі бір кәсіп иесі болуды ойластырған абзал» деген пікірді алға тартты сенатор.
Білімді маман жерде қалмайды. Университет бітіргендердің де барлығы бірдей білікті емес. Арасында өз ісін жақсы білмейтін жауапсыз мамандар да кездесіп қалады. Сол себепті оған колледж не университет бітірген деп біржақты қарауға болмас. Белгілі меценат, ұстаз Бекзат Алтынбеков осылай дейді: «Басты мәселе – мемлекеттік білім стандартында. Білім және ғылым министрлігі қалай бекітеді, колледждер соны оқытады. Стандартты өзгерту – министрліктің қолында».
P.S.