Дипломы – қолында, кедергі көп жолында
Дипломы – қолында,  кедергі көп жолында
401
оқылды

«Ешкімге керек емес ма­ман­дарды дайындаймыз. Қан­дай мамандар дайындау кере­гін білмейміз. Дуальды білім туралы айтып келе жатқаны­мыз­ға – 10 жыл» дейді вице-пре­мьер Бердібек Сапарбаев. Отандық білім жүйесінің қазіргі халі осы ма?

Колледждердің жұмысы сын кө­тер­мейтіні рас. Вице-премьер айт­қандай, дуальды білім беру жүйе­сін жаңғырту үшін Білім және ғылым министрлігі алдымен өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқытуды және емтихан тапсыруды көздемейтін техникалық және кәсіптік білімнің мемлекеттік стандарттарын өзгертуі қажет секілді. Сапарбаев кәсіптік-техникалық оқу орнын бітіргендер­дің біліктілігін растау қажеттігі ту­ра­­лы мәселені шешуді тапсырды. Сұра­нысқа сай маман жоқ. Вице-премьерді алаңдатып отырған да осы жайт.

Колледж студенті мамандығына сай пәндерді оқып жүр ме? «Мәсе­лен, дәнекерлеуші немесе құрылыс­шы мамандығы бойынша оқитын болса, онда неге мектепте 11 жыл оқы­ған математика, тарих, әдебиетті оқып үйренуі керек? Бұл пәннің орнына жұмысына, кәсібіне қажетті дүниелерді оқып өскені дұрыс емес пе? Сондықтан келесі оқу жылы басталмай тұрып, өз мамандығына сай емес пәндерді төмендетіп, оқу жоспарын қайта құру қажет» дейді Бердібек Сапарбаев.

 

Диплом бар, жұмыс жоқ

Соңғы жылдары «ешкімге қажет емес мамандықтар» туралы жиі айты­лып та, жазылып та жүр. Дип­лом бар, жұмыс жоқ. Себебі неде? Өйт­кені о баста түлек мамандық таң­­даудан қателеседі. Біріншіден, ма­мандықты таңдау мүмкіндігі бе­рілмеген. Көбіне ата-анасы ше­шім шығарады. Олардың ойы – бала­сы­ның заңгер не экономист бол­ғаны. Бала ол мамандықты мықты игеріп шыға ала ма, жоқ па, оған бас ауырт­п­айды. Жаны қаламаған дүниені бала да алып кете алмайды. Екінші­ден, түлектер ұнайтын маманды­ғына түсе алмаған. Сол себепті өзіне керек емес мамандыққа түсуге мәж­бүр болады. Статистика жоғары білімді мамандардың алпыс пайыз­дан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Демек, «ешкімге керек емес маман­дар» осы жерден шығады.

Тағы бір себеп: оқуға ықыласы жоқ болса да, баласының жоғары дип­лом алғанын қалайтын ата-ана көп. Олар үшін «жоғары білім алу – жарқын болашаққа жеткізудің кепілі». Бұл түсінік кеңестік кезең­нен қалып қойған. «Аштан өлмеудің» қа­мын ойлаудың дипломнан өзге жолы жоқ. Оқу ақысы арзан, ор­таң­қол оқу орнын әупірімдеп бітіреді де, дипломды сандыққа салып қоя­ды. Сөйтіп, мамандығынан мақұрым тағы бір маман диплом алып шы­ға­ды. Оның одан кейінгі шаруасы – жұмыссыздық. Осылай­ша, өзіміз жұмыссыз жастардың легін молай­тып жатырмыз.

Деректерге сүйенсек, елімізде жарты миллионға жуық колледж сту­денттері бар екен. Жыл сайын оның 200 мыңы диплом алып шыға­ды. Диплом алған түлектің бәрі жұмысқа орналаса ала ма? Ары кетсе елу мыңы жұмыс табар, өзгесі не істейді? Яғни, жұмыссыздық санын арттырады. Басқа амал жоқ.

Дуальды оқыту – шет мемле­кет­тер­де, оның ішінде Германия, Авс­тра­лия, Швейцария елдерінде кең таралған. Немістерде жұмыс күшінің нарығы дуальды оқыту түлектері арқылы қалыптасады екен. Шетелде бәсекеге қабілетті осылай қалып­тас­ты­рады. Мәселен, Германияда кол­ледж­дерде екі күн оқыса, қалған уақы­тын кәсіпорында өткізеді. Яғни, оқушының жұмыс істеуіне де, кәсібі бойынша білім алуына да тиімді. Әрі бұл мемлекетте дуальды оқыту бағдарламалары 340 кәсіп бойынша оқытылады. Ол үшін оқу­шы кәсіпорынға барып, келісім­шарт­қа отырады. Жұмыс беруші тарап оның колледжде оқитын оқу ақысын төлеп береді. Демек, кол­ледж бен кәсіпорын арасында ортақ байланыс бар деген сөз. Бұдан оқу орны да, жұмыс беруші де ұтыл­май­ды. Әрі студенттің жалақысы­нан бө­­лек медициналық сақтандыруы мен көлікте жүруге жеңілдігі тағы бар.

Кез келген компания үшін дуаль­ды оқытудың тиімді тұсы көп. Әуелі мықты кадрларды дайындауға қол жеткізе алады. Сөйтіп, өз фир­ма­сы­на талантты кадрларды жинақ­тай алады. Бұл – бір жағы. Екінші­ден, түлектер де оқу бітірген соң к­ә­с­іпорында жұмысқа тұруға мүм­кін­­дік алады. АҚШ, Германия, Швейцария, Ұлыбритания дуальды оқыту жүйесінен ұтпаса, ұтылған жоқ. Табыс екі тарапқа да ортақ. Бір жағынан кәсіпорын қаржысы үнем­деледі, екінші жағынан қажетті ма­­­манды өзі тәрбиелеп алады. АҚШ-та 16 жасқа толған жастарды те­х­­ни­ка­лық мамандықтарға оқыта­тын ар­найы бағдарлама бар. Ол арқылы оқу­шы Солтүстік Каро­ли­на­да жұ­мыс істеуге мүмкіндік алады. Те­гін білім алумен қатар оның қо­сым­ша табыс табуына да болады.

 

Қатырма қағаз қиындықтан құтқармайды

Біздің елімізде де дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Бұл бағдарлама 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша дуальды оқыту еліміздің 400-ге жуық колледжінде оқытылып жатыр. Негізгі тәжірибе неміс жүйе­сіне негізделген. ШҚО, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыста­рын­да Халықаралық ынтымақтас­тық жөніндегі неміс қауымдастығы 2014 жылдан бастап пилоттық жобаны ен­гізген. Яғни, бұл жобаның мақса­ты – кәсіпорынға қажетті маман­дар­ды қалыптастыру. Сұра­ныс­қа ие болу әрі жұмыссыз­дардың санын азайту болғаны рас. Солай бола тұра вице-премьер Бердібек Сапарбаев «ешкім қажет етпейтін мамандар» дайындап жатқаны туралы сөз қоз­ғай­ды? Неге?

Сенатор Нұртөре Жүсіп «маман­дық таңдау – маңызды» деген пікірді алға тартады. Сенатордың айтуын­ша, «Біздің қоғамда түсініксіз бір үрдіс бар. Бұл «елден қалмау», «ел қатарлы болу», «елдің баласы сөйтіп жатыр» деген жалпақ ұғымдармен қа­быса кірген нәрсе. Мұның сал­да­рын өмірдің қай қырынан да анық байқауға болады. Соның ішінде мамандық таңдау мәселесінде тіпті ерекше көзге түседі. Мәселен, тәуел­сіз­діктің алғашқы кезеңінде жұрт баласын жаппай заңгер мамандығын оқытуға берді. Сосын экономист, қаржыгер мамандық­тары­на басым­дық берілді. Келе-келе техник-про­грам­мист маман­ды­ғына оқыту белең алды. Жақында «элек­трон­­ды еңбек биржасындағы резю­ме­лер мен бос жұмыс орындары санының арақа­ты­насы бойынша елде заңгер ма­ман­дары тым артық болып отыр» деген ақпаратты кезік­тір­дім. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы са­рап­­шыларының мәлі­ме­­тінше, биыл­ғы жылдың үшінші тоқ­са­­нында 2,4 мыңнан астам адво­кат­тың түйін­де­месі еңбек нарығында сұраныссыз қалған. Электронды еңбек биржа­сын­да заңгер маман­ды­ғы бойынша тек 644 бос жұмыс орнына хабар­лан­ды­ру орналастыры­лып­ты. Ал бұл сал­а­да 3 077 адам жұмыс іздеген кө­рі­­неді» дейді.

Еліміздегі тым артық мамандар­дың ТОП-5 тізіміне сонымен қатар тех­ник-программистер (мыңнан ас­там түйіндеме), техник-технолог­тар (843), экономистер (837) және қаржыгерлер (736) кіріп отыр.

Сондай-ақ ең сұранысы төмен ма­мандықтар тізімінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері (707), фельдшер (687), дене шынықтыру және спорт мұғалімдері (582), аспаз (474) және шаштараз (413) да бар.

«Тігінші және шаштараз маман­дық­тарына қайта даярлаудан өткен азаматтардың көбі жұмыссыз. Мұны мына мәліметтен-ақ көруге болады: 2019 жылдың үшінші тоқсанында мына­дай мамандықтар төмен сұра­нысқа ие болды: эколог, биология мұғалімі, тігінші, психолог, бас­та­уыш сынып мұғалімі, заңгер-кеңес­ші, мектепке дейінгі мұғалім, есеп­ші, инженер-механик, фермер-тех­ник, есепші, биолог. Демек, нарық заманында «жұрттың бәрі сөйтіп жатыр» деген ұғым жүрмейді. Бала­сын «ел қатарлы» оқытуды ойлаған ата-аналар түбінде опық жеп қалады. Сондықтан заманның ыңғайын, еңбек нарығындағы ахуалды жіті бақы­лауға алу керек. «Әйтеуір дип­лом алса болды» деген көзқарас­пен ұлт ұзаққа бармайды. Құр қатырма қағаз қиындықтан құтқармайды. Оның орнына белгілі бір кәсіп иесі болуды ойластырған абзал» деген пікірді алға тартты сенатор.

Білімді маман жерде қалмайды. Уни­верситет бітіргендердің де бар­лы­ғы бірдей білікті емес. Ара­сын­­да өз ісін жақсы білмейтін жа­уап­­сыз мамандар да кездесіп қалады. Сол себепті оған колледж не университет бітірген деп біржақты қарауға бол­мас.   Белгілі меценат, ұстаз Бек­зат Алтынбеков осылай дейді: «Басты мәселе – мемлекеттік білім стан­дар­тын­да. Білім және ғылым ми­нис­тр­лігі қалай бекітеді, колледж­дер соны оқытады. Стандартты өзгерту – ми­нистрліктің қолында».

 

P.S.

Қалай десек те, қоғамға керегі – білікті де білімді маман. Әрі қажет мамандықтарды игеру. Сонда ғана «ешкімге керек емес мамандар» деген тұжырым қалыптаспайды. Сұра­ныс­ты арттыру да қажет кадрға бай­л­а­нысты. Ендеше қоғамға керек адам­дар­ды тәрбиелеп шығарайық.