Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуы тиіс» деген тапсырмасы бүгінгі таңда өз нәтижесін бере бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» дей келе, мемлекеттік тіл мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізу керегін атап өткен болатын. Бұл межелі міндет те қазірдің өзінде қазақ тілін жатық білетін, күнделікті тұрмыста қолданып, мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген этнос жастары арасында қызу қолдау тауып, қарқынды жүзеге асуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын тұрақты ұйымдастырып келеді. Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асқан алғашқы форумға барлық облыстан 100-ден астам делегация келді. Соңынан «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» челленджі басталып, Алматы қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды облыстарында жалғасын тапты. Эпидемия жағдайында онлайн форматқа ұласып, көтерілген мәселелер әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Форумда ортаға салынған тіл проблемаларының маңызы мен ауқымын ескере келе, жақында Алматы қаласында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы аясын кеңейтіп, І республикалық тіл конгресі ұйымдастырылды. Бүгін Ассамблея мүшелерінің мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы ой-пікірлері мен ұсыныстарын назарларыңызға ұсынамыз. Жамалаил ЭЛИМХАНОВ, «Емир-Ойл» ЖШС директоры, Ақтау қаласы (шешен):Қазақ тілін үйретудің ақтаулық үлгісін ұсынамын
– Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы республикалық деңгейде үшінші рет өтті. Алдыңғы шараларда қазақ тілін Қазақстандағы ұлтаралық қатынас тілі құралына айналдырудың көптеген қызықты тәсілдері ұсынылған болатын. Өзім Маңғыстау облысының тәжірибесімен бөлістім. Маңғыстауда орыс тілін жетік меңгерген қазақ басқа этнос өкілін көрген бетте әңгімені алдымен қазақ тілінде бастайды. Өзге ұлт өкілі орысша жауап бергеннің өзінде де қазақ тілін түсінеді деген сөз. Сол себепті менің жерлестерім әңгімені әрі қарай қазақша жалғастырады. Осылайша, ол өзге этнос өкіліне қазақ тілін үйренуге түрткі болады. Біз, қазақ халқы және өзге этнос өкілдері, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандарға осылай көмектесуіміз керек. Олармен қазақша сөйлесейік! Бұл олардың тіл үйренуге зор ынтасын тудырады деп сенемін. Егер біз, керісінше толеранттылық деген сылтаумен өзге этнос өкілдерімен орыс тілінде сөйлесетін болсақ, олардың кейбіреуі қазақ тілін үйренуге тырыспайды да, өйткені олар үшін бұл өте ыңғайлы. Жалпы, мемлекеттік тіл туралы неғұрлым көп ойланған сайын, қазақ тілін енді ұлтаралық қатынас үшін ғана емес, Отан алдындағы парызыңды ұғыну үшін білу керек деген ойдамын. Бұл – туған жерге деген құрмет! Егер адам Қазақстанда өмір сүргенімен, қазақ тілін үйрене алмаймын десе, онда ол мұны шын ниетімен қаламайды деген сөз! Сол себепті қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ҚазТЕСТ жүйесін қоғамның әртүрлі саласында енгізу қажет. Жұмысқа тұру барысында міндетті түрде мемлекеттік тілді білу деңгейі ескерілуі тиіс. Юлия ЛАГУТКИНА, «Оберег» украин қоғамы жастар қанатының мүшесі:Қазақ тілі – тәуелсіз Қазақстан жастарының тілі
– Қазақ жері – әр этностың алтын бесігі. Қаймағы бұзылмаған табиғатымыз, көркем тіліміз, бай тарихымыз және ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан салт-дәстүріміз, табиғатымыз – осының бәрі қазақ жерін мекендейтін 130-дан астам ұлт өкілдерін біріктіріп, Отанға деген ыстық махаббатымызды тудырады. Қазақ, орыс, украин, әзербайжан, башқұрт, татар бәріміз бірлікте өмір сүріп, этносаралық тұтастықты сақтауға тырысамыз, себебі Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Менің ағам Ресейге көшіп кетті. Мектеп бітіргеннен кейін мені Ресейге оқуға түсуге шақырды. Бірақ мен туған жерімнен кеткім келмеді. Менің Отаным – Қазақстан, сондықтан өз елімде қалып, өз Отаныма пайдамды тигізгім келді. Қазақ тілін үйренуге, оны білуге, қазақша сөйлеуге деген талпыныс әр адамның ішкі сезімімен, сол тілге деген сүйіспеншілігінен басталады. Мемлекетін сүйетін әр қазақстандық айлығына үстеме қосу үшін емес, ұлы елдің азаматы, адал перзенті болу үшін өзінің ана тілін білгені жөн. «Балық басынан шіриді» дегендей, қазіргі жастар шұбарлы, құнарсыз тілге үйреніп бара жатырмыз, қазіргі ұрпағымыз осылай болса келешегіміз не болмақ? Сондай-ақ жастар – мәдениетті сөйлеуі тиіс, өйткені тіліміз аралас сөздермен азап шегуде, сондықтан да таза тілде сөйлегеніміз жөн болар. Қазақ халқының мақтанышы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлының өнегелі сөздері ел ішіне таралған. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту. Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеушілік – шынайы патриоттарды тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян. Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Қолына қалам ұстаған әр азамат ана тілінің бай қорын игерумен бірге басқа, әсіресе көрші ұлт тілінің де асыл қазынасынан сусындауы, оны кәдеге жарата білуі абзал. Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамақ емес» деген еді. Тіл тазалығы үшін бірге күресуге шақырамын. Елизавета СЕДЫШЕВА, «Берегиня» орыс этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:Балалардың тілі қазақша шығуы тиіс!
– Ұлтым қазақ болмаса да, жүрегім – қазақ. Қазақ тілін ана тілімдей құрметтеп, ойымды қазақша жеткізгенде талайы таңғалады. Әрине, мен осындай қасиетті елде дүниеге келдім. Қасиетті елдің қастерлі тілі бойыма дем алған ауамен, ішкен суымен бірге дарыды. Тіпті, осыған дейін қамқор болып, қасымнан табылған ізгі ниетті адамдар да басымнан сипап, жақсы тілектерін осы тілде жеткізген екен. Тағдырдың жазуымен Теміртау қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, қазақтың тілімен қатар, көркем дәстүріне қанып өстім. Әр кез қасымнан табылатын достарымды да қазақ ортасынан таптым. Осы жерде туып, осы елдің азаматы болғандықтан, тілді білмеу – мен үшін ардың ісі. Мен жаспын, алдымда – үлкен даңғыл жол! Елімізде біз үшін барлық мүмкіндік жасалған. «Болашақ – жастардың қолында!» деген сөзді үнемі жадымда ұстап, Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан!» дегендей, еліміздің өркендеуі жолында мен де біліміммен, білігіммен бір кірпіші болуды көксеймін. Ол үшін, әлбетте қазақ тілін білу – міндетті! Замандастарымды қазақ тілін жетік меңгеруге, ойын қазақ тілінде ашық әрі еркін жеткізуге насихаттаймын. Себебі болашақ қазақтың тілінде екенін әлдеқашан сезінгенмін. Қазақстан Президенті қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керегін жиі айтады. Тілді дамыту әрқайсысымыздың тікелей міндетіміз. Тіл – халқымыздың тарихының, мәдениетінің айнасы. Ал мемлекетімізге қызмет ететін азаматтар осы құндылығымызды қастерлесе – еліміз әрі қарай қарыштап дами түсетіні сөзсіз. Күлтегін дәуірінен негіз алатын баба тіліміздің мәртебесі биік, ешқандай дәуір желі түбірін қозғай алмайтындай болсын деген тілегім жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Ол менің шын тілегім! Біздің болашақ балаларымыздың тілі қазақша шығуы тиіс. Сондықтан ең алдымен теледидар тілін мемлекеттік тілге 100 пайыз көшіруіміз керек деп есептеймін.Зульфия ТАИПОВА, Каспий университетінің лекторы, «КУЯБ» этномәдени бірлестігінің мүшесі:
Барлық ақпарат жас ұрпаққа қазақ тілінде жетуі тиіс
– Қазақстанда тұрып жатқан бірде-бір адам тіл мәселесінен тыс қала алмайды. Мемлекеттік тілге байланысты маңызды мәселелерді назардан шығармай оларды ашық айтып, талқылау қажет. Президентіміз Қ.Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуы тиіс, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» деп айтқан еді. Менің ойымша, ақпарат өнімдеріне әлеуметтік желілерді де қосуға болады. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да қоғам әлеуметтік желілерге желімденді. Дүние күйіп бара жатса да желілерге көз қырын салып, виртуалды өмірден алшақтамайтындар саны күн сайын артып келеді. Енді бізге осы құбылысты мәдениетті, сапалы, ұлт пен мемлекетке, мемлекеттік тілге пайдалы жағынан қолдану керек. Әркім өз оқырмандары алдындағы жауапкершілікті барынша сезініп, әлеуметтік желілерді мемлекеттік тілді насихаттайтын ортаға айналдыру орынды болмақ. Руфина УСАНОВА, Алматы облыстық «Туған тіл» татар-мәдени орталығының жетекшісі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аймақтық штабының төрағасы:Тілі мен тыныштығы бұзылған мемлекеттің болашағы жоқ
– 2017 жылдан бері Талдықорған қаласындағы «Туған тіл» татар-мәдени орталығының жетекшісімін. Сонымен қатар «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аймақтық штабының төрағасымын. Екі бірдей жоғары дипломым бар. Алайда маған Ассамблеяда жұмыс істеген ұнайды. Маған жастармен жұмыс істеген, олардың бойында адамгершілік қасиеттерді терең сіңіру үшін қайырымдылық шаралар ұйымдастырған өте ұнайды. Сондай-ақ менің мемлекеттік тілді еркін білуім жұмыс барысында көп көмегін тигізеді. Негізі, екі жоғары білімді де орыс тілінде алғанмын. Бірақ үйде қазақ тілінде сөйлесеміз, дос-құрбыларым да қазақша сөйлейді. Қырғыз халқының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың: «Халықтың мәңгі ғұмыры – тілінде. Әрбір тіл халқы үшін – ұлы» деген ұлағатты сөзі бар. Мен үшін менің Отанымның тілі – ұлы. Ұлы тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтау – біздің азаматтық міндетіміз. Құдайға шүкір, біз бақытты ұрпақпыз. Өйткені соғыс көрген жоқпыз. Бұл біздің басты жетістігіміз деп білемін. Өзара достығы, келісімі жоқ мемлекет – болашағы жоқ мемлекет деп санаймын. Эльнара ТАШТАНОВА, Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет мектебінің бастауыш сынып мұғалмі (әзербайжан):Тіл меңгеруде әдістемелік топтамаларды жинақтау керек
– Қазіргі техника даму заманында әртүрлі тақырып аясында чат-боттар мен марафондар ұйымдастырылуда. Осы жүйеде тіл төңірегінде де онлайн топтар ұйымдастырып, адамдарды қызықтырса, қазақ тілін үйренуге де қызығушылық пен сұраныс өсер еді. Бірақ тілді меңгеру деңгейі әртүрлі болғандықтан, кішкене қиыншылықтар туып жатады. Сондықтан қазақ тілін оқытуда тілді меңгеру деңгейіне көңіл бөлу керек шығар. Сонда әр деңгейдегі адамдарға белгілі бір әдістемелік ұстанымдар дайындауға жеңілірек болар еді. Мәселен, ағылшын тілін меңгергенін А1, А2Б В1, В2,С1, С2 деңгейлері арқылы көрсетеді, осы жүйеде жұмыс істесек қалай болар еді?! Осы орайда, Президент өз сұхбатында бастауыш сынып бағдарламасындағы пәндер қатарына қазақ тіліне де басымдық беруге тоқталған. Бұл дегеніміз – кемел келешекке білімді жастың кірпішін қалау бағытында рөлі зор екенін екшелеп тұр. Эмиль КУРБАНОВ, Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің тілшісі: (әзербайжан)Әзербайжан отбасында дүниеге келген қазақпын
– Менің кіндік кескен жерім – Алматы облысы Талдықорған қаласы. Жасым – 25-те. Анам маған аяғы ауыр кезінде теледидардан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын адамның бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр» деген сөзін естиді. Сол сәтте анам «менің балам осыдан аман-есен дүниеге келсе, тек қазақша сөйлейтін болады» деп серт береді. Анам осы сөзінде тұрды деп айтсам болады. Бірақ бір қызығы, бала кезімнен қазақша сөйлеп, қазақтардың ортасында өскендіктен, өзімді әзербайжан сезінген жоқпын. Сұраған адамға үнемі «қазақпын» деп жауап беретінмін. 3 жасымда қазақ балабақшасына бардым. Анам тәрбиешіге: «Мекенжайын, есімін өзі біледі. Қажет болса телефон нөмірімді де айта алады» деп табыстап кетеді. Топтағы балалардың барлығы жиналып, өздерін таныстыра бастайды: Серік, Берік, Данияр, Сәуле, Меруерт дегенді естіп, «Эмиль деген менің атым қате қойылған ба?» деп жан-жағыма аң-таң болып қарадым. Кезек маған келгенде еш ойланбастан «Жандос» дедім. Түріме қарап сенбеген кейіппен тәрбиешіміз «Ұлтың қандай?» деді. Еш мүдірместен: «Қазақпын. Әзербайжан отбасында дүниеге келген үлкен көзді, аққұба өңді, жирен шашты жалғыз қазақпын» дедім. Содан кешке қайтатын уақыт болды. Барлық балаларды ата-анасы тосып тұр. Сол уақытта тәрбиешінің «Жандос, анаң келді» деген дауысын естіп, жүгіріп бардым. Жанына менің келгенімді көрген анам аң-таң: «Сіз неге баламды Жандос деп шақырдыңыз? Оның есімі – Эмиль», – деді. Ұстазым болса мән-жайды түсіндіріп әлек. Үйге барғаннан кейін анам ұлтымның әзербайжан, есімім Эмиль екенін асықпай түсіндіріп берді. Эмильдің мағынасы «Жандос» есімі сияқты жаныма жылулық ұялатты. Эмиль – еңбекқор, өз ісіне берілген деген ұғымды білдіреді. Соған қарамастан әлі де Жандос деп атайтын адамдар бар. Атамыз жер жәннаты Жетісуға бауыр басып, қайтадан Әзербайжанға оралу туралы ойлаған емес. Өмірден өткенше «Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз!» деп кетті. Сондықтан артында қалған ұрпақтары да осы елге қызмет етіп, еңбек етуді қасиетті борышымыз деп білеміз. Денис ЯКОВЛЕВ, Ұлттық гвардия ән-би ансамблінің концертмейстері (орыс):Қазақтың тілін ғана емес, ұлттық өнерін де дамытқым келеді
– Мен 1991 жылы Қостанай облысы Аманқарағай ауылында туғанмын. Ұлтым – орыс. Н.Островский атындағы орта мектебін бітірдім. Қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай аймақтық университетінде оқимын. Күнделікті өмірде достарыммен және қызметтестеріммен қазақ тілінде сөйлесуге тырысамын. Қазақша сөйлеуді әскерде үйрендім. Әскери орта маған барынша көмектесті. Достарым жақын тартып, менімен қазақ тілінде сөйлесті. Қазақ тілінде қалай сөйлеп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Бірақ үйренетінім әлі де көп. Ең қызығы, әскерден кейін музыкалық колледжге түскім келген кезде, мен таңдаған мамандық бойынша, тек қазақ тобы болды. Тіл үйренгенімнің арқасында өмірімде көптеген өзгеріс орын алды. Тыңдаушыларымның аясы кеңейді, достарым көбейді, кез келген жерде ақпарат пен жаңалықтар қолжетімді болды. Жалпы, кез келген тілді үйрену үшін оның ортасына бейімделуі, адамның жеке ынтасы болуы керек. Қиындық болған кезде кедергіден асып өту – адамның өз қолында. Ынта болғанда еш нәрсе кедергі бола алмайды. Әскери орта – ерекше орта. Қызмет атқару барысында республикалық әскери әндер конкурсына қатысып, 2-орынға ие болдым. Кейін осы жетістіктер Ұлттық ұлан ән-би ансамбліне қызметке тұруға көмектесті. Ендігі мақсатым – осы ұлттық өнерімізді дәріптеп, жастарға насихаттап, дұрыс бағытта көрсетіп, соны жүректеріне жеткізсем деген ниет. Өйткені қазір шыны керек, ұлттық өнерімізді, дәстүрімізді ұмытып бара жатырмыз. Ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді, дәстүрлі әндерімізді жиі насихаттауымыз керек. Өйткені қазақтың сөз құдіреті, сөз маржаны – ұлттық классикалық әндердің мәтінінде жатыр. Қазақтың осы классикалық өнерінен этнос өкілдері бақ сынайтын жоғары деңгейдегі байқау ұйымдастырылуы тиіс. Бұл байқаулардың бас жүлдесі айтысқа тігілетін көлікпен бірдей болмаса, кем болмауы тиіс. Бұл өз кезегінде өзге этнос жастарына қазақтың өнері мен тілін білуге, үйренуге даңғыл жол ашады деп ойлаймын.Дайындаған Аманкелді ҚҰРМЕТ