Бұл дүниеде ең жақын адамың қайтқаннан асқан ауыр қайғы жоқ шығар. Сондай қасіретті күнде демеу болады деп сенген салт-жоралғы қызметі өкілдері қимас адамыңды ақтық сапарға шығарып саларда ақысын алып, орта жолдан «лақтырып» кетсе не болмақ?! Жаз кезіндегі коронавирус індеті асқынып тұрғанда әкесінен айырылған астаналық Татьяна Морозованың оқиғасы осының айғағы. Бұл осы салада тиісті қадағалаудың жоғын көрсетіп кетті.
«Табытыңмен қоса төңкеріп тастаймын...»
Елді шулатқан бұл оқиға маусым айының аяғында Нұр-Сұлтан қаласында болған еді. Қысқаша баяндар болсақ, Татьяна мен әпкесі коронавирустан қайтқан әкесін жерлеу үшін қаладағы салт-жоралғы қызметін көрсететін бюролардың біріне бақандай 378 мың теңге ақша төлейді. Оған құжат бойынша мәйіт таситын катафалк машинасы, ағашпен қапталған мырыш табыт, көр қазушылардың еңбегі, крест, қорғаныш костюмдері және тағы басқалар кірген екен. Ал іс жүзінде мәйітханаға индрайвер қызметінен шақыртылған минивен маркалы такси көлігі келіпті. Жүгізушісінің айтуынша, оны 15 мың теңгеге жалдаған. «Біздің шарасыз күйімізді пайдаланып, қызметтерінің бағасын екі есеге көтеріп жіберді. 25 мың теңгенің катафалк көлігін 45 мың деді, төледік. Ал келіп тұрған машина ешқандай да арнайы жабдықталмаған жолаушылар таситын көлік. Амал жоқ, әкемізді тиеттік, қабір басына барсақ, ақшасы төленген көр дайын емес. Оны тағы 80 мың теңге беріп, қаздырдық. Табытты көліктен шығарса, шегелері шошайып, ағаштары қақырап жатыр. Сонда бұл не болғаны?! Одан өзге де уәде етілген қызметтер көрсетілген жоқ. Бұл біздің әкемізге деген құрметімізді қорлап, қайғымыздың жүгін ауырлата түсті. Қымбат адамымызды дұрыстап соңғы сапарға шығарып сала алмадық», – дейді Татьяна Морозова. Елді шулатқан жазғы оқиғаның ұзын-ырғасы осындай. Осыдан соң тиісті орындарға хабарласқан апалы-сіңлілер қалалық әкімдіктен «жеке бизнестің жұмысына араласа алмаймыз» деген жауап алған. Тіпті, сол күні коронавирустан қайтқан адамды тасыған таксидің жолаушылар тасымалына қайта қосылмасына да кепіл жоқ. Ал одан да сорақысы, бюроның директоры делінетін Арман деген жігіттің кешірім сұраудың орнына, «қазір келіп табыттарыңмен қоса төңкеріп тастаймын» деп қоқан-лоқы көрсеткені. Иә, рас, бұл проблеманы Морозовалардың қалай шешкенін білмедік. Енді біткен жараның аузын тырнамайық дедік. Бір білеріміз, коронавирус індеті біраз проблемаларды жалаңаштап, көп салада қадағалаудың жоқ екеніне көзімізді жеткізіп кеткені. Кейіпкеріміздің сөзімен айтқанда, «табытымен қоса төңкеріп тастады» деуге болады.«Бір қарын майды бір құмалақ...»
Нұр-Сұлтан қаласында жерлеу қызметін көрсететін 10 ұйым бар. Соның ішінде интернеттегі пікірлерден қарап отырсаң, ең көп негатив алған осы Желтоқсан көшесінде орналасқан бюро екен. Сұхбатқа тартпаққа хабарласқанымызбен, телефондарын ала алмадық. Қалғандарының ішінен сұхбатқа келіскен атына көп жылы пікір жазылған «Айст» салт-жоралғы қызметтер орталығының директоры Мәди Жуанханов болды. Ол да жазда елді шулатқан оқиғадан хабардар екен. «Бұл жай бәрімізге топырақ шашқандай болып отыр. Одан біздің зардап шегіп жатқанымыз өкінішті, әрине! Жұрттың бәрі салт-жоралғы мекемелері түгел сондай деп ойлауы мүмкін. Той емес, құдалық емес, адам қазасы болған соң оған мұқият болу керек қой. Хабарласқан адам саған қиналғандықтан келіп тұр. Сондықтан қайғыдағы адамның көңіліне өте ыждаһатпен қарау қажет. Ақша-ақша дей бермей, жұмысты таза істеу керек. «Бір құмалақ бір қарын майды шіртеді» деген осы», – дейді ол. Мәди Шыңғысұлы бұл сегменттің ешқандай заңмен реттелмейтінін айтады. Тек азаматтық-құқықтық қатынастарда ғана қарастырылады екен. Жылына бір рет салық есебі тапсырылады. Қандай да бір лицензия, сертификат қажет етілмейді. Ал қызмет сапасы төмен болса, ешқандай жаза қарастырылмаған. Бұл – заңның кемшіліктері. Коронавирус кезінде олар да қызмет көрсеткен екен. «Індет ушыққанда СЭС адам жерлеуге үлгермей жатқан соң жеке фирмаларға рұқсат берді. Арнайы катафалк болсын, жүргізуші мен жүк бөлек болсын, залалсыздандыру жүргізілсін деген талап қойды. Біз оған қосымша залалсыздандыратын лампа орнатып, желдеткіш қойдық. Жұмысшыларымның бәріне 100% қорғайтын арнайы костюм, респиратор алып бердім. Бөлек жер үй жалдадым. Пайдаланып болған костюмдерді СЭС-ке утилизацияға тапсырып отырдым. Осылайша, бір де бір адамым ауырған жоқ», – дейді салт-жоралғы қызметтер орталығының директоры.«Мүрдені Африкаға да жеткізіп береміз»
Әлі отыз жасқа да толмаған Мәдидің бұл салада жүргеніне 9 жыл болыпты. Өз алдына бизнес ашып шыққанына 4 жыл. «Мәйітханада істеп жүріп астанада салт-жоралғы қызметінің нашар дамығанын байқадым. Содан қабір қазудан бастап адамды мәйітханадан алу, арулап жуу, кілемге орау немесе мырыш табытқа салу, арнайы көлікпен тасу, жерлеу, құлпытас қою, мазарын салу, тіпті ұшақпен басқа қалаға тасымалдау қызметтеріне дейін көрсететін орталық ашсам деп бел байладым. Ол мақсатыма жеттім де. Бүгінде мұсылманша, христианша салт-жоралғы қызметінің 95% көрсетеміз. Ақыреттік ақ мата, кілем, құман, самар, қолғап жиынтығымен қосып әкеп береміз. Тек қана жаназа шығарып, құран оқымаймыз. Есесіне, еліміздің кез келген өңіріне, тіпті алыс-жақын шетелге, керек десеңіз, Африкаға да қайтқан адамыңыздың мәйітін жеткізіп береміз», – дейді ол. Қайғы жүгін жеңілдетуде қара жұмыстың барлығын атқаратын бұл қызметтің құны комплектімен алған адамға 200 мың теңге шамасында тұрады. Бірақ ондайлар сирек кездеседі. Көбіне адамдар көр қазуға, арнайы көлікке, құлпытасқа, мазар салуға тапсырыс береді екен. Ал мәйітті ұшақпен жеткізу құны – ең қымбаты Ақтау қаласына 180 мың теңге. Шетелге жіберу құны одан бес есеге дейін қымбат.Өлексе аңдыған құзғындай
Халық арасында жерлеу қызметін «өлексе аңдыған құзғындар» деп атайтындар бар. Тіпті, «жол-көлік апаты болған жерге полициядан бұрын солар жетеді» деп те зіл тастап әзілдейді. Бұл сөздің шығуы тегін емес. Өйткені былтыр осындай бюроларға қайтқан адамдар туралы мәліметтерді сатып отырған 9 полиция қызметкері сотталған болатын. Сұхбаттасымыз бұл саланы да жемқорлық жайлап кеткенін айтады. «Сол оқиғадан кейін мұнда жағдай сәл тынышталғандай болып еді. Бірақ қазір қайта басталған сияқты. Бұрын адам қайтқан үйге жарты сағат өтпей баса-көктеп жетіп баратын ритуалды қызмет өкілдері енді айлаға көшкен. Олар қазір «собезденбіз», «моргтенбіз» деп қоңырау шалатын болыпты. Болмаса «мемлекеттен қандай көмек барын түсіндірейік деп едік» деп үйлеріне баратын болған. Ал олардың теріс әсері бізге тиеді. Бәсекелестікті мұншама қаралауға болмайды ғой», – дейді әріптестері туралы шындықты айтқан Мәди Шындықұлы. Өмір бар жерде өлімнің де болатыны анық. Ал уақытпен жарысқан қазіргі заманда бақилық болған жақынын ақтық сапарға шығарып салу ісін кәсіби мамандарға тапсыру да қалыпты құбылысқа айналған. Біреудің ет жақыны елден жырақта жүріп көз жұмуы мүмкін, тағы бірінің өлімге қатысты рәсімдерді білмеуі де ғажап емес. Осындайда жерлеу қызметін көрсететін мекемелерге жүгінгеннен басқа амал да қалмайтын кездер болады. Сондықтан ел ішінде осынау кәсіппен айналысып жүргендерді құзғынға теңеу қаншалықты қисынды?! Бәлкім сала мамандары мен кәсіпкерлерге ат қойып, айдар таққаннан көрі осынау қызмет түрінің құқықтық нормалармен реттелгенін қалағанымыз жөн шығар.Нұрлан ҚОСАЙ