Кітап – асыл қазынаң
Кітап – асыл қазынаң
408
оқылды

Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы  – аймақтағы мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосып келе жатқан ақпараттық мәдени, білім орталықтарының бірі.

Іргетасы  ХІХ ғасырда қаланған орталық 1867 жылы Перовск қаласында Ақмешіт уезі әскери бекінісінің халқына арналған кітапхана болған. 1938 жылы облыстың құрылуына байланысты Максим Горький атындағы Қызылорда облыстық кітапханасы деп аталды. 1999 жылғы 21 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының білім және мәдениет мекемелеріне есімдер беру және оларды қайта атау туралы» қаулысына сәйкес облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына халық жа­зушысы, көрнекті ақын Әбділдә Тәжібаев есімі берілді. 2009 жылы кітапхана жаңа типтік ғимаратқа көшірілді. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әм­бе­бап ғылыми кітапханасы – аймақ кітап­ханаларының әдістемелік, үйлестіру орта­лығы. Кітапхана пайдаланушылардың жас ерек­шеліктеріне қарамастан барлық санатына қызмет көрсететін өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орынға айналып отыр. Кітапхана қызметінің негізгі бағыттары заман талабына сай ұйым-дастырылып, оқырмандардың ақпараттық сұраныстарына сәйкес қорды қалыптастыру, сұраныстарын жылдам әрі сапалы қанағаттандыру  мақсатында жұмыс жүргізіліп келеді.  Сондай-ақ оқуға және білімге қызығушылықтарды қолдау, қоғам дамуы әдістерінің бірі ретінде тұлғаның үздіксіз білім алуына көмектесу жолында еңбек етіп жатыр. Қазіргі таңда кітапханада 7 бөлім, 8 сектор жұмыс істейді. Кітап қоры 411 791 дана, соның ішінде 119 876 данасы мемлекеттік тілде. Кітапхананың сирек кітаптар мен қол­жазбалар қорында 606 дана кітап бар. Мұн­да әмбебап сипаттағы әртүрлі сирек кез­десетін құнды басылымдар сақталған. Қор – қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, араб,  парсы, ла­тын, тәжік, түрік, шағатай, татар, корей тілдеріндегі жазба ескерткіштерден құралған. Олардың жазылу әдістері де әр алуан: қисса, дастан, естелік және басқа жанрда.  Кітап басылымдарының дені –Қазан төңкерісіне дейін 1961 жылға дейін жарық көрген ба­сылым­дар. Сирек  кітаптардың ішіндегі ең  құндысы – арабша жазылып, 1293 Һижра жылы шыққан «Құ­ран Кәрім» кітабы. Кітаптың сырты тері­мен қапталып, аяттары шөп бояумен бо­ял­ған. Сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар қорында 1892-1909 жылдар ара­лығында шыққан анықтамалықтар жи­нақтары мен орыс классиктерінің алғашқы ба­сылымдары да бар. Кітаптар арасында 4х5см болатын өте кішкентай кітаптар кол­лекциясы сақталған. Олардың арасында А.Құнанбаевтың, Ы.Жахаевтың, А.Пушкин-нің, М.Лермонтовтың, С.Есениннің, А.Ахматованың, Омар Хаямның, Пьер-Жан Беранженің, тағы да басқа әлем классиктерінің кі­тап­тары бар. Кітапхана ғимараты негізгі 3 қабаттан және цокольді қабаттан тұрады. Бірінші қ­а­батта балалар бөлімі: абонемент, оқу залы, «Балдырғандар залы», тіркеу орны, электронды каталогтар залы, кітапханаларды дамыту бөлімі, құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімі, сондай-ақ жастардың жиі бас қосып, бос уақытты тиімді өткізуге, кітап оқуға мүмкіндік беретін арнайы жабдықталған BOOК саfe орналасқан. Сонымен қатар 150 орындық лекция залы, 100 орындық конференц-зал бар. Мұнда түрлі мәдени шаралар, кітап тұсаукесерлері, ақын-жазушылармен кездесу, әдеби кештер, конференциялар, семинарлар  ұйымдастырылады. BOOК кафе – бұл  білім алуға, жұмыс істеуге, демалуға, сонымен қатар көңілді кештерге арналған алаң. Бұл орын белсенді жастардың уақытын тиімді өткізуге, пікір алмасуға, қарым-қатынас орнатуға арнайы жабдықталған. 2-ші қабатта оқырмандарға қызмет көр­­сету бөлімі: оқу залы, абонемент, мер­зімді басылымдар залы, ақпараттық-библи­ографиялық қамтамасыз ету бөлімі бар. Сондай-ақ Ә.Тәжібаев мұражайы, Тәуелсіз Қазақстан залы, белгілі қоғам қайраткері, жазушы, драматург Қ.Мұхамеджанов залы, «Шаңырақ» интеллект-орталығы бар. Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітап­ханасында жазушының жылдар бойы жи­нақтаған 8 000-нан астам кітаптары, тұрымыстық заттары, кәде сыйлар, құт­тықтау хаттар мен фото-материалдар бар. Бұл залда Қ.Мұхамеджановтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында мәдени шаралар ұйымдастырылады. «Шаңырақ» интеллект-орталығында жұ­мыс­сыз жастар, мүмкіндігі шектеулі және әлеу­меттік жағынан аз қамтылған азаматтар компьютерлік сауаттылық курсынан тегін білім ала алады. Қазіргі таңда 300-ден астам жастар оқып, сертификат алды. Оқу залында Сыр өңірінен шыққан талантты жастарды бір әдеби ортаға жинап, шығармашылық деңгейін  көтеруге, руха­ни-әдеби ортаның қалыптасуына, жас да­рындардың жаңа көзқарастарын дамытуға жағдай жасау, жергілікті  шығармашылық иелерін  келер буынға  таныту мақсатында «Жауқазын - ғұмыр» жас ақындар клубы жұмыс істейді. 3-ші қабатта электронды оқу залы, ақ­параттық-сервистік қызмет көрсету секторы, өнер бөлімі, мәжіліс залы, Корей ақпараттық орталығы және коуоркинг орталығы орна­ласқан. Коуоркинг-орталықтың негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, жобаларды және бірлесе жұмыс жүргізу үшін жастардың қолжетімді жұмыс кеңістігін ұйымдастыру.Коуоркинг-орталықта жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған: ыңғайлы креслолар, үстелдер, жұмыс орындарының ауқымды саны, бірлескен және жеке жұмыс­тарға арналған алаңдар, ақысыз Wi-Fi, жедел интернет бар. Заманауи орталық келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуға, жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын  жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өнер бөлімі жанында балалар мен жас­тардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған АРТ-студия жұмыс істейді. Мұнда бейнелеу өнері, графика, мүсіндеу, домбыра, фортепиано және би үйірмелері бар. Сондай-ақ әйнек бетінде құммен анимациялық сурет­тер салуға машықтандыратын үйірме жұмыс істеп жатыр. Кітапханада  электронды каталогты ұйым­дастыру, құжаттарды цифрлық  жүйеге енгізу, ақпараттық-анықтамалық жұмыстарды элек­тронды жүйеге көшіру жұмыстары жақсы жол­ға қойылған. Құжаттық мұраларды сақтау және қайта өңдеу қызметтері кітапхананың бас­ты бағыттарының бірі. Қазіргі таңда «Құ­жаттық  мұраларды  цифрлау» жобасы аясында  өлкетану бағытындағы 4 675 кітап (841 500 бет) цифрлы форматқа  көшірілді. Сондай-ақ қордағы 1941-1970 жылы шыққан «Ленин жолы», «Путь Ленина» газеттері (27 600 бет) цифрлық форматқа  көшірілді. Кітапхананың электронды ресурстары және виртуалды қызметін ғаламтор желісіндегі www.kitaphana.kz сайтынан пайдалануға бо­лады. Толық мәтінді база негізінде құрылған «Сырдария кітапханасы» электронды кітап­ханасының негізі цифрлы ресурстармен оған еркін қолжеткізуге бағытталған.  Элек­тронды кітапханада Қызылорда қаласы және Қарағанды облысының тарихы туралы, ай­мақта әр жылдары болған оқиғалар туралы, қаланың, облыстың дамуына айтулы үлес қосқан адамдар туралы материалдар, ақын-жазушылардың шығармалары жинақталған. Кітапхананың цокольді қабатта негізгі кітап қорын сақтау бөлімі  және кітаптарды қал­пына келтіру секторы, әдебиеттерді са­тып алу және тарату секторы орналасқан. За­қым­далған кітаптарды қалпына келтіру, ұзақ мерзімдік пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында залалсыздандыру және хи­миялық өңдеу, тазалау әдістері қолданылады. Қа­зіргі таңда қордағы барлығы 12 960 кітап және 12 054 газет қалпына келтірілді. Кітапхана заман ағымынан қалыспай жаңа технологияны меңгеру, халыққа жаңа ақ­параттарды жылдам жеткізу, оқырмандар сұ­ранысын қанағаттандыру мақсатында жаңа ин­новациялық тәсілдерді қолдана отырып, жаңа бағытта қызмет түрлерін кеңейтіп отыр.

Миуа БАЙНАЗАРОВА, Қызылорда облысы