5-9 қараша аралығында асық атудан Қазақстан чемпионаты өтті. Чемпионатқа барлығы 12 команда қатысып, елордалық ерлер құрамасы «Асық атудан» 1-орынға ие болды.
Әдеттегідей онлайн өткен чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналды. Атап айтсақ, БҚО, СҚО, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақмола, Түркістан, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан спортшылар келді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының ерлер құрамасын Әділхан Жұмағұлов, Мырзамұрат Қайыпбеков, Нұрқанат Молжігітов сияқты сайыпқырандар бастап шықты. Жігіттердің көш бастауымен елордалық ерлер құрамасы «Асық атудан» төртінші рет ел чемпионы атанды. Бәсекеге бойы Нұр-Сұлтан қаласы ерлер құрамасына үзеңгілес болған Түркістан облысы 2-орынды иеленсе, Ақмола облысы 3-орынға табан тіреді. Бұған қоса, қыздар құрамасы «Бес асық» бойынша сынға түскені бар. Тартысты жарыста Қостанай қыздарына ешкім дес бере алмады. Анаргүл Ходжаниязова, Айжан Серікова, Ұлжалғас Худайбердиева өнер көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласы қыздар құрамасы 2-орын алды. Ал Солтүстік Қазақстан облысының қыздары үздік үштікті түйіндеді. Жарыс қорытындысына көз салсақ, елордалық құрамалардың жарысқа бар ынтасымен қатысқанын байқаймыз. Оның үстіне, тәжірибе мен дайындық үлкен рөл ойнайды. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласында 300-ге жуық адам асық ату спорт түрімен шұғылданады. Олардың ішінде мектеп оқушыларымен қатар ересектер де бар.Айбике ЖАНАСЫЛ