Жүргізуші куәлігінсіз көлік айдағандарға айыппұл 5 есе өседі
Жүргізуші куәлігінсіз көлік айдағандарға айыппұл 5 есе өседі
5,248
оқылды

Мәжілістің ұсынысымен жол жүру ережесіндегі жекелеген заң бұзушылықтар үшін айыппұл санкциялары ұлғайтылды.

Елімізде жүргізуші куәлігінен айырылғандарға көлік айдағаны үшін салынатын айыппұлды 5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Депутаттар тиісті заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Tengrinews.kz.
Мәжіліс «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады.

«Жүргізуші құқығынан айырылған адамға көлік жүргізгені үшін 50 АЕК (126 250 теңге) айыппұл салынады. Қазір мұндай айыппұл 10 АЕК-ті (25 250 теңге) құрап отыр», – деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусин.

Енді дәл осы тәртіп бұзушылықты қайталап жасағаны үшін айыппұл мөлшері 20-дан 70 АЕК-ке дейін (50 500 теңгеден 176 750 теңгеге дейін) ұлғайтылмақ.

«Бұл түзету қазақстандықтардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған», – деп түсіндірді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлікті ішімдік ішіп алып жүргізетіндерге қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырған.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев жазаны қатаңдату мәселесінде Қазақстан Ресей мен Беларусьтің тәжірибесіне арқа сүйейтінін айтқан еді. Оған сәйкес, бірнеше заң бұзушылық жасаған жүргізуші көлігінен айырылуы мүмкін.