Мектепте қит етсе мұғалімдерден ақша жиналатын «үрдіс» бар. Мәртебесін көтеру үшін айлығы әзер көтерілген қауым заңсыз ақшалай алым-салымға қарсы тұруға әзірге дайын емес. Сондықтан бұға берген сайын сұға беріп, жалақысы ырың-жырыңға айналып отыр. Мәселен, мектептерде санитарлық-эпидемиялық талаптар сақталмағаны үшін СЭС тарапынан салынған айыппұлды ұжым болып төлейтіндер бар. Болмаса, күні кеше Шымкентте бірнеше мұғалім директордың ақша жинайтынын айтып шағымданғаны туралы ақпарат шықты. Заңсыз жиналатын қаражатқа қашан тоқтау қойылады?
1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында кезекші сыныптар мен топтарда санитарлық-эпидемиялық талаптарды бұзған мектептер мен балабақшалар қомақты сомада айыппұлға іліккен. Нақтырақ айтсақ, мектептер – 37 млн теңгеге, балабақшалар 2,3 млн теңге төлеуге міндеттеліпті. Бір айта кетерлігі, бұл айыппұл әдеттегі жоспарлы тексеріс кезінде ғана емес, елдегі ахуалға байланысты санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында жасалған бақылау нәтижесінде де тіркелген. Яғни, мұғалімдер мен оқушылардың бетперде тақпағаны, санитайзерлердің болмағаны, тазалық сақталмағаны үшін салынған.
Негізі, мектеп не балабақша ұжымы үшін «СЭС келеді» деген сөздің өзі біраз сес көрсететін, қорқынышты түс секілді сезіледі. Өйткені жылына бір жүргізілетін жоспарлы тексеріс кезінде қай жерден ағаттық шығып қалар екен деген уайым басым болады. Ғимараттың материалды-техникалық жабдықталуын, жалпы жағдайды, қызметкерлердің жеке медициналық кітапшаларының бар-жоғын, тазалықты тәптіштеп тексеретін санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандары көп ұжымның төбе шашын тік тұрғызатыны рас. Тіпті, мектепті тексеруге келгенде ауылдық жерлерде дүкендер есігіне қара құлып іліп, тарс жабады. Сондағысы – айыппұл арқалап қалмаудың амалы.
Пандемия кезінде айыппұл салу тіпті көбейді. Тексеріс те аяқасты бола салады. Сыпырылмаған үйде отыратын шақырылмаған қонақ секілді СЭС қызметкерлері талап сақталмады деп жеке тұлғаларға – 83 340 теңге, лауазымды тұлғаларға 638 940 теңге жазып береді. Ал айыппұл салынған соң «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп ұжым бірлесіп төлейді. Бұл құдды жазылмаған заңдылыққа айналған сыңайлы.
Әлбетте, коронавирус инфекциясы өршіп тұрған мезетте барлық ұйымның санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Олай болмаған жағдайда қолданылатын жаза бар. Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабымен реттеледі. Соған сәйкес, талаптарды бұзған жеке тұлғаларға – 30 лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Негізі, айыппұл бірден ірі көлемде салынбайды. Алдымен ескерту жасалады. Егер түзетпесе, шара қолданылады. Әрі бүгінде айыппұл салынған соң бір апта ішінде төлесе, жарты сомамен «құтылуға» болады. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметі бойынша, оқу жылы басталған сәттен бастап 2 057 мектепте тексеріс жүргізілген. Соның ішінде 237-сінде карантин талаптары бұзылған. Кей білім ордасына ескерту жасалса, енді біріне айыппұл салынған. Сонымен бізде бар ақпарат бойынша, айыппұлдардың жалпы сомасы 36 млн 961 мың теңгеге жеткен.
Ең көп айыппұл арқалаған аймақ – Түркістан облысы. Мұнда 32 млн теңгеден астам сомаға 66 хаттама толтырылған. Ақмола облысында – 1 млн 527 мың теңге, Қарағанды облысында – 1 млн 375 мың теңге. Бұдан бөлек, жоспарлы тексеріс кезінде Қостанай облысындағы мектептерге жалпы сомасы 2 млн 222 мың теңге айыппұл салынған. Осындай тексеріс барысында карантин талабын бұзған Шығыс Қазақстан облысы мектептері 444 480 теңге айыппұл арқалаған.
Ал балабақшалардағы ахуал бұдан гөрі жақсырақ. Бүкіл Қазақстан бойынша салынған айыппұл көлемі Қостанай мектептерімен шамалас – 2 млн 305 мың теңге. Бас қаланың алты балабақшасына тәртіп бұзғаны үшін – 1 722 360 теңге, Қарағанды облысында – 416 700 теңге, Маңғыстау облысында – 83 340 теңге, Павлодар облысында – 41 670 теңге айыппұл салынған.
Қазір мектептер мен балабақшаларға қойылатын талап бір – барынша карантин тәртібін сақтау. Яғни, вирус жұқтырмаудың амалын жасау қажет. Ол дегеніміз – санитайзерлер орнату, әлеуметтік арақашықтық сақтау, бетперде тағып жүру, сабақ уақытын қысқарту, кабинеттерді жиі-жиі желдетіп тұру, қайта-қайта тазалау, дезинфекциялау. Дегенмен бұл талаптар мектептерде орындала бермейді екен. Бақылаушылардың назарына еріксіз ілінеді деседі. Мысалы, аяқасты барып қалған тексерушілер сабақта бетпердесіз отырған баланы не мұғалімді жиі көріп қалады екен. Мұндайда айыппұлды мұғалімге салады. Ал егер дезинфекция дұрыс жүргізілмесе, директор жауапты дегендей. Яғни, кінә кімнен болса, содан сұралады. Өйткені кей жағдайларда белгілі бір талаптардың сақталуына мектеп әкімшілігі бекіткен адам жауапты болатын кездер болады. Айталық, өздері бір қызметкерді жауапты етіп бекітсе, онда сұрау да содан. Ол дегеніміз – шаруашылық ісімен айналысатын маман не медициналық қызметкер болуы мүмкін. Сол сияқты оқу ісінің меңгерушісінің жауапкершілігіне жүктелсе, демек жауапты да, әкімшілік жазаны тартатын да – сол.
Санитарлық-эпидемиялық қызмет тарапынан салынатын айыппұлдарды ұжым боп төлеуге қатысты сұрау салмақ ниетпен мұғалімдерге сауалнама жүргіздік. Дегенмен аты-жөнін атауға түбегейлі қарсы шықты. Тіпті, газетке пікірін беруге батпайды. Ондағысы – «күні ертең осы үшін жұмыстан шығып қалмайын» деген қорқыныш. Алматыдағы №47 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Сұлтан Сүлеев мектептерде заңсыз ақша жинаудың бірнеше әдісі қалыптасқанын айтып отыр.
«Бірнеше мұғалім мектепте ақша жиналатынын айтып, жекеме шығады. Бірақ тікелей дәләл болмаған соң әрі оның тағдырына алаңдап желіге салмаймын. Ең көп қолданылатын әдіс – СЭС айыппұлы. Әкімшілікке салынған айыппұлды мұғалімдер төлейді. Былай қарасаңыз, әжетхана, асхана тазалығына олардың қатысы қанша? Дегенмен директорлардың мардымсыз жалақысын ескерсек, ұжым боп төлеген де әділетті секілді көрінеді. Бірақ төрт штаттық техқызметкердің екеуіне туысын тіркеп қойып, соның айлығын өзі алып отырғандарға обал жоқ деп ойлаймын. Біздің мектепте жалпы «СЭС келді, кетті» дегенін ғана естиміз. Айыппұл туралы әңгіме естімеппін. Ақша жинаудың тағы бір сылтауы – директордың туған күні. Міндетті түрде бір-екі әйел «күн шығып, кеш батқаны осы кісінің арқасы» деп шығады. Ал құдалық шақыру, баласын үйлендіру, қызын ұзатуға ақша жинау, үй салғанда көмектесу сияқты «экзотикалық» салықтар жиі болмаса да, кездесіп тұрады екен. Бұл енді ештеңеден қорықпайтын басшылардың әрекеті».
Жұмыс орны мен аты-жөнін көрсетуімізді қаламаған мұғалім айыппұлды бөліп төлеу үрдісі бұрыннан бар деген пікірде. «СЭС келеді деп алдын ала жинайтын кездер де, тексеріс келген соң айыппұл салып кететін кездер де болады. Жалпы, бұл саладағы жемқорлықты ешкім тоқтата алмайтын сияқты. Шағымды да тыңдап жатпайды. Коррупциямен ұсталған адам қызметіне оңайлықпен қайта кіріседі. Бәлкім, жүйе басынан өзгеруі қажет шығар. Дүйсенбіден бастап штаттық режимде оқып жатырмыз. Облыстық Білім басқармасынан жақында мониторинг тобы ауданға келетіні жайлы хабарландыру келді. Олар да біраз «тиын» сыпыратыны белгілі», – дейді мектеп мұғалімі.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мектептегі ақша жинау фактілерін азайтуға кіріскендерін хабарлаған болатын. «Шымкент қаласындағы №125 мектептің бірқатар мұғалімі мектеп басшылығының ақша жинайтынына шағымданды. Білім басқармасы шағым бойынша комиссия құрып, қазір тексеріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, осыдан үш жыл бұрын мектеп ашылған кезде мектеп ұжымы ақша жинап, мектепке перде сатып алған екен. Одан басқа да шағымдарын тексертіп жатырмыз. Айыптылар жазаланады. Нәтижесі шыққан соң қосымша хабарлаймын. Мұндай жағдайдың болғаны жақсы емес, әрине. Бірақ бұл жағдайдың іште қалмай, сыртқа шыққаны жақсы болды. Мектеп директорларының шалыс басқан кез келген қадамы жағдайды түзеуге берілген мүмкіндік. Жаман да болса, үйренетін жақсы кейс», – дейді Шыңғыс Мұқан.
Адал еңбекпен тапқан ақшаны әркімге бір бөліп беру кім-кімге де ұнамасы анық. Бірақ біздің мұғалімдер мұндайға көз жұмып қарауға мәжбүр. Себебі бас көтере қалсаң, еңсеңді түсіріп, жаншуға әзір тұрғандар көп. Арызқой атанып, жеккөрінішті болғаннан «көппен көрген – ұлы той тойлатқан» оңай соғып отыр. Әйтсе де, сең қозғалуы үшін айтар ауыз табылуы тиіс. Әйтпесе, бала-шағаның несібесін осылай айыппұл мен әр жерден келген тексерушілерге бөліп беру жалғаса бермек.
Жадыра АҚҚАЙЫР