Көбіне ойын-сауық орталықтары мен жол бойынан жолаушы іздеп сабылған такси жүргізушілерін кездестіріп жатамыз. Бірақ олардың жұмысы заңды екеніне күмән көп. Елімізде автокөлік тізгіндеген адамның көбі қолы қалт етсе, ақысына адам тасымалдап, азғантай табыс тапқанды құп көрері жасырын емес. Бұдан былай заңсыз такси қызметіне түбегейлі тыйым салынбақ. Бұл тыйымға біреу келіссе, енді бірі өкпелі. Дегенмен соңынан шырақ ала жүгірген құзырлы органдар өкілдеріне такси жүргізушілерінің де айтар базынасы көп секілді.
Айыппұлмен айыбын жуған көп
Осы мәселе бірнеше жылдан бері айтылып келеді. 2013 жылдан бері такси қызметімен заңсыз айналысқандарды Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алған болатын. Алайда нәтиже болмады ма, әйтеуір былтырдан бастап бұл міндет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Көлік комитетінің құзыретіне ауысып, биыл заңсыз адам тасу фактісін анықтау жұмысы қарқын алды. Комитет бір жыл ішінде қарап жатпай заңсыз жүргізушілерді анықтауға бағытталған арнайы жол картасын қабылдап үлгеріпті. Нәтижесінде, жолаушылар тасымалы ережесін бұзып, еш рұқсатсыз осы кәсіппен айналысқан 40 мыңнан астам адам анықталып, 10 миллион теңгеден көп айыппұл өндірілген. Бір қызығы, Ішкі істер министрлігінен рұқсат алмай-ақ рейдке шыға беретін комитет пандемия уақытында шағын кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторийге де қарамай отыр. Бірақ Көлік комитетінің хабарлауынша, шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған үш жылдық шектеу Көлік комитетінің жұмысына байланысты қарастырылмаған екен. Сол себепті қызметкерлер арнайы бекеттерде, жол бойында жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерді еш қамсыз тексере береді. Тіркеусіз такси жүргізуші атанғандарға салынатын айыппұл мөлшері де аз емес, рұқсатсыз жолаушылар тасымалы үшін 40 мыңнан 500 мың теңгеге дейін қаржысынан қағылады. Ал Үкіметтің дәл биыл бұл жұмысқа белсене кірісуі пандемияның кесірінен толмай қалған бюджет шығындарын қалпына келтірудің амалы іспетті көрінеді. Мәселен, індет кесірінен биыл мемлекет қазынасы 1 трлн теңгеге азайған. Пандемия демекші, оның ауыртпалығы тек Үкіметке ғана емес, заңсыз деп таныған такси жүргізушілеріне де түскені аян. Сондықтан олардың да қарсы пікір айтар жөні бар. Бәрінің сөзі сол бір арнада тоғысады, «айыппұл салып жатқандарымен келіспейміз, онсыз да карантиннің кезінде жұрт нәпақасын әрең тауып жүр», – дейді. Негізі, салық органдарына тіркелу үшін азаматтар жеке куәлігімен ХҚКО-ға барып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Дегенмен такси жүргізушілері тапқан табысынан жырып салық төлейтіні белгілі болғанымен, олардың қанша мөлшерде пайда тауып отырғанын анықтау қиынға соқпақ. Дәл осы тұста Қаржы министрлігі сарсаңға түспек. Сол үшін Кірістер комитеті тұрақты түрде жол-жөнекей адам ала кететіндердің айлық кірісін есептеп тұратын амал табуға тырысып жатыр екен. – Егер де олардың айлық табысы 42 500 теңге, яғни ең төменгі жалақыдан аспайтын болса, бұл сомаға салық салынбайды. Демек, олар жеке тұлға ретінде осы қызметті әрі қарай атқара алады. Бірақ табысы 42 500 теңгеден асатын болса, міндетті түрде жеке кәсіпкер, яғни ИП ретінде тіркелу керек. Сонымен қатар патент бойынша немесе басқа да салықтық режимді таңдап, сол бойынша ары қарай өзінің кәсібін жүргізе береді, – дейді Қаржы министрінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов.Салық төлеген бағаны көтермей ме?
Бұдан бөлек, тағы бір проблеманың шет-жағасы аңғарылатындай. Такси жүргізушілері салық төлеп отырған жерде өз қызметінің бағасын көтеріп жіберуі мүмкін. Қазақстан такси қызметі республикалық қауымдастығы жуырда такси құнына қатысты қызықты дерек ұсынған еді. Соңғы 5 жылдың ішінде такси қызметі 5 есеге қымбаттаған екен. Мысалы, 2015 жылы такси бағасы орташа есеппен 200 теңгеден басталса, биыл 1 000 теңгеге тірелген. Алайда қауымдастық алдағы уақытта бағаның тағы көтерілетінін болжап отыр. Демек, айналып келгенде халықтың қалтасы жұқара бермек.Заңдастырудан ұтарымыз бар ма?
Енді такси қызметін заңдастырудың артықшылықтарына тоқталып өтсек. Бұл ең алдымен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал жасамайтын секілді. Қауіпсіздік демекші, АҚШ-та такси қызметін ұсынатын компаниялар көлік жүргізушісі мен жолаушы арасын темірмен оқшаулауды жөн көрген. Бізге алдағы кезеңде қолға алар мәселенің бірі осы болса керек. Себебі жүргізуші мен жолаушы арасында қылмыс болмасына ешкім кепіл бола алмайды. – Кез келген адам қандай да бір кәсіппен айналысқысы келетін болса, заңды түрде айналысуы қажет. Сіз жол бойында такси тоқтатасыз, бәлкім ол такси емес, қылмыскер болып шығуы мүмкін. Сондықтан бұл әрекет бір жағынан қауіпсіздік мәселесін шешуге көмектеспек, – дейді Көлік комитетінің баспасөз хатшысы Дархан Кәрібаев. Елімізде заңсыз такси қызметінің бұрыннан белең алғаны белгілі. Мұны заңдастыру қажет-ақ. Мысалы, Еуропа елдері әуелден такси қызметін біржола заңдастыруға міндеттеп тастаған. Содан болар, такси компанияларының саны көп. Оның үстіне, бұл сала мол қаржы түсірудің жолы ретінде саналады. АҚШ-тағы бір ғана Нью-Йорк қаласының басты көшелерінде бір уақытта 13 мыңға жуық такси көлігі қозғалып жатады екен. Олар күніне 600 мың жолаушы тасымалдайды. Ал мұнда 1907 жылы New York Taxicab Compani компаниясы Франциядан 600 көлік сатып алып, қаладағы алғашқы такси қызметін іске қосқан. Түптеп келгенде, Көлік комитеті адам тасып кәсіп кеткен заңсыз такси жүргізушілерінің соңына түсіп, бұл мәселеге мықтап кіріскендерін аңғартып отыр. Бұған наразылар көп болғанымен, комитет шешімін өзгертпесі анық. Енді такси қызметі жаппай жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге асыға қоя ма, ол жағы алдағы уақыт еншісінде.