Түркістанды танытатын тағы бір туынды
Түркістанды танытатын тағы бір туынды
329
оқылды

Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков «Айқын» газетіндегі «Елбасы және түлеген Түркістан» атты мақаласында тәуелсіздік алған жылдардан кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Түркістанды түлетуге ерекше ден қойғанын айтады.

Соның бір айғағы ретінде – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ашылуын келтіреді. Тұңғыш Президентіміз сол кезде аталмыш оқу орнына «Түркістанды өркениет биігіне көтереді» деп сенім білдірген-ді. Бүгінде оқу орны қалашығы аумағының ұлғая бастағанының өзі бұл ойының айнымастай орындалып келе жатқанын аңғартса керек.

Бүгінгі Түркістан, бұрыңғы Түркістан емес. Жаңарып, жасарған. Тұңғыш Президентіміздің «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады» деп тасқа қашап жаздырған сөзі ақиқатқа айналып келеді. Бүгінде қалаға кіре бергеннен-ақ құрылыстың қарқынын байқау қиын емес. Бұл алдағы үлкен істердің бастауы ғана. Кезегін күткен әлі талай жобалар баршылық. Мұны автор былай келтірген: «Ғұлама ғасырлардың тере­ңінен тамыр тартқан Түркістан әрбір атқан күннен үміт күтіп, әр таңды жаңа жоспарлармен қарсы алады. Оның келешегі кемел, ертеңі еңселі болатыны­на біз кәміл сенеміз, өйткені қас­терлі қаланы жарқын бола­шаққа бастаған бүгінгі ұлан­ғайыр өзгерістердің басында Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың өзі тұр».

Жалпы, Түркістанның өсіп-өркендеуі тек Қазақ­станның беделін биіктетіп,  әлем алдындағы абыройын асқақтатып қана қоймай, күллі түркі дүниесінің мәртебесін көтере түсері сөзсіз.

Ешқашан сөзі мен ісі алшақ болып көрмеген Нұрсұлтан Әбішұлының мұрын­дық болуы­мен әр жылдары Түркіс­тан шаһарына бауырлас Түркия елінің басшылары Тұр­ғыт Өзал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезер, Абдулла Гүл, Режеп Ердоған арнайы келіп, Ясауи мазарының басында дұға оқыды. Бұл – олардың түркінің қарашаңырағын ұстап қалған қазақ топырағына деген риясыз көңілдің, шексіз құрметтің белгісі болса керек.  

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, 

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы