Жедел жәрдем көлігі жетті
Жедел жәрдем көлігі жетті
238
оқылды

Елімізде  денсаулық саласына қатысты мәселе  көп жылдан бері қордаланып келгені ақиқат. Соңғы жылдары барлық өңірде медицина мамандарының, медициналық құрал-жабдықтың,  жедел жәрдем көліктерінің  жетіспеушіліктері халық тарапынан сынға ұшыраған болатын. Мемлекет бас­шысының медицина саласын дамытуға арналған жоба­ларының нәтижесінде өңірлерде дәрігерлерді тұрақтандыру, жедел жәрдем  көліктерімен қамтамасыз ету жұмыстары  оң нәтижесін бере бастады.

Атырауда жедел жәрдем қыз­метін көрсететін  станса арнау­лы автокөлікпен 100  па­йыз қамтылды. Бұл туралы Аты­рау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстық меди­циналық жедел жәрдем стан­сасына жаңадан келген 18 же­дел жәрдем көлігінің кілтін сал­танатты жағдайда табыстаған сәт­те  мәлім болды. «Өңір халқының медициналық шақыртуларын уақытылы жүзеге асыру үшін өңірде барлығы 75 автокөлік қызмет атқарып келеді. Енді олардың қатары 18 жаңа автокөлікпен толығып отыр. Осы арқылы облыстың жедел жәрдем көлікпен қамтылу деңгейі 100 пайызға жетті» деп атап өтті Атырау облысының әкімі Махамбет Дос­мұхамбетов.  Заманауи автокөліктер нау­қасқа алғашқы көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жаб­дық­пен қамтамасыз етілген. Медициналық жедел жәрдем көліктері «ҚДБ-Лизинг» есебінен алынды. Көліктердің 8-і аудандық ем­деу мекемелеріне жіберіледі, қал­ған 10 автокөлік Атырау қа­ласы тұрғындарының жедел жәр­дем шақыртуына бөлінеді деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта облыста бар­лығы 93 жедел жәрдем меди­циналық көлігі бар. Оның 46-сы биылғы жылы әкелініп отыр. Бүгінгі күні Атыраудың же­дел жәрдем стансасы 100 па­йызға автокөліктермен толықты. Ал  стансадағы  жедел жәрдем кө­ліктерінің 70 пайызы жаңарған. Айта кетейік, ескі деген меди­циналық көліктер осыдан 2-3 жыл бұрын келген. Келесі жылы республикалық бюд­жет қаражаты есебінен қо­сымша 60 санитарлық авто­көлікпен жабдықтау жос­пар­лануда.

Кардиоорталық кеңейді

Атырауда кардиоорталық жа­нынан салынған 50 орындық жапсаржай пайдалануға берілді. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен «Норт Каспиан Опе­рейтинг Компани» ком­паниясы демеушілігімен салын­ған  жап­сар­жай үш қабаттан тұра­ды. Онда қабылдау-сұрыптау және диаг­ностикалық  аймақ,  кли­никалық-зертханалық  қызмет және әкімшілік, кардиохирургия және қан тамырлары хирургиясы, реанимациялық-операциялық блок және рентгенхирургиялық қызметі бар интервенциялық кардио­логия бөлімшесі орна­ласқан. Басты атап өтерлігі, ғимаратта  орталықтандырылған оттегі стан­сасы бар. Станса оттегін үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді. – Жапсаржай – облыс тұр­ғындарына заманауи меди­цина­лық  көмекті одан әрі сапалы дең­гейде көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – қан айналымы жүйесінің не­гізгі ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту, – деп атап өтті аймақ басшысы Махамбет Дос­мұхамбетов. Атырау облыстық кар­дио­логиялық орталығы – ай­мақ  тұр­ғындарына және көр­ші об­лыс­тардан келген емделуші­лерге жоғары технологиялық және ма­мандандырылған медициналық көмек көрсететін бірден-бір емдеу сауықтыру мекемесі. Орталықтың негізгі ба­ғыты – кардиология және жүрек-қантамыр хирургия­сы, интервенциялық кардиоангио­логия және арит­мология, соны­мен қатар көп сала­лы хирургия.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы