Футбол агенті: қызметі қымбат, пайдасы аз
Футбол агенті: қызметі қымбат, пайдасы аз
303
оқылды

Футбол агенттері елімізде қалай жұ­мыс істейді деген сұрақ көпшілік үшін қызық. Өйткені Қазақстанда бұл спорт түрі бойынша аталмыш мамандар сау­сақпен санарлық. Сондықтан да шығар, олардың жұмысы біз үшін бей­мәлім еке­нін жоққа шығара алмаймыз. Ал шет ел­дерде бәрі басқаша.

Көршілес Ресейдің өзінде футбол агенттерінің жұмысы жоғары баға­ланады. Футболшылары да әлемнің үз­дік чемпионаттарында доп тебу үшін ішкі біріншіліктерде, еурокубоктық бә­секелерде өздерін жақсы жағынан көр­сетуге тырысады. Соның арқасында бұл елдегі футбол агенттеріне тиімді ұсы­ныс­тар көп келеді.

Ал Испанияда футбол агентін табу – 18 жасқа толған футболшының  басты мәселесі десек, қателеспейміз. Дәл 18 жасынан бастап ойыншылар кәсіби клубтармен келісімшарт жасасу құқығын алады. Жыл сайын футбол маусымы аяқталғаннан кейін мұндағы коман­да басшылары өздерінің жасөспірімдер құра­маларына байқау жариялайды. Төмен­гі дивизиондағы клубтардың немесе дубль­дегі командалардың жас әрі талантты ойыншы­ларын көруге жер-жерден жүздеген скауттар келеді. Осылайша допты жанына серік еткен жеткіншектерге үлкен футболға қадам басуға, танымал футбол агенттерімен жұмыс істеуге жол ашылады. Жалпы, шетелде агентпен жұмыс істеудің өзіндік бағыт-бағдары, дәстүрі қалыптасқан. Мысал ретінде айтар болсақ, футбол агенті ойыншыларға команда таңдауда кеңесін айтып, футболшылардың деңгейіне сүйене оты­рып, бастапқы кезде қай клубтарға ауыс­­­­қан тиімді болатынын түсіндіреді. Соны­­мен қатар шет елдердегі агенттер жас фут­болшыларының мансабын жіті бақы­лайды және ортаңқол, гранд клубтардың өкіл­дерін, скауттарын шақырып, талантты аяқдопшыларының ойынын көруге жағдай жасайды. Клубтың құрамына кіруге, Халық­аралық футбол қауымдастығынан, ФИФА-дан рұқсат алу немесе бір клубтан екіншісіне ауысуға байланысты барлық құжатты рәсім­деуге көмектеседі. Сол үшін өзіне тиісті еңбегін алады. Ал бізде ше? Бізде бәрі басқаша. Толығырақ спорт мамандары айтып берсін. ҚұралбекҚұралбек ОРДАБАЕВ, Қазақстан футболының арда­гері: – Қазақстан чем­пио­натын­дағы отандық футбол агент­терінің шетелдік агент­термен салыстырғанда деңгейі өте төмен. Біздегі мамандар  клуб­тармен келісімшарт жасасқанда тек қана футболшының жағ­дайын ойламайды, бірінші кезекте өзінің бас пайдасын да ойлап тұрады. Клубтың бас­шыларымен келісімшартқа қол қоярда бәрін өз жағына шешкісі келеді. Отандық агенттердің келісімшарттағы үлесі – 15-20 пайыз. Негізінде, УЕФА-ның, ФИФА-ның ережесі бойынша, олардың үлесі 5-10 пайыздан аспауы керек. Осыдан-ақ жағдайды бағамдай берсеңіз болады. Қазіргі таңда біздің біріншілікте жүрген агенттердің басым бөлігі шет елдерден екінші деңгейлі немесе жастары отызға келген, отыздан асқан футболшыларды шақыртып алуға құмар. Олар кейін ішкі біріншілікте де жыл сайын команда ауыстырып жүріп ала­ды. Бұдан кейін қазақ футболы қалай дамиды? Тек қана «Қайрат» футбол клубының скауттары, агенттері клубтың дамуын, клуб­қа пайда келтіру жағын бірінші орынға қоя­­ды. Себебі «Қайрат» – еліміздегі жалғыз же­­кеменшік клуб. Басқалары облыстың, қа­­ланың бюджетін тезірек игеруді ғана ой­лайды. Нәтижеге көңіл бөлмейді. Клубтар же­кешелендірілмей футболымыз дамиды де­генге сену қиын. АйдынАйдын ҚОЖАХМЕТ, спорт журналисі: – Шет елдің чемпио­натына ауысқан алғашқы ойын­шылардың бірі – Әли Әли­ев. Болгариялық агент Владимир Коев футболшыны Түркияның клубтарына ұсынды. Әли 6 жылдың ішінде 5 командада ойнады. Соның бәрін болгариялық агент жүзеге асырды. Біздің елде агенттің екі түрі бар. Соның бірі – уақытша агенттер. Қыс уақытында командалар құрамын өзге ойыншылармен толықтырады. Маусымның басында не ортасында кез келген футболшыға келіп агент ұсыныс тастайды. «Сен менімен келісімшартқа қол қой. Қыстан кейін мен саған жаңа команда тауып беремін» деп уәде береді. Команданы іздеп, ақшасын келістіріп беретін солар. Футболшыны өзге клубқа өткізгеннен кейін гонорарын алып жөніне кетеді. Еуропада ондай агенттер аз. Көбінесе ойыншымен жақын қарым-қатынас орнатады. Олар ойыншыларға тек келісімшарт жасап беруді емес, барлық жағынан көмек­теседі. Жарнама келісімшарттарын, бәрін қадағалап жүреді. Бізде ондай агенттер жоқтың қасы. Қазақстандық агенттер елімізде көп емес. Оннан асып жығылмайды. Отандық клубтарды шет елдік агенттер жаулап алғаны рас. Сарапшылар пікірі осыған саяды. Сербия, Ресей секілді мемлекеттен келген агенттердің табысы негізі келісімшартта 10 пайыз болуы керек. Айына 10 мың доллар алатын жалақы жасап беретін болса, жылына 120 мың доллардың он пайызын ойыншыдан емес, келісімшарт жасасқан клубтың өзінен алуы тиіс. Агенттер ойыншыдан да, клубтан да ақша алуды мақсат тұтады. Ақшаның мөлшерін көбейту үшін менеджерлермен өздерінің жеке келісімшарттары болады. Яғни, қосымша тағы да ақша жасайды. Демек, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан футболына агенттердің пайдасынан зияны көп болып тұр. Мәселен, бір клубты алатын болсақ, бір командада агенттің үш-төрт ойыншысы болады. Бапкермен қарым-қатынасы дұрыс болмаса, сол клубқа өзіне жақсы таныс басқа жаттықтырушы әкелгісі келеді. Ол үшін ойыншыларға «бапкерін кетіруге тыры­сыңдар» деп тапсырма береді. Клуб басшы­лығына шағымдануларын сұрайды. Сөйтіп, команда тізгінін ұстаған бас бапкер аз уақытта қызметінен кетеді. Ал клубқа келетін агентке таныс жаңа жаттықтырушы командаға сол адамның ойыншыларын алдыртады. Мұндай себептер Қазақстан футболының ілге­рілеуіне кесірін тигізіп отыр. Түйін:

Еліміздегі футбол агенттерінің сиқы осындай. Епсіздігіміз бе, ебедейсіздігіміз бе, әйтеуір легионерлер мен жергілікті футболшылардың ауысым мәселесін толықтай сырттан келген агенттерге сеніп тапсырдық. Ал олар ел біріншілігінде сайран кұрып, клуб басшылықтарына өз билігін жүргізуде. Тізе берсең, бұл жайында қаузар күрмеулі мәселе шаш етектен. Қазақ футболына тұсау салған бірқатар кедергі қаншама рет айтылса да, сол күйі шешілмей келеді. Шешілмейтін де шығар. 

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ