Футбол агенттері елімізде қалай жұмыс істейді деген сұрақ көпшілік үшін қызық. Өйткені Қазақстанда бұл спорт түрі бойынша аталмыш мамандар саусақпен санарлық. Сондықтан да шығар, олардың жұмысы біз үшін беймәлім екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал шет елдерде бәрі басқаша.
Көршілес Ресейдің өзінде футбол агенттерінің жұмысы жоғары бағаланады. Футболшылары да әлемнің үздік чемпионаттарында доп тебу үшін ішкі біріншіліктерде, еурокубоктық бәсекелерде өздерін жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Соның арқасында бұл елдегі футбол агенттеріне тиімді ұсыныстар көп келеді.
Ал Испанияда футбол агентін табу – 18 жасқа толған футболшының басты мәселесі десек, қателеспейміз. Дәл 18 жасынан бастап ойыншылар кәсіби клубтармен келісімшарт жасасу құқығын алады. Жыл сайын футбол маусымы аяқталғаннан кейін мұндағы команда басшылары өздерінің жасөспірімдер құрамаларына байқау жариялайды. Төменгі дивизиондағы клубтардың немесе дубльдегі командалардың жас әрі талантты ойыншыларын көруге жер-жерден жүздеген скауттар келеді. Осылайша допты жанына серік еткен жеткіншектерге үлкен футболға қадам басуға, танымал футбол агенттерімен жұмыс істеуге жол ашылады.
Жалпы, шетелде агентпен жұмыс істеудің өзіндік бағыт-бағдары, дәстүрі қалыптасқан. Мысал ретінде айтар болсақ, футбол агенті ойыншыларға команда таңдауда кеңесін айтып, футболшылардың деңгейіне сүйене отырып, бастапқы кезде қай клубтарға ауысқан тиімді болатынын түсіндіреді. Сонымен қатар шет елдердегі агенттер жас футболшыларының мансабын жіті бақылайды және ортаңқол, гранд клубтардың өкілдерін, скауттарын шақырып, талантты аяқдопшыларының ойынын көруге жағдай жасайды. Клубтың құрамына кіруге, Халықаралық футбол қауымдастығынан, ФИФА-дан рұқсат алу немесе бір клубтан екіншісіне ауысуға байланысты барлық құжатты рәсімдеуге көмектеседі. Сол үшін өзіне тиісті еңбегін алады. Ал бізде ше? Бізде бәрі басқаша. Толығырақ спорт мамандары айтып берсін.
Құралбек ОРДАБАЕВ,
Қазақстан футболының ардагері:
– Қазақстан чемпионатындағы отандық футбол агенттерінің шетелдік агенттермен салыстырғанда деңгейі өте төмен. Біздегі мамандар клубтармен келісімшарт жасасқанда тек қана футболшының жағдайын ойламайды, бірінші кезекте өзінің бас пайдасын да ойлап тұрады. Клубтың басшыларымен келісімшартқа қол қоярда бәрін өз жағына шешкісі келеді.
Отандық агенттердің келісімшарттағы үлесі – 15-20 пайыз. Негізінде, УЕФА-ның, ФИФА-ның ережесі бойынша, олардың үлесі 5-10 пайыздан аспауы керек. Осыдан-ақ жағдайды бағамдай берсеңіз болады.
Қазіргі таңда біздің біріншілікте жүрген агенттердің басым бөлігі шет елдерден екінші деңгейлі немесе жастары отызға келген, отыздан асқан футболшыларды шақыртып алуға құмар. Олар кейін ішкі біріншілікте де жыл сайын команда ауыстырып жүріп алады. Бұдан кейін қазақ футболы қалай дамиды? Тек қана «Қайрат» футбол клубының скауттары, агенттері клубтың дамуын, клубқа пайда келтіру жағын бірінші орынға қояды. Себебі «Қайрат» – еліміздегі жалғыз жекеменшік клуб. Басқалары облыстың, қаланың бюджетін тезірек игеруді ғана ойлайды. Нәтижеге көңіл бөлмейді. Клубтар жекешелендірілмей футболымыз дамиды дегенге сену қиын.
Айдын ҚОЖАХМЕТ,
спорт журналисі:
– Шет елдің чемпионатына ауысқан алғашқы ойыншылардың бірі – Әли Әлиев. Болгариялық агент Владимир Коев футболшыны Түркияның клубтарына ұсынды. Әли 6 жылдың ішінде 5 командада ойнады. Соның бәрін болгариялық агент жүзеге асырды. Біздің елде агенттің екі түрі бар. Соның бірі – уақытша агенттер. Қыс уақытында командалар құрамын өзге ойыншылармен толықтырады. Маусымның басында не ортасында кез келген футболшыға келіп агент ұсыныс тастайды. «Сен менімен келісімшартқа қол қой. Қыстан кейін мен саған жаңа команда тауып беремін» деп уәде береді. Команданы іздеп, ақшасын келістіріп беретін солар. Футболшыны өзге клубқа өткізгеннен кейін гонорарын алып жөніне кетеді. Еуропада ондай агенттер аз. Көбінесе ойыншымен жақын қарым-қатынас орнатады. Олар ойыншыларға тек келісімшарт жасап беруді емес, барлық жағынан көмектеседі. Жарнама келісімшарттарын, бәрін қадағалап жүреді. Бізде ондай агенттер жоқтың қасы.
Қазақстандық агенттер елімізде көп емес. Оннан асып жығылмайды. Отандық клубтарды шет елдік агенттер жаулап алғаны рас. Сарапшылар пікірі осыған саяды. Сербия, Ресей секілді мемлекеттен келген агенттердің табысы негізі келісімшартта 10 пайыз болуы керек. Айына 10 мың доллар алатын жалақы жасап беретін болса, жылына 120 мың доллардың он пайызын ойыншыдан емес, келісімшарт жасасқан клубтың өзінен алуы тиіс. Агенттер ойыншыдан да, клубтан да ақша алуды мақсат тұтады. Ақшаның мөлшерін көбейту үшін менеджерлермен өздерінің жеке келісімшарттары болады. Яғни, қосымша тағы да ақша жасайды. Демек, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан футболына агенттердің пайдасынан зияны көп болып тұр.
Мәселен, бір клубты алатын болсақ, бір командада агенттің үш-төрт ойыншысы болады. Бапкермен қарым-қатынасы дұрыс болмаса, сол клубқа өзіне жақсы таныс басқа жаттықтырушы әкелгісі келеді. Ол үшін ойыншыларға «бапкерін кетіруге тырысыңдар» деп тапсырма береді. Клуб басшылығына шағымдануларын сұрайды. Сөйтіп, команда тізгінін ұстаған бас бапкер аз уақытта қызметінен кетеді. Ал клубқа келетін агентке таныс жаңа жаттықтырушы командаға сол адамның ойыншыларын алдыртады. Мұндай себептер Қазақстан футболының ілгерілеуіне кесірін тигізіп отыр.
Түйін:
Еліміздегі футбол агенттерінің сиқы осындай. Епсіздігіміз бе, ебедейсіздігіміз бе, әйтеуір легионерлер мен жергілікті футболшылардың ауысым мәселесін толықтай сырттан келген агенттерге сеніп тапсырдық. Ал олар ел біріншілігінде сайран кұрып, клуб басшылықтарына өз билігін жүргізуде. Тізе берсең, бұл жайында қаузар күрмеулі мәселе шаш етектен. Қазақ футболына тұсау салған бірқатар кедергі қаншама рет айтылса да, сол күйі шешілмей келеді. Шешілмейтін де шығар.
Абылайхан ЖҰМАШ