Бір шаңырақты ойран қылған кім?
Бір шаңырақты ойран қылған кім?
220
оқылды

Павлодар қаласында анасы мен үш баланың өліміне қатысты алғашқы тергеу нәтижесі анықталды. Құқық қорғау органдары пәтерді тонау фактісін бірден жоққа шығарып отыр. Есесіне, қылмыстық оқиғаның бірнеше нұс­қасын қарастыруда. Өкінішке қарай, күдіктілердің қатарында балалардың марқұм анасы да бар.

Жантүршігерлік оқиғаның нақты қалай болғаны әлі де бел­гісіз.  По­лиция органдары тергеудің құ­пиялылығын алға тартып, көп де­ректі ашып айта қоймады. Бел­гілі болғаны – пәтерді тонау мақсатында жа­салған қылмыс емес. Себебі үйдің кіреберіс есі­гі ішінен құлыптаулы болған. Ал пәтерден ешқандай зат жо­ғал­маған. Осыған орай, тер­геушілер басқа бірнеше нұсқаны қарастыруда. Соның ішінде  ба­лалардың өліміне туған ана­сының қатысы болуы мүмкін еке­нін айтуда. Нақтысын тергеу жұ­мыстары аяқталған соң білетін боламыз. Естеріңізге сала кетейік, Пав­лодар қаласында бір күнде бір отбасының шаңырағы ойран бол­ды. Үйіне қайтып келген отағасы пәтердің есігін ешкім ашпаған соң көршілерінен құралдар  алып, тоспаларды кесіп, үйіне әрең кірген. Жатын бөлмеден әйелі мен 2013, 2015 және  2017 жылдары туған үш кішкентай ба­ласының өлі денесін табады.
– Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы жәбірленушілердің адам қолынан қаза тапқанын анықтады. Олардың денесінде пышақ іздері болған. Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Павлодар облыстық Полиция департаменті басшысының орын­басары Елдар Әбдікенов.
Бұл қаралы пәтерге аталмыш отбасы бірнеше ай бұрын ғана қоныс аударған.  Көршілерінің айтуынша, осы уақыт аралығында бұл отбасынан ешқандай оғаш қылық бай­қамаған. Қалыпты өмір сүріп жат­қан көрінеді.

Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар облысы