Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға келген Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшылары екіжақты қатынастарды дамытудың перспективалары мен өңірлік деңгейдегі ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге ризашылық білдіріп, форумның тиімділігі мен табыстылығын атап өтті.
– 2003 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Омбыда өңіраралық деңгейдегі алғашқы кездесу өтті. Бұл механизм толықтай іске қосылып, өңірлер ықпалдастығының тиімді құралы ретінде өзін дәлелдеді. Екі елдің аймақтары арасындағы сауда көлемінің артып келе жатқаны өте маңызды. Біз өнеркәсіп кооперциясында, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықта зор табыстарға қол жеткіздік. Сондықтан ауқымды жұмыс атқарылды деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Владимир Путин Ресей мен Қазақстанның арасын байланыстыратын дәстүрлі форумның маңызды екенін айтты.
– Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастар табысты дамып келеді. Былтыр тауар айналымы 14 пайыздан асты. Инвестиция көлемі ұлғая түсті. Біз тұрақты түрде кездесіп отырамыз. Дегенмен ерекше назар аударатын мәселелер әрқашан табылады, – деді Ресей президенті.
Сондай-ақ шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелеріне арналған форум жұмысына өңірлер мен облыстардың басшылары, салалық мемлекеттік органдар мен екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Президенті форумның мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға бағытталған игі дәстүрге және толыққанды механизмге айналғанын, өткен жылдардағы ынтымақтастықтың нәтижесі осының айқын дәлелі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, мұнай-газ салаларындағы екіжақты іс-қимылдардың өсу қарқынына оң баға берді.
– Каспий құбыр консорциумы құрылған сәттен бастап «Теңіз-Новороссийск» мұнай құбыры арқылы әлемдік нарыққа 500 миллион тоннадан астам мұнай жеткізілді. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Сонымен қатар консорциум елдеріміздің күш-жігерін біріктіру және сенімді шетелдік инвесторларды тарту арқылы алынатын синергия тұрғысынан тиімді. Біздің кәсіпорындарымыз Қазақстанның «Теңіз», «Королевское» және «Қарашығанақ» кен орындарында, сондай-ақ трансшекаралық «Хвалынское», «Центральное» және «Құрманғазы» кен орындарында бірлескен жұмыстар жүргізуде, – деді Президент. Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ аясында жүргізіліп жатқан ықпалдастықтардың нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, өңірлердің Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін белсенді пайдалануы өзара сауда-саттықтың артуына, жеткізілетін тауар номенклатурасының кеңеюіне және инвестицияның ұлғаюына ықпал етті.
Баяндамада екі елдің өндірістік кооперациясы саласындағы Бірлескен іс-қимылдар бағдарламасының маңызды рөл атқаратынына баса мән берілді. Президент салалық министрліктерді, өңірлерді, экспортты дамыту және қолдау институттарын үшінші елдердің нарықтарына бірлесе шығу кезінде өзара белсенді іс-қимыл жасауға шақырды. Сонымен қатар ол екі елдің бақылаушы органдарының арасында тығыз ынтымақтастық орнату пайдалы деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеуді, сондай-ақ Қазақстан астанасында Бауман атындағы университеттің базасында физика-математика мектебін ашу жөніндегі бастаманы қолдады. Сәйкесінше, Ресейдің шекаралас аймақтарының бірінде «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» филиалын ашуға болады деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында экологиялық проблемаларды шешудің маңызын айта келе, келесі өңіраралық форумды 2020 жылы Көкшетау қаласында өткізуді, сондай-ақ оның тақырыбын «Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық» деп атауды ұсынды. Жиын соңында форум қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойды.
Сондай-ақ XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі елдің шекара маңы аумағының инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты. Президенттерге дайын инвестициялық жобалардың пулы ұсынылды.
Сонымен қатар мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінің Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы көрсетілді. Жол картасына сәйкес бес жыл ішінде 40-тан астам автомобиль және теміржолдардағы өткізу бекеттері толықтай жабдықталады.