Қазақстанда кейінгі жылдары автокөліктердің орташа жасы 17-ден 25-ке дейін ұлғайыпты. Тәуелсіз автобизнес одағының дерегі бойынша, ескі автолардың елдегі үлесі биыл 70 пайызға дейін артқан. Оның үстіне, қолданылған көліктер жылдан-жылға қымбаттап барады. Шамасы, тапқан табысы күнделікті ішіп-жемінен артылмайтын қарапайым халық «қанағат қарын тойдырар» деген қағидамен ескі көлікті місе тұтуға көшкен сияқты.
Ұлттық экономика министрлігінің статистикасына сенсек, елімізде 3 884,4 мың жеңіл автомашина тіркелген. Басым көпшілігі 10 жылдан асқан – 65 пайыз (2 537 083 бірлік). Шыққанына 7-10 жыл болған көліктер 6 пайыз (248 696 бірлік). 3 жылдан 7 жылға дейінгілері – 15,2 пайыз (592 249), ал соңғы үш жылда шыққан автокөліктер – 11 пайыз (425 222). Ал Freedom Finance Insurance мамандары ескі автомашиналар көп кездесетін аймақтарды анықтаған. Бұл жағынан бірінші орын Алматы облысына бұйырыпты. Мұнда 392 160 жеңіл көлік бар, оның 15 пайызы – он жылдан асып кеткен техника. Екінші орында Алматы қаласы – 10 пайыз. Үштікті 9 пайыз көрсеткішпен ШҚО түйіндейді. Тіпті, өндірілгеніне 20-30 жылдан асқан көліктер де әлі жүйткіп жүргені рас. Олардың қоршаған ортаға зардабы орасан. Экологтердің мәліметінше, ескі авторлардың кесірінен елімізде жылына шамамен 200 мың тоннадан аса улы газ ауаға тарайды. Дамыған әлем ауа тазалығына көп көңіл бөліп, автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтуға ден қойғалы қашан. Қоршаған ортаға зиянынан бөлек, көне көліктің көптігі тас жолдағы қауіпсіздікке де кесірін тигізеді. Жыл сайын болатын мыңдаған жол-көлік оқиғасының көбі сол тозығы жеткен көліктердің салдарынан болады деседі. Мамандар осы олқылықпен күресетін бірден-бір жол утилизация деп санайды. Елімізде тозығы жеткен көліктерден құтылу Энергетика министрлігінің бастамасымен қолға алынғаны белгілі. Оларды қабылдау шараларын «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» (ӨКМ) қолға алған. Жоба 2016 жылдың 21 қарашасында басталды. ӨКМ операторының ақпаратына сүйенсек, содан бері 157 мыңға жуық көне көлік. Ондай көліктер Қазақстанның 17 өңірінде қабылданады да, Қарағандыда салынған зауытқа жіберіледі. Сонда қайта өңдеуден өтеді, майы, шиналары, металдары бөлшектеледі. Кешенді түрде өңделеді, түсті металдары, пластигі, қозғалтқыштары жеке-жеке алынады. Зауыттың жылына 50 000 автокөлікті залалсыздандыруға мүмкіндігі бар. Өңделген қалдықтар қайтадан шикізат нарығына жөнелтіледі де, Қарағанды мен Теміртаудағы мыс балқыту, металл өндірісімен айналысатын кәсіпорындарда кәдеге жаратылады. Азаматтар утилизацияға апаратын көліктің көбі кеңестік кезеңде жасалыпты. Оның ішінде 20,30,40 жыл жүрген «Жигули», «Москвич», «Волга» сынды машиналар жетіп артылады. Ең ескі автокөлік – 1946 жылғы «Москвич» Семейде өткізіліпті. Ең қызығы, Porsche, Land Cruiser-ін утильдегендер де ара-тұра кездеседі екен. Утильденген көліктердің өтемақысы айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) есептеледі. Мәселен, М2, N1 (салмағы 1,3 тоннадан кем көлік құралын қоспағанда) және N2 санатындағы көлік құралдарына 144 АЕК (400 032 теңге) беріледі. Ал осы санаттағы толық емес жиынтықтағы көліктерге 126 АЕК (350 028 теңге) төленеді. Ауыр салмақтағы жүк көліктерінің (М3, N3 санаты) толық жиынтығы 600 мың теңгеге (216 АЕК) бағаланады. Шетелдерде жаппай утилизация 2009 жылғы әлемдегі экономикалық дағдарыс кезінде басталған. Осылайша, АҚШ, Ұлыбритания, Германия сынды бірқатар өркениетті мемлекеттер ескірген көлікті жаңасына ауыстыруға жеңілдік қарастырып, өтемақы төлеуді ұйғарған. Мәселен, сол уақытта АҚШ-та бір көлікке төленетін өтемақы 4 500 доллар болса, Германияда – 3 500 доллар, Ұлыбританияда 3 100 долларды маңайлаған. Бағдарлама нәтижесінде саудасы бәсеңдеп қалған автоөндірушілердің жұмысы қайтадан жандана бастаған.Айдар ДӘУІТҰЛЫ