Шекараға таяу ауданда жаңа аурухана ашылды
Шекараға таяу ауданда жаңа аурухана ашылды
125
оқылды

Атырау облысының  Ресеймен шекаралас жатқан Құрманғазы ауданында жаңа орталық аурухана пайдалануға берілді. Аудандағы 59 000-ға жуық тұрғын енді аудан орталығында ем алып, облыс орталығына баратын уақыт пен қаржысын үнемдей алатын болды.

Халықтың денсаулығы үшін пайда­лануға берілген 75 орындық жаңа типті ауруханада 5 бөлім жұмыс істейді. Пер­зентхана, хирургия, балалар бөлім­шесі, инфекциялық және жалпы терапия бөлімдері салаға қажетті соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдық­та­л­ған. Ал жұқпалы аурулар бөлімшесі өз алдына жеке ғимаратта. Жедел жәрдем көліктері қойылатын жылы бокстар бар. Ас дайындайтын орын, кір жуу және дезинфекциялау бөлім­шелері бөлек тұрғызылған. Құрманғазы аудандық орталық ауру­ханасының бас дәрігері Гүлсара Нұр­­­мағанбетқызының айтуынша, бұрын ескі ғимаратта реанимациялық көмекті қажет ететін науқастарды мамандар 2-қабатқа қолмен тасымалдап келген. Жаңа ауру­ханада арнайы жүк лифті бар. Осының өзі медициналық қызмет­кер­лердің жұ­мысын жеңілдетеді. Ота жасай­тын бөлме бұрын 1 адамдық болса, жаңа ғимарат күрделі оталарды 2 науқасқа қатарынан жасауға мүмкіндік береді. Ал перзентхана бөлімшесінде қажет жағдай­да анаға реа­нимациялық көмек көрсетуге, нә­рестенің жүрек соғысын бақылауға, шала туған нәрестелерді бақылауға ар­нал­ған кювез­дер бар. Пандемияның екінші толқынына дайындық барысында жаңа аурухананың хирургия бөлімі провизорлық стационар ретінде жасақталуда. Бөлімшелердің барлығында 63 оттегі нүктесі бар. Оттегін беру процесі енді бір орта­лықтан басқарылады. Бұрынғыдай ауыр балондар тасудың қажеті жоқ. Құрманғазы аудандық орталық ауру­ханасының емдеу ісі жөніндегі орынба­сары, хирург Нұрғиса Шолпанов пан­демияның екінші толқыны бола қалған жағдайда провизорлық бөлімшеге же­текшілік етеді. «Әр палатаға кемінде 3 оттегі нүктесі жүргізіліп отыр. Жалпы, аурухана 9 жа­санды тыныс алу аппаратымен қам­та­масыз етілді. Реанимациялық 3 кереует бар. Және екі интенсивті терапия кереуеті жасақталды. Реаниматолог дәрігерлеріміз соңғы емдеу хаттамасы бойынша онлайн оқулардан өтті. Қазіргі уақытта ауруха­наның провизорлық бөлімшесінде 28 кереует дайындалуда. Науқас саны кө­бейетін болса, оны 40 кереуетке дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар», – дейді дәрігер- хирург Нұрғиса Шол­панов. Аурухананың НКОК компаниясының демеушілігімен салынып отырғанын атап өткен Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов «Нысанға су, газ, жарық сынды ең қажетті инже­нерлік коммуникация желісі толықтай тартылды», – дейді. Қазіргі уақытта медициналық мекеме қажетті құралдар­мен жабдықталып жатыр. Қазіргі күні Құрманғазы ауданында орталық аурухана, орталық емхана, 16 ам­булатория, 2 селолық аурухана, 8 ме­дициналық пункт бар. Аталған медициналық мекемелерде барлығы 63 дәрігер, 336 орта медициналық орта буын қызметкері еңбек етуде. Оның ішінде Құрманғазы аудандық орталық ауруханасында 13 жоғарғы буын, 49 ортаңғы, 36 кіші буын медицина қыз­меткерлері бар. Пандемияның ал­ғашқы соққысынан зардап шеккен Аты­рау өңірінің барлық тұрғыны үшін аудан орталығында емдеу орын­дарының жан-жақты дайындығы мен дәрігерлердің жеткілікті болуы маңызды.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы