Ұлттық музейде «Көне түркі өркениеті» залы ашылды. Ашылу салтанатына Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғыз Республикасы елшіліктерінің өкілдері қатысты. Еуразияның далалық аумағында империялық дәрежеге жеткен «Көне түркі өркениетінің» мәдени және рухани мұраларын бүгінгі түркі халықтарының мызғымас мұрасы ретінде насихаттау мен сақтау – көрменің басты мақсаты.
Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ашылу рәсімінде бұл ел үшін елеулі оқиға екенін атап өтті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи еңбегі аясында көне түркі мәдениетін дамытуға көңіл бөлінгенін бәріміз жақсы білеміз. 2-3 жыл ішінде көп жұмыс істелді. Бұл көрме – Ұлттық музейге, Қазақстанға ғана емес, түркі халқына ортақ дүние», – деді ол. «Көне түркі өркениеті» залы ұлы дала төсінде империялық дәрежеге жеткен ортағасырлық түріктердің материалдық, рухани мәдениет құндылықтарына арналған. Бәрімізге белгілі, түріктердің ресми тарихы көп жағдайда б.д. VI ғасырынан, яғни Түрік қағанатының құрылуынан басталады. Түрік өркениетінің алтын бесігі Алтайдан бастау алып, Орталық Азияның далалық аймағына, Еуразияның солтүстігі мен батыс өңіріне қарай кеңейе түскен. Зал экспозициясына келсек, ол үш бөліктен тұрады. Алғашқысы түріктердің жазба мәдениетіне арналады. Ежелгі түрік руникалық жазуларына ерекше мән берілген. Бұл – автохтонды мәдениеттің дәлме-дәл үлгісі. Олар Орталық Азия, Сібір және Моңғолия мен Қазақстан аумақтарында болған тарихи оқиғаларды нақты баяндайтын, тарихи дәлел екені айқын. Келесі экспозиция тас мүсіндерге арналады. Бұл – ежелгі түріктердің мәдени және ғұрыптық кешендерінің негізгі құрамдас бөлігі. Ол Еуразия даласының ұлы белдеуіндегі түрік халықтарының жерлеу мен еске алу және діни-идеологиялық қағидаларымен тығыз байланысты. Зал экспозициясының үшінші бөлігіне келсек, онда ортағасырлық түрік дәуірі ескерткіштерінен анықталған ат-әбзелдері мен қару-жарақтары және материалдық мәдениет көрсеткіштері топтастырылған.Айбике ЖАНАСЫЛ