Тәжікстан жерін Өзбекстанға береді

Тәжікстан жерін Өзбекстанға береді

Тәжікстан мен Өзбекстан мем­лекеттік шекараны ше­­ген­­деу жөнінде ортақ келі­сім жа­самақ. Соған сәй­кес, Тәжікстан Согдия облы­сы Мастчо ау­­да­нындағы 300 гектар жерді Өз­бекстан тарапына береді. Бір­қатар бұқаралық ақпарат құ­ра­лы­ның хабарлауынша, атал­ған аумақта алтын кені бар кө­рінеді.

«Фараж» газетінің дерек­теріне сүйенсек, кеніш Навбахор ауданын­дағы Оби Шифо ауы­лының маңында орналасқан. Мұнда канадалықтармен бір­лесіп ашылған «Апрелевка» кә­сіпорны талай жылдан бері ал­тын өндірумен айналысып келеді.

«Азия-Плюс» агенттігінің мә­лі­метіне сүйенсек, Согдия облы­сы жер комитетінің тө­рағасы Джамшед Умарзода атал­ған мәселенің әлі де қарас­тырылып жатқанын айтқан. Жергілікті билік өкілдері бұған қа­тысты әзірге тіс жарар емес. Бірақ Өзбекстан тарапы шекара маңын­дағы аймақтарға болат қоршау орна­ластыра бастаған.

Алайда кейбір БАҚ-та та­ралған мәліметке қарағанда, Өзбекстан тарапына 300 гек­тар­лық жер емес, су қоймасы берілмек. Оның жалпы аумағы мың гектарды құрайды. Кеңес үкіметі кезінде аталған бө­гет Өзбекстан еншісінде болған. Кейінірек КСРО тараған соң, Тә­жікстан тарапына өтіп кет­кен. Өз кезегінде Өзбекстан 60 мың тұрғыны бар ауылды Тәжікстанға қайтармақ. Кезінде аталған елді мекен Тәжік ССР құрамына енген екен. Яғни, тұр­ғындардың басым бөлігі – тәжіктер.

Аталған мәселеге қатысты «Апрелевка» компаниясы да пікір білдірді. Кәсіпорын ди­ректорының орынбасары Лохутшох Одинаевтың ай­туын­ша, кен орнын Өзбекстанға беруі шындыққа жанаспайды, бұл қадамға баруға еш негіз жоқ.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновтың мұн­дай қадамға ба­руына не се­беп болды? Біріншіден, екі ел ара­сындағы шекара дауы Ке­ңес үкіметі тарағаннан бері ше­шілмей келеді. Әсі­ресе, эксклавтар мәселесі күн тәр­тібінен түспей тұр. Эксклав, яғ­ни бір мемлекеттің ішінде екін­ші мемлекет тер­ри­то­рия­сының болуы Орталық Азияда жиі кез­деседі. Мы­салы, Тәжікстанда – үш, Өзбекстанда төрт эксклав бар. Соның біреуі – тә­жіктерге тиесілі Сарвак аймағы Өз­бекстанның территориясында ор­наласқан. Яғни, шекара маңында ор­на­ласқан халықтың өзара қа­рым-қатынасы қиын жағдайда. Мәселен, кедендік бекетте тексеріс күшейтілгенде, шекара маңында ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі ел тұрғындарының байланысуы оңайға соқпайды.

Осыған байланысты 2018 жылғы наурызда Өзбекстан президенті Шафкат Мирзиеев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов тәжік-өзбек шекарасының кей бөліктеріне қатысты келісімге қол қойған-тұғын. Осы құжаттың арқасында талайдан бері шешілмей келе жатқан шекара мәселесінде оң өзгерістер болды. Биылғы 28 қазанда шекараны де­мар­кациялау туралы келіссөз өтті.

Екіншіден, Өзбекстанмен қа­рым-қатынасты жақсартудың экономикалық әсері де бар. Ала шапанды ағайындар – Орталық Азиядағы халқы ең көп мемлекет. Әрі Қазақстан, Ресей, Түркіменстан нарығына шығу үшін де Өзбекстан аумағынан өтуге тура келеді.

Мұның бәрін Э.Рахмонов жақ­сы түсініп отыр. Сондықтан Өзбек­станмен достық қарым-қатынас ұс­таған тиімді. Бұған Ислам Каримов­тың тұсында мұндай қадамға бару қиын еді. Шафкат Мирзиеев билікке келгелі екі мемлекет арасында қатқан тоң жібіді.

Жалпы, Тәжікстан көр­ші­лермен қарым-қатынасты жақсарту үшін екінші рет мұндай қадамға барып отыр. Бұған дейін 2011 жылы Қытай­мен арадағы шекараны қайта қарап, шығыстағы көршілеріне 1,1 мың шаршы шақырым жерді берген-тұғын. Бұл жалпы ел аумағының 0,77 пайызын құрайды.

Ресми билік өкілдері бұл қадамды Конституцияға сай жүргізілгенін алға тартса да, халық арасында Душанбенің жерді Қытайдан алған қарызын қайтару мақсатында берді де­­генге сенетіндер көп. Бұл алып­қашпа әңгіме болса да, оған негіз бар. Мәселен, екі ел ара­сындағы тауар айналымы – 700 миллион долларға жуық. Оның басым бөлігі, яғни 595 мил­лион доллары – Қытайдан им­портталатын тауарға тиесілі. Қытайға жер бергеннен кейін бір жыл өтпей Тәжікстан шы­ғыстағы көршісінен миллиард доллар несие алған еді. Мұ­ның бәрі халықтың күмәнін туғызды.

Оның үстіне, «жунголар» Тә­­­жік­станның транзиттік әлеу­етін пайдалану үшін жол құ­ры­лысына қаржы құйып келеді. Мұндай қадам Қытайға тауарын басқа елдерге жедел жеткізуге мүмкіндік берсе, Тәжікстан үшін транзиттен пайда түсіріп, инфрақұрылымды жетілдіріп алу үшін таптырмас мүмкіндік. Алайда Қытайдың жол құры­лысына қызығуы қосымша жұмыс орнын ашпайды.

Бұған қоса, елдегі тау-кен сала­сында жұмыс істейтін кә­сіп­­орын­дардың көбі Қытай капиталы ар­қылы ашылған. Тәжікстан үшін «жун­голармен» тату болу маңызды. Ендеше, олардың көршілерге жер бе­руі­нің астарында осындай мәсе­лелер де бар.


Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ