Алматыда қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші ашылды. Ескерткіш Республика сарайының маңындағы саябақта орнатылды.
Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне композитордың жары Жәмила Қалдаяқова, әнші Нұрғали Нүсіпжанов пен Роза Рымбаева, ақын Мұхтар Шаханов қатысты. Замандастары композитор жайлы естеліктер айтты.
Ескерткіштің биіктігі – 1,5 метр, ұзындығы – 2,8 метр. Оны бес мүсінші қоладан жасаған. Мүсіншілердің бірі Қанат Бегулиевтің айтуынша, ескерткішті композитордың жан-жақты қырын ашатындай етіп, жобасын ұзақ ойланған. «Композициясында Қалдаяқовтың орындықта шығармашылық ой үстінде отырған сәтін бейнеледік. Саябақта адамдар көп. Сол себепті ескерткішті төмен тұғырға қойдық. Тұғыры граниттен жасалған. Халықтың суретке түсуіне, жақынырақ көруіне ыңғайлы болсын дедік. Ескерткішті жасау кезінде көзкөргендерден мәлімет жинадық. Ол туралы деректі фильмдерді көрдік. Шәмші Қалдаяқовтың ұлы бізге ақыл-кеңесін айтты», – деді Қанат Бегулиев.
Қазақ вальсінің королі, көрнекті композитор, қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Шәмші әндері елдің, ұлттың жадында мәңгіге сақталып қалды. Деректерге сүйенсек, ол 300-ге жуық ән жазған. 2006 жылы «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының әнұранына айналды. Ерекше талант иесі 1992 жылы 29 ақпанда Алматыда қайтыс болған.
М.БАҚЫТ