Құмаршық дәні
Құмаршық дәні
387
оқылды

Қазыналы Атырауда Нарын құмын жағалай қонған елді аштық зобалаңы­нан аман алып қалған құмаршыққа арналған ескерткіш бой көтерді. «Құмаршық дәні» деп ата­латын ком­по­зицияны ұлт тари­хына қойылған ескерткіш деуге болады, себебі дәл осы өсімдікті талғажау еткен талай шаңырақ ұрпағын бүгінге аман жет­кіз­ді. Сол ұрпақ күні кеше ескерт­кіштің ашылу салта­натына арнайы келді. «Құмар­шық дәні» композиция­сынан өткен күннің бейнесін көріп, еріксіз көзге жас алды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­сын­да орнатылған «Құмаршық дәні» ес­керт­­кішінің ашылуы дүйім ел үшін маңы­зы зор оқиға.

Салтанатты шараға облыс жұртшы­лығы, Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ұлықбек Тнәлиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағы-
ның мүшесі Қоңыр Мұхамедиев қатысты.

– Қазақтың тағдырымен байланысы бар бұл ескерткіштің тарихы тереңде жатыр. Құмаршық – ата-бабаларымызды алапат аштықтан аман сақтаған табиғат ана­ның баға жетпес байлығы. Бұл ескерт­кіш­тің жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы ерекше. Ескерткіштің тұғыры мықты, халыққа берер тағылымы зор болсын, – деген Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ұлықбек Тнәлиев қала халқын облыс орталығының төрінен орын алған сәулет өнерінің жаңа туындысымен құт­тықтады.

Салтанатты шара барысында Ұ.Тнәлиев ескерткіш авторлары – Қазақстан Журна­листер одағының мүшесі, қоғам белсендісі, әріптесіміз Тұрсын Қалимова, мүсінші Ринат Әбенов, қола құюшы Аманжол Мүкенов, сәулетші, Суретшілер одағының мүшесі Асылбек Мұхаметжанов, ескерткіш тұғырын дайындаған тас қашаушы Роман Титушинді Атырау қаласы әкімінің алғыс­хатымен марапаттады.

Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш пен жазушы Мұрат Бектенов Еспе құмды жағалай мекен еткен халықтың аштықтан аман шығуы үшін құмаршықты қалай талғажау еткені, сондай-ақ құмаршықтың тағамдық қасиеті жөнінде кім-кімнің де таным көкжиегін кеңейтер әңгімелер айтты.

«Ескерткіш авторының төрт шумақ өлеңі де ескерткіштің мән-мазмұ­нын аша түсіпті. Бізге – мүсіншілерге ескерткіш идеясының авторы Тұрсын қарындасымыз құмаршық туралы айтып бергенде, бұл өсімдік туралы бұрын білме­генімізге таң-тамаша қалдық. Тікенекті өсімдіктің қазақ ұлтын сақтап қалғаны туралы әңгімесін ынта қойып тыңдап едік. Енді біз қайда барсақ та, құмаршық туралы айта жүретін боламыз. Өзім Атырауға алғаш рет келіп тұрмын. Қаладағы ескерт­кіш­терді көріп, көңілім толды. Біз бірнеше ұлттың өкілі өмір сүретін мемлекетпіз. Сондықтан оларды біздің тарихымызбен етене таныстыратын осындай ескерткіш­тер­дің болғаны дұрыс», – деген суретшілер одағының мүшесі Қоңыр Мұхамедиев ұлт құндылығын насихаттауда тындырымды жұмыс атқарып отырған жергілікті билікке алғыс білдірді.

«Жобаны жергілікті атқарушы билік пен комиссия назарына ұсындық. Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, еліміздің белгілі сәулетшілеріне ұсынып, олардың да пікірін ескеріп, қолдауға ие болдық. Бұл бүгінгі ұрпақтың аға буын алдындағы парызы, жас ұрпаққа аманаты деп қабыл­дарсыздар. Ескерткіш поэзия падишасы Фариза Оңғарсынқызы ескерткішінің маңында тұр. Мұның өзіндік себебі бар. Манашта дүниеге келіп, дүйім алашқа ақындығымен танымал болған Фариза апайдың ата-бабалар арманымен ұласқан тілегін ақынның 80 жылдығы қарсаңында орындап, ақын рухына жасаған құрметіміз. Халықты аштықтан сақтап қалған, дүниеге ұлттың талантты тұлғаларын сыйлаған өсімдікке ескерткіш қою туралы ұсы­нысымызды қолдаған жергілікті билікке алғыс айтқым келеді» – деді Тұрсын Жұма­бек­қызы.

Ескерткіштің биіктігі – 4,20 метр. Құмды жерде дүниеге келген адамдар үшін көзге ыстық көрінетін шағылдың астына 20 см биікке граниттен тұғыр орнатылған. Шағылдың үстіндегі гранит тұғырдың биіктігі – 30 см. Осы тұғырға құмаршық дәні орнатылды. Құмаршық дәнін қолға ұстап көрсеңіз, оның «көзі» барын көресіз. Ескерт­кіште осы жағы ескеріліп, дөңгелен­ген дәннің көзінен құмаршық шөбін 1 метр биікке шығарған. Ескерткіштің алдыңғы бөлігінде құмаршық шөбі, қолындағы тостағанда құмаршық дәні бар қазақ әйелінің құмаршық дәнінен шығып тұрған ұл мен қызына «Құмаршықтың арқасында сендерді аман сақтай алдым» деп тұрғандай бейнесі бар. Дәннің арқасында аман қалғанын білдіретіндей дәннен шыққан ұл мен қыздың мүсіні бейнеленген. Қола рельефте ағаш үй, оның жанында қазан-ошақ басындағы әйелдердің құмаршықтан көже дайындап жатқаны, жанында тамақ сұраған балалардың бейнесі көрініс береді.

Ал ескерткіштің артқы бөлігінде 3 метр қола рельефте елдегі аштыққа себеп болған оқиғалар мен сол кездегі ұлттың тұрмысы бей­неленген және өлеңнің екі шумағы жазылған.

Соңғы жылдары Атырау өңірінде бірнеше ескерткіш бой көтерді. Әрқайсы­сының көтерер жүгі бар, ұрпаққа берер тағылымы мол. Енді солардың қатарын «Құмаршық дәні» композициясы толық­тыр­ды, бұл ескерткіштің де өткен тарих пен келешек ұрпақтың арасындағы алтын көпірге айналары даусыз.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ