Б.Момышұлының бас-аяғы 30-ға жуық шығармасы бар. Балалар әдебиетін жақсы көретіндер батыр еңбегімен жіті таныс. Жазушының аяқталмай қалған «Қара жұлдыз» ертегісі бар екенін жұрт біледі. Ертегіні аудармашы Юрий Серебрянский аяқтап шықты.
«Қара жұлдыз» – айрықша туынды. Б.Момышұлы ертегіні жол ортасына жеткізгенімен, аяқтай алмады. Кейіпкерлері мен сюжеті қанық болса да, шығарманың мән-мағынасы толық ашылмады. Кітапты Ресейдің «Русские Премии» сыйлығының екі рет лауреаты атанған Юрий Серебрянский толықтырды. Қыркүйек айында түрлі иллюстрациялық суреттермен қазақ, орыс тілінде жарық көрді.
Серебрянский шығарманы жалғастырмас бұрын жазушы шығармашылығымен толық танысып шыққан. 1 жыл бойы Баукеңнің 20-ға жуық туындысын оқып, әдеби машығын меңгерген. Бастысы, баяндау стилін сақтауға барын салған. Ақыры өзіне тән заманауи әдеби теңеулерді қосып роман-ертегінің шарықтау шегіне жеткен.
Ертегі қара жұлдызға ұқсайтын меңі бар ханзада жайлы. Ілім мен білім іздеп, ағарту жолын таңдайтын баланың саяхаты суреттеледі. Жанына ең сенімді серіктерін ерткен ханзаданың қилы қызыққа толы сапары баяндалды. Бір әлем мен екінші әлемнің арасын жалғай жүріп, өзіне керегін алады. Үйренеді, тәжірибе жинайды. Түрлі кедергіден өтеді. Әр қиындық кейіпкерді жетілдіре түседі. Осынысымен де роман-ертегі көрерменін баурайды. Бауыржан Момышұлы қолданған кейіптеу мен әсірелеу шығармаға өң беріп, метафора ертегіні айқындай түседі.
Қазақ әдебиетінің негізі балалар әдебиетімен тамырлас. Өйткені ұлттың ертеңі – жасөспірімдер. Олардың қиял қанатына мініп, ойлау қабілетін шыңдағаны ұлтқа пайда. Осындай ертегілер технологияны тізгіндеп, Күн мен Жерді жақындататындарды тәрбиелейді. «Қара жұлдыз» – қазіргі әдебиетке керек ертегі-роман.
Кітаптың тұсаукесері 7 қараша күні Алматы қаласында өтті. Енді кішкентай оқырмандар ханзада «Қара жұлдызбен» танысады. Юрий Серебрянский жазу барысында түрлі түс көріп, ой үстінде жүргенін айтқан. Демек, кітап сюжеті арқылы оқырманын «өз ғаламшарына» апарып қайтады.
Айбике ЖАНАСЫЛ