Субсидия болмаса, нан мен ет және сүт те жоқ!
Субсидия болмаса, нан мен ет және сүт те жоқ!

Дәл осындай ұранмен қарашаның 4-і күні Ақтөбеде фер­мер­лердің заңды митингісі болды. Әдетте митинг деген сөзден шо­шитынымыз рас. Бірақ бұл жолғы шеру-жиынның жөні бөлек. Әлеуметтік желілер мен ақпарат порталдарына жарияланған деректерде рұқсат етілген митингіге Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Жезқазғаннан жүзге жуық адам қатысқаны ай­тылды. Жиналғандар ауыл шаруашылығы саласына мем­лекеттен беріліп келген субсидияның қысқаруына һәм ке­шік­тіріліп жатқанына наразылық танытқан.

Иә, субсидиясыз дәл қазір Қа­зақстанның агроөнеркәсібінің күні жоқ. Өйткені екінші деңгей­лі банктер агроөнеркәсіпті қаржы­лан­дыруды соңғы алты жылда 6 есеге азайтқан. Банктер айтар сыл­­тау – шаруаның кепілге қояр дү­ниесі жоқ. Сондықтан мал шаруа­шылығының жалғыз сүйе­нері мемлекеттік субсидия екені дау­сыз.

Тәуелсіздігімізді жария­ла­ған жылдардан бері Ауыл шаруа­шы­лығы саласының шешілмей келе жатқан өзіндік проблемалары же­тер­лік. Оның барлығы отандық өнім­нің өзіндік құнының қымбат­тауына әкеліп отыр.

Митинг ұйымдастырған фер­мерлер субсидия ақшасының қыс­қарып әрі кешігіп жатқанынан үл­кен шығынға батып отырғанын ай­тады. Шыны керек, соңғы екі-үш жылда ауыл шаруашылығы са­­­­ласына бөлініп келген субси­дия­­ның көлемі азайды. Мәселен, бұ­рын малдың жем-шөбі пен тұ­­қымын асылдандыруға шаруа қожалықтарына 3-4 млн тең­ге кө­лемінде қаржы бері­ліп кел­­се, қа­зір ол сома екі есе­­ге қыс­қар­тыл­ған. Алайда шаруашы­лық ие­­лері бұл қаржының техника жаб­­дықтары мен жанармайға жұм­саған шығыннан аспай қала­ты­нын айтады. Бұдан бөлек, мал­шы­ға және төрт түліктің қысқы азы­ғын жинауға жалдайтын жұ­мыс­шыларға төлейтін жалақы та­ғы бар.  

 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН АҚША БӨЛМЕЙ,
АЯҚҚА ТҰРҒЫЗУ ҚИЫН

Еліміздің мал шаруашылығына қа­ражат жетпей жатқаны туралы Үкімет отырыстарында да бір­не­ше мәрте айтылды. Ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігі мемлекет бюд­жетінен мал шаруашылығын субсидиялауға деп қарастырған 36,5 млрд теңгенің кешігуіне бай­ла­нысты сұрау салған. Бірақ Қар­жы министрі бұл өтінішті қа­на­ғаттандырмады. Таяуда Мә­жі­лісте «2019-2021 жылдарға а­р­нал­ған республикалық бюджет» ту­ралы заңға өзгерістер енгізу ту­ра­лы тал­қы­лауда жоғарыда сұ­рал­ған қар­жының бекітілмегені анық­тал­ды.  

Жалпы, биылғы жылы өңір­лер­­дегі мал шаруашылығын дамы­туға Үкі­мет бюджеттен 77 млрд тең­ге қа­рас­тыратынын айтқан. Жыл ба­­сынан бері бұл қаржының 80%-ы игерілді. Еліміздің жеті об­­­­лысының (ШҚО, Жамбыл, Ақ­тө­бе, Алматы, Ақмола, БҚО, Қара­ғанды) шаруалары бөлінген ақ­шаны толықтай игерген, қалған уәде етілген қаражат – жоғарыда ай­тыл­ған 36 млрд теңге. Бір ғана Ақ­тө­бе облысы биыл Үкіметтен мал шаруашылығына деп 5,9 млрд теңгеге өтінім беріпті, сұралған ақ­шаның 2 млрд 185 млн теңгесі бө­лініп толық игерілген. Қалған қа­жетті сома келесі жылға берілуі мүм­кін.

Осы уақытқа дейін респуб­ли­када мемлекеттен берілетін суб­сидияның 70%-ын орташа жә­не ұсақ шаруа қожалықтары алып келді. Қыстың алдында қажет­ті қаражаттан қағылу аталған шаруа­шылықтарға қиын тиері анық. Әрине, беті аулақ, дегенмен он­сыз да жағдайы қалт-құлт етіп отырған шаруашылықтар банк­рот болса, елдің азық-түлік қауіп­сіздігі саласына қаншалықты нұқ­сан келерін болжау қиын. Сөз жоқ, ауылдағы мал баққан ел төрт түлігінен түсетін табысынан айы­рылса, жұмыс іздеп қалаға ағы­лады. Бұл онсыз да ретсіз ур­банизация кесірінен әлеуметтік тұр­ғыда көптеген мәселеге тап бо­лып отырған мемлекетіміз үшін үл­кен салмақ болмақ. Сол себепті дәл қазіргі жағдайда ауылға ақша бө­лер кезде «ауызды қу шөппен сүр­ту» ақтауға келмейтін әрекет.


ӨЗІНДІК ҚҰНДЫ ТҮСІРМЕЙ, 
БАҒАДА БӘСЕКЕЛЕС БОЛА АЛМАЙМЫЗ

Агроөнеркәсіп – Қазақ­стан­­ның негізгі «көзірі». Ауыл ша­руа­­шылығынан айырылу – бо­ла­шақ нарықты, тіпті тұтас бір эко­номиканы жоғалту. Қаз­ба бай­лық, шикізат түбі бір таусы­лары анық. Ал жер мен төрт тү­лік­тің өнімі – түгесілмейтін ырыс. Қа­зақстан – аграрлық әлеуе­тін толық аша алмай отырған мем­ле­кеттің бірі. Агроөнеркәсіпке қа­жет жер де, мал басы мен егін шаруа­шылығы да, өнімді өткізетін нарық та айналамызда. Мәселен, ір­ге­міздегі үлкен нарық – Қытай мем­лекеті жылына 2 млн тонна сиыр еті мен қой етін сырттан са­тып алып отыр. Бұл көрсеткіш тұтас әлемдік ет нарығының 25%-ына тең. Ет экспорты сауда­сын­­да үле­сі бар мемлекеттер­дің бар­лығы да халық саны көп Қытайға ет өт­кізуден дәмелі. Әйтсе де, ше­­ка­ралас жатқан мемлекетке ет сау­дасын ұлғайта алмай отырған жайымыз бар. Басты себеп – бә­секеге қабілетсіздік. Өнімнің өзін­дік құны өз ішімізде жоғары бол­ғандықтан, Қытайға мұхит асып жеткен Бразилия етіне ба­ға жағынан бәсекелес бола ал­маудамыз. Ішкі нарықта еттің орта­ша бағасы – 1700-1800 теңге, яғ­ни 4-6 доллардың көлемі. Алай­да Қытайдың шекарасына те­міржол арқылы жеткен 20 тон­на­лық контейнердің ішіндегі етке тасымал шығыны келісіне 50 цент болып қосылады екен, ал Бразилия жеткізген еттің жол шы­ғыны келісіне 5 центті құрайды. Осын­дай айырмашылықтан кейін Қы­тайға Қазақстанның жаңа сойыл­ған жас етін сатып алғаннан Бра­зилия мен Австралиядан неше күн мұздатылып жеткен «өлі етін» көптеп алған тиімді.

Бір есептен Қаржы министрі кел­тіріп отырған уәжді де ескермей бол­майды. Аталған ведомство ауыл шаруашылығына бөлінген жеңіл­детілген қаражаттың қай­­­­та­рылымына алаңдайды. Әйт­се де, алға тартар бір дәлел бар. Ста­тистика комитетінің де­ре­­гінше, 2011-2016 жылдар аралығында мем­­лекеттік субсидияның арқа­сын­­да Қазақстандағы ірі қара басы 2-2,5 есе өскен. Бұл – мемлекеттік қолдаудың қажеттілігінің айқын көрінісі.

Сондықтан агроөнеркәсіпке қа­­ра­жат бөлгенде оның тиімді жұм­­салуын әрі саланың қор­да­ла­нып қалған мәселесін жан-жақты ше­шіп беретіндей механизмін қа­рас­тырған жөн. Бірақ бұл екі ми­нистрліктің ғана емес, мем­­­лекеттік сая­саттың негізгі ұстанымы болуы ке­рек.