Қант диабеті қазақстандықтардың құтын қашырып жатыр. Бұлай дейтін себебіміз жыл өткен сайын науқас саны артып келеді. Қарап тұрсақ, жылына ел бюджетінен 1 млрд доллар шамасында қаражат бөлінеді. Ал одан аурудың азайып жатқаны көрінбейді. Мұның себебі неде? Осы мәселені майшаммен тексеріп, зерттеген мамандар не дейді?
Жалпы алғанда, қант диабеті тек Қазақстанның емес, күллі әлемнің бас ауруына айналып отыр. Себебі бүгінде дүниежүзінде осындай диагнозы бар 420 млн науқас бар. Ал біздің республикада – 380 мың. Бұл диспансерлік есепте тұрғандардың саны ғана. Ал шын мәнінде, науқас саны бұдан әлдеқайда көп деседі. Аздаған статистикалық дерек келтіре кетсек, осыдан сегіз жыл бұрын есепте тұрғандар саны 143 266 болса, 2019 жылдың қорытындысында ол сан 373 183-тен бір шыққан. Осы ретте, айта кететін бір жайт, 2013 жылдан бері диспансерлік есепке науқастарды тіркеуде белсенділік төмендеп, 8,9 пайыз шамасында болған. Ал оған дейін, 2009-2014 жылдарда қант диабетімен ауыратындарды тіркеу көрсеткіші 11,3 пайыз болған екен. Айтқандай, шынайы шама мүлдем басқа болуы мүмкін. Мұндай пікірді Қазақстандағы қант диабетін тәптіштеп зерттеген мамандар айтып отыр. Елдегі бұл аурудың таралуы ересектердің 10 пайызындай болады деседі. Яғни, бұл дегеніміз – ресми статистикадан бірнеше есе көп. Диабетпен ауыратындарға жасалатын амбулаторлық дәрілік терапияға 20,5 млрд теңге жұмсалады екен. Оның ішінде бірінші типтегісіне – 12 млрд теңге, екінші типтегісіне 8 млрд теңге кетеді. Енді қант диабетінің екі түріне кішігірім анықтама бере кетсек, бірінші типтегі диабет инсулинге тәуелді болады. Бұл ауру түрі ұйқы безінің дисфункциясына байланысты. Ал екіншісінде, инсулинге тәуелді емес. Мұндай жағдайда инсулинге сезімталдық жойылады. Екінші типті қант диабетінде қандағы глюкоза деңгейі көтеріледі. Қазақстандағы ахуал бойынша, І типтегі қант диабетімен 30 мың науқас ауырса, ІІ типтегісіне 352 мың адам шалдыққан. Жоғарыдағы дерекке көз салсақ, алғашқысымен ауыратын науқас саны аз болғанымен, оған кететін қаражат 17 есе көп екен. Әрі бұл аурудың жаман тұсы сол, асқына түседі. Соның салдарынан науқас жағдайы күрт нашарлайды. Ал оның терапиясына бірінші типке – 6 млрд теңге, екінші типке 137 млрд теңге кетеді екен. Соның ішінде көбіне қант диабеті арқылы асқынатын жүрек-қантамыр патологиясына кететін шығын жоғары. Бұдан бөлек, осы аурудың салдарынан мүгедекке айналып отырғандар аз емес. Оларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мардымды деуге келмейді. Ал жалпы сомаға келсек, мамандар есебі бойынша 103 млрд теңгені құрайды екен. Міне, осы сынды бірқатар шығынды әбден есептеп, ескере келе қант диабетінің ел қазынасына түсіретін ауыртпалығын тікелей – 436 млрд теңгеге, ал жанама шығындарды қоса есептегенде 1 млрд долларға бағалап отыр.Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Назарбаев университетінің жетекші ғылыми қызметкері Александр Гуляев экономикаға да, науқастарға да қолайлы болатын әдіс керегін айтып отыр. «Асқыну мен қант диабеті арқылы ілесіп туындайтын ауру санын азайта алсақ, экономикаға түсетін ауыртпалықтың да азаяры сөзсіз. Сондықтан осы ретте гликемиялық көрсеткіштерді ғана бақыламай, липидтік алмасу, артериялық қан қысымы, бүйрек зақымы, микро және макровезикулярлық асқынуларды бақылайтын мақсатты көрсеткіштерді де қосу керек. Яғни, бюджет қаражатын дұрыс жұмсай білсе, науқастардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қаржылық ауыртпалықты да жеңілдетер еді. Осы мәселелер шешімін табуы үшін қант диабетімен ауыратындарға арналған ұлттық бағдарлама қажет», – дейді Гуляев.Негізі, ХХІ ғасырдың басынан бері, яғни 2000 жылдан бастап мемлекет қаржыландыратын кешенді шаралар жүргізіліп келеді. Тіпті, «Диабет» кешенді бағдарлама қолға алынған. Күткен мақсаттары да зор болған. Бағдарламаны орындау диабетпен ауыратындардың денсаулық жағдайының теріс тенденцияларын кідіртуге, аурудың ерте және сонымен бір мезгілде, жасырын түрлерінің анықталуын жақсартуға және түпкі нәтижесінде мемлекет үшін экономикалық ауыртпалық болып тұрған қант диабеті проблемасының жүгін азайту жағдайында мүгедектікті кемітуге, науқастардың белсенді өмір сүруінің ұзақтығын арттыруға мүмкіндік беруі тиіс болған. Бірақ қолдағы дерекке қарасақ, мақсат орындалды деуге келмейді. Түбегейлі жоққа шығармасақ та, ауруды азайта алмағаны ақиқат. Ал мамандардың ұсынып отырған Ұлттық бағдарламасы қандай? Бағдарлама шеңберінде инновациялық технологиялар мен препараттар енгізу қажет деседі. Яғни, қандағы қант мөлшерін реттеп қана қоймай, инфаркт, инсульт, бүйрек пен жүрек ауруларына қатысты қауіпті сейілтуге мүмкіндік тууы тиіс. Әлбетте, бүгінде медициналық көмек көрсету стандарттары жоғарылап, медициналық технология саласында прогресс байқалған сайын денсаулық сақтау саласындағы шығын да соған сәйкес өсе береді.
Жалғыз Қазақстанда емес, бүкіл әлемде денсаулық сақтау саласына кететін шығынның салмағы едәуір жоғары, экономикаға айтарлықтай жүк. Дегенмен екіжақты ұтымды шешім қажет-ақ. Медицина ғылымдарының кандидаты, «ААА» медициналық емханасының бас дәрігері Жанай Ақанов қант диабетін ерте анықтау қажет екенін айтып отыр. Осы арқылы ұтатынымыз көп деседі. «Әдетте емханаға әбден жағдайы нашарлаған науқас келеді. Диабеттің асқынбаған, енді басталған кезінде келетіндері сирек. Сондықтан уақытылы диагностика, конструктикті профилактика, дұрыс емдеу тәсілі мен дер кезінде жасалатын реабилитация қажет. Ал енді ол үшін емханаға қабылдауға келген кезде бақылау керек. Оған аса шығын да кетпейді. Себебі бойы мен салмағын өлшейді, гемоглобин тексереді. Дер кезінде біліп, емдеу қажет», – дейді дәрігер.Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде қант диабетіне шалдығатын балалар да көбейіп келеді. Бұл тіпті бөлек мақалаға жүк болардай мәселе. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігі келтірген дерек бойынша, қазіргі таңда І типтегі диабетпен – 3 994, ІІ типтегі даибетпен 127 бала диспансерлік есепте тұрған көрінеді. Ал мұндай диагнозы бар балаларды сауықтыруға арналған санаторийлер еліміздің 2-3 аймағында ғана бар. Демек, І типті қант диабетімен ауыратын балалардың дені медициналық реабилитация алу мүмкіндігінен айырылып отыр деген сөз. Әрі диабетик баланың қоғамнан алшақтап кету мәселесін де айта кету керек. Себебі олардың балабақша, мектепке қабылдануы да – үлкен жыр. Көбіне олар үйде оқиды. Былай қарасаңыз, дене бітімі мен психоэмоциялық дамуы жасына сай болғанымен, қатар құрбымен ойнап, оқи алмайды. Білім және ғылым министрлігінің ресми дерегі бойынша, қазіргі таңда І типтегі қант диабетімен ауыратын 10 бала ата-анасыз, жетім күн кешіп келеді екен. Оларға қамқорлық тіпті қажет. Бұл мәселелерді былтыр сенатор Динар Нөкетаева да көтерген еді. Ол І типтегі қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналар қауымымен және диабеттік оқу-ағарту қорымен бірлесе отырып, Денсаулық сақтау министрлігіне мынандай ұсыныс-талап қойған: қант диабеті бойынша ұлттық жоспар әзірлеу және қабылдау; қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінде қалдыру; «Диабет және балалар» ведомствоаралық жоспарын қабылдау; резервтік инсулиндік қор құру; тегін медициналық көмек көлемі аясында глюкагонды сатып алу практикасын жалғастыру; қант диабеті бар балалар мен жасөспірімдерге арналған шипажай-курорттық үлгідегі оңалту орталығын құру; тексеру мерзімін: орта медицина қызметкерінің тексеруі – айына 1 рет, бастапқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерінің тексеруі – 3 айда 1 рет, эндокринологтың тексеруі – 3 айда 1 рет етіп өзгерту; қант диабетімен өмір сүру дағдыларына үйрету бойынша мамандандырылған «мектептер» ұйымдастыру; халықаралық клиникалық практикада ұзақ уақыт бойы ІІ типті және І типті қант диабетін даму механизмі бойынша әртүрлі ауру ретінде нақты ажырату қабылданған. Олар әртүрлі тексеру жиілігін және қандағы қант деңгейін әртүрлі өлшеуді талап етеді. Сол себепті медициналық қамтамасыз ету мен қызмет көрсетудің тиісті нормаларын қайта қарай отырып, ІІ типті қант диабеті, І типті қант диабеті, балалар мен жасөспірімдердегі І типті қант диабеті бойынша жеке клиникалық хаттамалар мен стандарттарды әзірлеу қажет деген еді. Айтылып жатқан ұсыныс, көтеріліп жатқан мәселе көп. Соны қолға алатындар табылса, игі.
Жадыра АҚҚАЙЫР