«Егеменге» ескерткіш
«Егеменге» ескерткіш
468
оқылды

Биыл «Егемен Қазақстан» газетінің жарыққа шыққанына 100 жыл толып отыр. Бас басылымның ғасырлық тойы қарсаңында түрлі мерекелік шара ұйымдастырылып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті тарихында Алматының орны бөлек. Өйткені 1929 жылы Қызылордадан толық көшіп келіп, 1999 жылы бас шаһар – Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударғанға дейінгі 70 жыл осы әсем қалада жарық көріп, халықтың сөзін сөйлеп, бүкіл жаңалықты жеткізді. Шаһарда 1987-1999 жылдары басылым редакциясы орналасқан ғимаратта ескерткіш-тақта ашылды.

«Егемен Қазақстан» респуб­ли­­калық қоғамдық газеті – елі­міздегі ең ерте жарыққа шыққан және ең танымал басылымның бірі. Газеттің алғашқы нөмірі 1919 жылы Орынбор қаласында «Ұшқын» атауымен жарық көрді.

«Егемен Қазақстан» респуб­ли­калық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі: «Бүгін Алматыға арнайы тағзым етуге келдік. Осындай үлкен ша­ра­ға мұрындық болған әкім­дікке терең ризашылық білдіреміз. Себебі таяуда ғана кезінде газетті басқарған Әбіш Кекілбаев аға­мызға, жылдық асы қарса­ңында Шерхан Мұртаза ағамызға арнап ескерткіш-тақта орнатылды. Олардың бәрі «Егемен Қазақ­стан» газетіне көрсетілген құрмет деп білеміз. Енді міне, Алматы­ның керемет жерінде бас басы­лымға арнап ескерткіш-тақта орнатылды. Ақылдаса келе осы жер дұрыс деп таптық. Себебі бас басылымның Нұр-Сұлтан қала­сына көш түзеген жері – осы. «Еге­мен Қазақстан» азат­тықты осы жерде отырып жариялады», – дей келе, жиналған қа­уым­­ға ризашылығын білдірді. Ай­та кету керек, дәл осы ғима­рат­та газет редакциясы 1987 жыл­дан бас­тап 12 жыл бойы шы­ғып тұрған. «Құрметті ха­лайық, тол­қы­ғаннан көзіме жас алғым келіп тұр. Менің мекенім, ту­ған жерім десем де болады. Күні-түні осы газетте жұмыс ат­қар­ғанбыз. Біздің жұмыс ине­мен құдық қазғандай еді. Құдай жарылқап, еңбегімізді хал­қымыз бағалап жатыр. Бұл бү­кіл қазақтың тойы деп біле­мін», – деді басылымның ардагері Тұрысгүл Дайрабаева. Бірғасыр­лық тарихы бар жыл­на­маның 100 жылдығына орай өткізетін шара­лар мұнымен аяқталмайды.


«Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық тарихында қазақ баспасөзінің талай марқасқалары осы жерде қызмет етті. Ардагер­лер атынан Сарбас Ақтаев, Мама­дияр Жақып ағаларымыз өз естеліктерімен бөлісіп, игі тілек­терін арнады. Мерекелік шара одан ары Ұлттық кітапханада жалғасты.

Аталмыш шараға Egemen Qazaqstan газетінің ардагерлері, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналистер мен қала билігі өкілдері қатысты.

«Ұшқыннан» басталған Egemen Qazaqstan атты ғылыми конфе­рен­цияға жиылған қауым бас басылымды мерейтойымен құт­тық­тап, жылы лебіздерін білдірді. «Ғасырлық тарихы бар бұл газетті қолына ұстаған кез кел­ген жан мұндағы әрбір ақ­па­рат­тың шы­найылығына, көтер­ген тақырып­тың маңызды­ғына кәміл сене­ді. Себебі газеттің кәсі­би деңгейі, ұстанған бағыты еш­қашан өзгер­ген емес. Әлем мен қоғам, саясат пен экономика, әдебиет пен мә­де­ниет, спорт пен туризм ай­дар­­­лары бойынша тың ақпарат тарат­қан басылым парақтарында жа­ңашылдық пен ұрпақтар са­бақ­тастығының ізі сайрап жа­тыр» деді жиылғандар.

Бір ғасырлық тарихы бар жыл­­­наманың 100 жылдығына ар­нал­ған шаралар жалғасын таба бермек.


Гүлнар ТӘЖИЕВА