Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері зайырлы мемлекет ретінде қалыптасып, бүкіл әлемге көпконфессиялы, көпэтносты ел ретінде танылды. Еліміздегі мұсылман жамағатының басын қосып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің ынтымағы мен бірлігін күшейтуге барынша ынталы. Осы орайда, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілхановпен елдегі тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді сақтауда имамдардың рөлі туралы сұхбаттасқан едік.
– Марат Алмасұлы, бүгінде халқымыздың сан ғасырдан бері рухани құндылығы саналатын ислам дінін насихаттауда имамдардың еңбегі зор. Жалпы имам деген кім? Қазіргі қоғамның имамы қандай болуы тиіс?
– Бүгінде халқымызды имандылық пен ізгілікке үндейтін дәстүрлі діндер кең қанат жайып келеді. Мемлекет дәстүрлі діндердің тұрақты дамуына жан-жақты қамқорлық жасауда. Соның нәтижесінде, ислам дінінің қоғамдағы рөлі артып, мұсылман жамағаты еліміздегі рухани құндылықтардың жаңғыруына, тұрақтылықтың орнығуына сүбелі үлес қосуда. Осы ретте имамдардың да рөлі ерекше.
Дінтанушы ғалымдардың айтуынша, имам – мұсылман үмметінің ең бірінші тұлғасы, ұстазы, айнасы. Адам баласының жүрегі өмір бойы ізденіспен, жаңашылдықпен, өзгеріспен жасарып отырады. Өйткені ол – ағзадағы сана серпілісі мен болмыс өзгеруінің басты ұйытқысы. Әл-Фарабидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзің қозғал» деген ұлағатының астарында да сана өзгерісі туралы ой жатса керек. Дін қызметкері өзгеге үлгі боламын десе, алдымен өзі әдепті, мәдениетті, ішкі-сыртқы өзгерістерге дайын, парасатты тұлға болуы қажет. Имам жамағатқа күнделікті намаз оқытумен ғана шектеліп қалмауы керек. Оған намаздан өзге жүктелген міндеттер де бар. Имам халықтың ішінде өзінің абырой-беделімен, білімімен көпшілікке үлгі болғанда ғана нағыз имам. Қазақ – қандай да бір іс-шара өткізсе, ең алдымен имамға, оның ақыл-кеңесіне жүгінетін халық. Шаңырақта сәби дүниеге келсе, азан шақырып ат қоюға, әулетке келін түссе, шариғат жолымен неке қидыру үшін имамды шақырады. Тіпті, өмірден озғандарды да имамсыз ақыретке жөнелте алмаймыз. Ел ішіндегі жиындарда халықтың алдына шығып, дұрыс насихат айту аса маңызды. Халқымызда «Мұсылмандық әсте-әсте, діннен шығу бір пәсте» деген дана сөз бар. Адасып жүргендерге тура жолды көрсету, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру – имам мойнына жүктелген абыройлы қызмет.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты қанша мешіт бар?
– Еліміздегі дәстүрлі исламның бірден-бір құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. 2011 жылы дін мәселелерін реттейтін заң қабылданып, заң жүзінде мемлекетіміздің исламдағы Ханафи бағытының орны мен рөлі атап көрсетілді. Діни басқарма еліміздегі 2 600-ден астам мешіттің басын қосып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» ұйыстырушы, рухани құндылықтар төңірегіне топтастыратын орталыққа айналды.
– Өзіңіз айтқандай, ислам дінін ұстанатын мұсылман қауымы үшін имамдар – қоғамның айнасы. Ал олардың білімі мен біліктілік деңгейін қалай бағалайсыз?
– Қазіргі таңда еліміз бойынша 3 895 имам қызмет атқарады. Оның 27 пайызы, яғни 1 054 имам – жоғары білімді, ал арнаулы орта білімді имамдар 27 пайызды құрайды. Қалған 46 пайызы – орта білімді, яғни білім жетілдіру курстарынан өткен. Осы ретте дін қызметкерлерінің білімдерін жетілдіру үшін түрлі шаралар мен оқыту семинарлары өткізілуде. Қазірдің өзінде жыл сайын жүздеген имам мен теолог маман біліктілікті жетілдіру курсынан өтті. ҚМДБ мешіт имамдарын тек елімізде ғана емес, шетелдік жоғары діни оқу орындарына да өз ұсыныстары негізінде бірнеше айлық білім жетілдіру курстарына жібереді.
Жалпы алғанда, елімізде білімді имамдар жетерлік. Дегенмен қоғам имамдардан көп нәрсені талап етуде. Мәселен, халық дін қызметкерлерінен теологиялық білім тұрғысынан ғана емес, саяси сауатты, әртүрлі саладан хабардар болуын күтеді. Себебі дін – өте нәзік дүние. Сол нәзіктікті халыққа жеткізуде тек діни әңгіме айтумен ғана шектелмей, оны әрбір имам ұлттық мәдениетімізге, тарихымызға, әдебиетімізге, салт-санамызға негіздеп, ұлттық таныммен насихат жұмысын жүргізсе дейді көпшілік.
– Сөзіңіз аузыңызда, осы мәселеге кеңірек тоқталып өтсеңіз... Шетелде ислам бағытында білім алудың қандай қауіптері бар?
– Ел ертеңі үшін жастарға зор сенім артады. Білімді жастардың озық технологияны меңгеріп, алдыңғы қатарлы оқу ордаларында білім алуы, әрине құптарлық іс. Көптеген жастар әр салада білімдерін жетілдіріп жүр. Бірақ нақты діни білім алу мәселесіне келгенде бізге жіті қырағылық керек. Олай дейтініміз, шет мемлекеттерге өз бетімен діни білім іздеп кеткен азаматтардың потенциалды қауіп көзіне айналып кетуі ғажап емес. Олардың дін емес, сол елдің діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын сіңіріп алу қаупі зор. Бұл қай елге діни білім алуға барса, сол елдің ұлттық мәдени құндылықтарын, діни тәжірибесін өз Отанына әкеліп, сол күйінде таратуы дегенді білдіреді.
– Сөз басындағы тақырыбымызға қайта ауыссақ, имам қай заманда да бұқараға дұрыс жолды насихаттаушы тұлға дедік. Дегенмен бүгінгі қоғамда имамдарға қатысты орынды-орынсыз сындар айтылып жатады. Бұған не айтасыз?
– Байқасаңыз, қазіргі уақытта имамдарға бұрынғыдай көп сын айтыла бермейді. Себебі ҚМДБ имамдардың қызметін, этикасын бір жолға қойды. Демек, қоғамда имамның тұлғасы қалыптасты. Бұл деңгейден түспеу үшін әрбір имам ислам дінінің айнасы екенін үнемі есінде сақтауы керек. Қазіргі жаһандық үдеріс көшінде ислам дініне күйе жағушылар көп. Сондықтан қай уақытта да имамдар сөйлейтін сөзі мен әрекетіне сақтық танытқаны абзал. Олар ардақты пайғамбарлар мен сахабалар салған сара жолмен ғана жұртшылықты соңынан ерте алады.
Ал арагідік айтылып жүрген сындарға келсек, ол халықтың имамдарға деген талабын көрсетеді. Жалпы, сын дегенді сабақ деп түсінгеніміз абзал. Қазақта «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қанатты сөз бар. Кейде азаматтар имамдарға қарата орынды-орынсыз сын-пікірлер айтып, шағым түсіріп жатады. Мұның ішінде өзге діни жамағаттардың ықпалында жүрген азаматтар да бар екенін ескергеніміз жөн. Өйткені олардың көзқарастары имамдардың әрекеттерімен сәйкеспейді. Шындығында, имамдарымыз ислам дінін өз деңгейіне сай түсіндіруге барын салуда.
– Сондай-ақ дінбасыларымыздың қоғам діңгегін нығайтуға қандай үлес қосып жатқанын айта аласыз ба?
– Біздің имамдарымыз елдегі дін мен мәдениетті дамытуға, ұлттық патриотизм мен толеранттылықты қалыптастыруға және қоғамның ішкі тұрақтылығы мен баяндылығын сақтауға барынша қызмет етіп келе жатыр деп айта аламын. Қазір елдегі ең төменгі жалақы алатын – имамдар. Ал кейбір аймақтарда бірнеше жыл мешітте айлық алмастан жұмыс істеген кісілердің азаматтығы өз алдына. Алайда мешіттердегі имамдардың кейбіріміз біле бермейтін қызметтері жетерлік. Атап айтсақ, имам – ислам дінінің халық арасындағы негізгі өкілі мен насихатшысы, елдегі тыныштықтың негізгі сақшысы. Көп жағдайда имамдар – мешіт істерінен бөлек, өздері тұратын аймақтың тәрбиесі мен тыныштығына жауапты тұлға.
Сұхбаттасқан
Ақбота ӘЛІМ