Көпір құрылысы аяқталуға жақын
Көпір құрылысы аяқталуға жақын
274
оқылды

Шымкент қаласында Маятас және Тоғыс тұрғын алабындағы «Бадам» өзенінің үстінен өтетін көпірдің құрылысы қызу қарқынмен жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес жыл соңында ел игілігіне берілмек.  Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте атап өтті. «Биыл Ленгер тасжолындағы «Сайрам су» өзенінің үстінен өтетін көпірге және Қарабастау тұрғын алабындағы «Бадам» өзенінің үстіндегі көпірге қайта құру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде олар ел игілігіне берілді. Одан бөлек, мердігер болып танылған «ЖБИ-С» ЖШС-ы Елтай тұрғын алабындағы көпірге қайта құру жұмысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ бір автожолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында «ТЭЦ-3» мекемесінің жанындағы «Сайрам су»  өзеніндегі көпірге «Әлем Транс жол» ЖШС-ы жөндеу жұмыстарын жүргізді», – деді Ғалымжан Ильясов.

Сонымен қатар мамандар осы жылы 10 айда 72 аулааралық баспалдақтың жай-күйіне мониторинг жүргізген. Олар жөндеуден өткен 23 баспалдақтың жағдайы қанағаттанарлық екенін анықтап, тозығы жеткен 8 баспалдақты қайта құруға ақау актісі мен сметалық есептер әзірлеп, жаңадан орнату жұмыстарын жүргізген. Қалған  тозығы жеткен 41 баспалдақты қайта құру жұмыстары 2021-2023 жылдарға жоспарланып отыр. Сондай-ақ Еңбекші ауданында көпқабат­ты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, ашық спорт алаңшаларын орнату жұмыстары да тоқ­тау­сыз жүруде. Биыл ауданда 64 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары атқарылуда. Жыл соңында  абаттандырылған үйлердің көрсеткіші 89,7 пайызға жетеді. Ауданда бұқаралық спортты дамыту мақсатында 100 ашық спорт алаңқайын орнату жоспарланса, соның 79-ы  орнатылған. Енді жаңаларын орнатуға бос жер телімдерін анықтау жұмыстары жүргізіліп, сметалық есептер дайындалды. Еңбекші ауданында ұзындығы – 613,2 шақырым, жалпы саны 611-ді құрайтын даңғыл көшелер мен өткелдер бар екені белгілі.  Ондағы асфальт жол – 407,5 шақырым, шағал тасжол – 182,8 шақырым, топырақ жол 22,9 шақырымды құрайды. Аудан басшысы жолдарды асфальттау жұмыстары бойынша басымдық шалғай аумақтарға беріліп жат­қанын жеткізді. «Аудандағы жөндеу жұ­мыс­тарын қажет ететін шағынаудандар мен тұрғын алаптарға зерделеу жұмыстары жүр­гізіліп, көшелердің тізімі сызбаларымен қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тапсырылды. Нәти­жесінде, бұл жылы 89,5 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.  Атап айт­қанда, 0,5 шақырымды 1 көшеге күрделі жөндеу, 61,6 шақырымды құрайтын 62 көшеге орташа жөндеу жұмыстары,  23,5 шақырымды құрайтын 16 көшеге аяқжол орнату және 8,9 шақырым жолға шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілуде» деп атап өтті аудан басшысы.  Аталған жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталмақ.

Назгүл НАЗАРБЕК,  Шымкент қаласы