4 күн жұмыс істеуге дайынсыз ба?
4 күн жұмыс істеуге дайынсыз ба?
348
оқылды
Microsoft Japan компа­ния­сы тамыз айында қы­­­­­зықты эксперимент жүр­­­­гіз­ген. Компания бас­шы­­­лығы 1 ай бойы 2 300 қыз­­меткеріне 4 күндік жұ­мыс күнін ұсынған. Яғни, олар аптасына 3 күн де­мал­ған, алайда жа­лақы қыс­­қармаған. Нәти­же­сін­де, жұмыс өнімділігі 40 па­йызға өскен, жұмыс­шы­­лар 25 пайызға кем сұ­ран­­ған, қағаз 58 пайыз­ға азы­рақ басылған. Тіпті, ком­­пания электр энергия­сын 23 пайызға аз пайда­лан­ған. Бұл төрт күндік жұ­мыс аптасы тиімді дегенді білдіре ме?

Жұмыс аптасының қыс­қаруы қызметке оң әсерін ти­гізеді деген мәлімет көптен бері ақпарат айдынын аралап жүр. Алайда пәлен компания, түген фирма ақырындап төрт күндік жұмыс режиміне өтіпті деген мысалдар ғана айтылды. Яғни, ешбір ел әлі жүйелі түр­де, кезең-кезеңімен бұл ме­жеге ұмтылып келе жатқан жоқ, тек жеке менед­жерлердің бас­та­­малары. Осы себепті бұл өз­ге­ріс­ке біржақты көзқарас жоқ.

Үкімет деңгейінде бұл мә­се­лені көтерген елдің бірі – Ресей. Осы жылы шілдеде Ре­сейдің үкімет басшысы Д.Медведев қызметкерлер үнемі жетістікке жетемін деп жұ­мыста зорығып кетеді, тұ­рақ­ты стреске ұшырайды. Осы себепті келешек – төрт күн­дік жұмыс аптасында деді. Яғни, мақсат – қызметкердің кө­бірек демалуына жағдай жа­сап, жұмыс өнімділігін арт­тыру. Ресей үкіметі жұмыс беру­шілер және кәсіподақ өкіл­­дерімен сұхбаттасып, келесі­дей қо­рытындыға келген. Бірін­шіден, 4 күндік жұмыс апта­сына көшу қызметкерлерді жал­дау құны мен компания өнімдері бағасының артуына әкеліп соғады. Екіншіден, бұл идеяның оң тұстары да бар. Азаматтардың өз денсаулығына назар аударуына, кәсіби тұр­ғыда дамуына, жұмыс тиім­ді­лігінің артуына оң ықпал етеді. Бұдан бөлек, бос уақыты артқан жұмысшылар отбасына көбірек көңіл бөліп, спортпен шұғылдануына мүмкіндік ала­ды. Яғни, тиынның екі тұ­сындай артықшылығы да, кем­шілігі де жетерлік. Бірақ ком­пания иелері қызмет күнін қыс­қартуға асығып тұрған жоқ.

Егер әлемдік тарихқа қа­ра­сақ, жұмыс күні қысқара түс­кен сайын өнімділік те арта берген. Ford Motor Company-дың негізін қалаған Генри Фордтың ұсынысымен аптасына 40 сағаттық жұмыс уақыты енгізілгенде, аталған бастамаға оның біраз әріптесі қарсы шықты. Алайда бұл жол­дың тиімді екенін уақыт дәлелдеді. Қалай десек те, 4 күндік жұмыс аптасы айтуға оңай, іске асуы күрделі міндет. Себебі жұмыс берушілер қол астындағы жұрттың қызметте көбірек жүргенін қалайды. Ал жұмысшылардың басым бөлігі бос уақытының артып, оны отбасымен өткізуді аңсайды. Мұндай түрлі көзқарастар әдет­те еңбек кикілжіңіне, кәсіп­одақтың араласуына әкеліп соғады.

Төрт күндік жұмыс апта­сына ауысу ойы еліміздің ең үлкен жұмыс беруішісі Қазақстан темір жолдары ком­паниясында да болған екен. Алайда олар 2015 жылы бұл бастамадан бас тартыпты. Себебін былай түсіндірген: «Қа­зақстан Үкіметі мен Ұлттық банкінің жаңа ақша-несиелік саясатының енгізілуіне орай, теңгенің еркін айналымға шы­ғарылуына байланысты ком­пания толық емес жұмыс күніне көшуді қажетсіз деп ше­шім қабылдады. Бұл шешім отан­дық тауарлардың сыртқы нарықтағы бәсекелестікке қа­білеттілігінің өсетініне жә­не алдағы уақытта экспорт көлемі­нің, транзиттік тасымалдың болжалды өсуіне байланысты қабылданып отыр».

Қызық, Ұлттық банктің ақша-несиелік саясаты стан­садағы теміржолшының жұмыс уақытына қалай әсер етеді? Ойға қонымсыз екен. Бірақ биыл вице-премьер Бердібек Сапарбав та аталған ұсынысты қолдамайтынын жеткізді. Оның пікірінше, елімізде жұ­мыс күші жетпей тұрғанда бұл жаңашылдықты енгізу қиын.

Еңбек уақыты әдетте сағат­пен есептеледі. Ол әр елде әр­түрлі. Жыл бойы ең көп жұмыс істейтіндер Мексика (2 148 сағат), Коста-Рика (2 121 сағат), Оңтүстік Корея (2 005 сағат), Ресейде (1 972 сағат) тұрады екен. Бұл тізімге Қазақстанды да қосуға болар. Себебі біздің елде аптасына 5 күн немесе 40 сағат жұмыс істейтіндердің жылдық қызмет уақыты 1 968 сағат. Бір қызығы, Еуропаның ең дамыған мемлекеттері екі қолға бір күректі ең аз ала­тын­дардың қатарында. Мәселен, Германияда азаматтар орта есеп­пен – 1 363 сағат, Дания-да – 1 392 сағат және Норвегияда 1 416 сағат еңбек етеді. Егер неміс еліндегі жалпы жылдық сағатты 49-50 аптаға бөлсек, бұл елдің азаматтары аптасына бар бол­ғаны 26-27 сағат қызметте жүреді. Дегенмен осыған қара­май Еуропа экономикасын алға сүйреуші ел саналады. Яғни, неміс тәжірибесі көп жұмыс істеуден көрі тиімді еңбек етуді көрсетіп отыр.

Жалпы, аталған тиімділікті арттыруға бағытталған инн­новациялар аз емес. Мысалы, Германияның Rheingans Digital Enabler компаниясы қыз­меткерлеріне 5 күнде 5 са­ғат маңдай терін төгуге рұқ­сат берген. Таңғы 8-ден түскі 1-ге дейін. Бірақ біраз шектеу бар. Барлық әлеуметтік желі блокталып, азаматтар смартфондарын арнайы жерге өткізеді. Жиналыс 15 минуттан аспайды, бос әңгімеге тыйым са­лынған. Нәтижесі жаман емес екен. Компания қажетті көр­сеткішке жетіп, пайдасы арта бастаған. Ал қызметкерлер бос уақыты артқанына қуанып жүр.

Қысқасы, аптасына 4 күн еңбек етудің артықшылығы да, кемшілігі де бар секілді. Әзірге көп компания оған бара алмай тұр. Бәлкім, қалыптасқан стереотиптер кедергі шығар. Себебі әлемдік тарихта кей кездері бала еңбегі, тәулігіне 12-15 сағат жұмыс істеу де қа­лып­ты жағдай болған. Бірақ адамзат демалу құқығын жұмыс берушілер алдында жеңіп алды. Егер бұл идеяны алға тарта берсе, келешекте кәсіподақтар 4 күндік режимге өтуді талап ете бастайтын да шығар. Не де болса, адам жұмыс істеу үшін өмір сүрмейтінін ұмытпаған жөн.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА