Елімізде ерлерге қарағанда әйел адам көп. Әсіресе, 60 жастан асқан ақсақалдарға қарағанда кейуаналарымыздың саны анағұрлым артық. Мамандар мұның себебін ер азаматтардың ерте қайтыс болуымен байланыстырады.
Сөзіміз дәйекті болуы үшін деректерді сөйлетейік. Мәселен, «тоғызыншы территорияны» мекендейтін халық саны 18,3 миллионды құраса, оның 8,9 миллионы – ерлер, 9,4-і әйел заты екен. Жыл сайын елімізде шамамен 130 мың адам пәни дүниемен қоштасады. Бақилық болған ерлердің саны әйелдерге қарағанда 10 мың адамға көп. Статистика комитетінің осы мәліметтерін тағы қазбалап көрсек, мынандай ерекшелікті байқаймыз. Ер азаматтар
20 жастан бастап әйелдерге қарағанда өмірден екі есе көп озады. Бұған қандай себеп бар?
Біріншіден, бұған әдетте ер азаматтардың қауіпті өндірісте жұмыс істеп, автокөлік, ұшақ сияқты түрлі көлікті көбірек басқаратыны кері әсерін тигізіп отыр. Мысалы, жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан қаза тапқан ерлер саны әйелдерге қарағанда анағұрлым көп. 2018 жылы бұл көрсеткіш ерлер арасында 9 432 адамды құраса, 2 739 әйел оқыс оқиғадан қайтыс болған.
Екіншіден, түрлі ауру себебінен пәни дүниемен қоштасатын ер азамат көп. Оған ішімдік пен темекіге құмардың ерлер арасында басым екенін қосыңыз. Кейінгі жылдары артық салмақ қосып алған жігіттеріміз баршылық. Бұл – қан қысымымен ауыратындардың қатарын көбейтіп, ми инсультіне әкеледі. Оның үстіне артық салмақты ерлердің көбеюіне қозғалыстың аздығы, дене жұмысының көбін техника алмастырғаны да әсер етіп отыр. Әлеуметтік жағдайы жақсарып, майлы азық-түліктің қолжетімділігі де бұған ықпалын тигізеді.
Эпидемиологиялық деректерге сүйенсек, вирусты ауруға шалдыққандар арасында ер азаматтар ауруханаға жиі жатады екен және солардың арасында аурудың салдарынан о дүниеге аттанатындар көбірек кездеседі.
Бірнеше жыл бұрын британиялық ғалымдар мынандай тәжірибе жасапты. Ерлер мен әйелдер арасынан 1 700 еріктіні жинап, жедел респираторлық-вирустық инфекцияларын (ЖРВИ) жұқтырған. Олардың ауру белгілерін қалай айтып бергенін мұқият қадағалаған. Дәрігер жасаған қорытынды мен науқас шағымына қарағанда, ерлер көбіне сырқатын ауыр деп есептесе, әйелдер жағы қалыпқа сай қабылдайды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, ерлер тыныс алу органдарының асқынған ауруларына көбірек шалдығады. Сондай-ақ суық тию мен тұмаудан жазылуы да ұзаққа созылады. Ерлер ағзасы көкіріңді таяқша – іріңді ісік сырқаттарына жақсы қарсы тұрса да, аталған ауруды жұқтырған ерлер әйелдерге қарағанда көбірек өмірмен қоштасады екен.
Түрлі ауру себебінен пәни дүниемен қоштасатын ер азамат көп. Оған ішімдік пен темекіге құмардың ерлер арасында басым екенін қосыңыз. Кейінгі жылдары артық салмақ қосып алған жігіттеріміз баршылық. Бұл – қан қысымымен ауыратындардың қатарын көбейтіп, ми инсультіне әкеледі.
Ерлер мен әйелдер арасындағы иммунитет айырмашылығы жас ерекшелігіне де байланысты. Өте кішкентай қыздардың өзі ұлдарға қарағанда ана сүті арқылы тыныс алу жолдары инфекциясынан жақсы қорғалған. Осы орайда, жапон ғалымдары нәзік жандылардың иммундық жүйесі өте баяу қартаятынын дәлелдеген. 20 мен 90 жас аралығындағы 356 денсаулығы мықты еріктінің қан үлгісін зерттегенде жылдар өте келе ерлерде лимфоцит саны кеми берсе, ал әйелдерде керісінше арта түседі екен. Міне, осы себеп те әйелдердің көбірек өмір сүруіне әсер етеді.
Өкінішке қарай, өткен жылы еліміз жұқпалы емес аурулар бойынша ерлер арасында әлемде өлім көрсеткіші жоғары 10 мемлекеттің қатарына кірді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Лондон империялық колледжі мен Жұқпалы емес аурулармен күрес альянсы халықтың жүрек-қан тамырлары ауруы, тыныс алу органдарының созылмалы аурулары мен диабеттен қайтыс болуы есебін жариялады. Зерттеуге сүйенсек, жұқпалы емес аурулардан дүниежүзі бойынша жыл сайын шамамен 41 миллион адам көз жұмады екен. Оның 17 миллионы 70-ке толмағандар. Міне, осы көрсеткіш бойынша алғашқы ондыққа еніп отырмыз.
Бір қызығы, жұқпалы емес аурулардан көз жұмғандар ерлер мен әйелдер арасында әр елде әрқалай. 30-70 жас аралығындағы әйелдер арасындағы өлімнің төмен көрсеткіші табыс деңгейі жоғары Оңтүстік Корея, Жапония, Испания, Швейцария мен Сингапур елдеріне тиесілі. Сьерра-Леон, Кот-д'Ивуар, Гвинея, Йемен мен Ауғанстанда жұқпалы емес аурудан қаза табатын әйел саны өте көп. Ал ерлердің өлімі бойынша Исландия, Швейцария, Швеция, Норвегия және Бахрейн елдері төменгі сатыға жайғасқан. Моңғолия, Фиджи, Қазақстан, Түркіменстан, Ресей, Беларусь, Украина, Грузия, Кирибати, Солтүстік Корея жоғары көрсеткішке ие.
«Аман-саулық» қоғамдық қоры президенті Бақыт Түменова жұқпалы емес аурулар салдарынан көз жұматын ерлердің қатары көп екенін айтып, дабыл қағып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды.
«Статистикаға қарап, көптеген адам денсаулық сақтау жүйесіне кінә артуы мүмкін. Алайда сырқаттардың көбіне ішімдік, майлы тамақ, салауатты өмір салтын ұстамау әсер етеді. Бұл жағдайды үнемі айтып келеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы енді ғана бұл жағдайды ресми мойындап отыр» дейді ол.
Бақыт Түменованың пікірінше, ең әуелі салдармен емес, себеппен күресу қажет. Жұқпалы емес аурулармен күрес және профилактика үшін елімізде мемлекеттік деңгейде шаралар қабылданып жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдарының көтерген мәселелері «Денсаулық 2016-2019» мемлекеттік денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасына енген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмауға шалдыққандар мен аурудың салдарына баға бергенде олардың жынысына мән беру керегін айтады. Аталған ұйым жүргізген зерттеуге сай, ерлер жағы жағдайының қиынын асырып көрсеткенді жақсы көреді екен. Осыған қарап қазақтың «Әйелдің қырық жаны бар» деген сөзінің жаны бар-ау деген ой келеді.
Ерлер арасында ауру-сырқау мен өлім-жітімнің көп болуын денсаулығына салғырт қарауымен де байланыстыратындар көп. Оның үстіне, әйелдер гинекологиялық тексерулерден жиі өтсе, ер азаматтардың денсаулығын бақылайтын уролог мамандар тапшы. Сондықтан ерлер денсаулығымен айналысатын арнайы орталықтар қажет-ақ. Дәрігердің бақылауында неғұрлым ерте барса, соғұрлым аурудың алдын алуға мүмкіндік туады. Сондықтан «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы естен шығармаған жөн.