Салғырттық пен салақтық: екі сәбидің өліміне кінәлі кім?
Салғырттық пен салақтық: екі сәбидің өліміне кінәлі кім?
228
оқылды

Өткен аптаның соңынан бастап еліміздегі барлық ақ­парат құралын шулатқан Шым­кент қаласындағы екі сәби­дің өлімінің себебі әлі анық­талмай жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 3 қа­раша күні Шымкент қаласындағы жатахқана үлгісінде салынған көпқабатты пәтерде тұратын бір отбасы мүшелері уланып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Алғашында таңғы сағат 04.40 шамасында келген жедел жәрдем қызметкерлері шақырту бір ғана адамға жазылғанын ай­тып, отбасындағы қызды қарап, оған жиі сұйықтық ішкізуді және белсендіріліген көмір дәрісін ішуге кеңес беріп кетеді. Ал үйдегі басқа балаларының да құсып, іште ауырсыну белгілерін байқаған анасы ауруханаға жатудан бас тартқан. Жағдай қиындай түскен соң, отағасы жедел жәрдемді таң­ғы 09.37 шамасында тағы шақыр­тады. Осы кезде жедел жәрдем қыз­меткерлері анасы мен 3 баласын ауруханаға алып кетеді.

Алайда Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткенде 4 жасар бала көз жұмады. Ал 10 айлық сәби мен 11 жастағы қызды токсикология бөліміндегі гибербариялық оксигинация орталығына алып кетеді. Арада көп уақыт өтпей-ақ, 10 айлық сәби де көз жұмады. Бұл туралы анасы Арайлым «сәбиім дәл алдымда көз жұмды. Егер дәрігерлер жедел қимылдап, әрекет жасағанда қос құлыншағым аман қалар ма еді?» дейді.

«Ауруханаға алғаш келгенде ақ халаттылардың әрқайсысы келіп тексереді де, кетіп қалады. Дәлізде біраз отырып қалдық. Сол аралықта 4 жасар ұлым жан тапсырды. Одан кейін дәрігерлер екі баламды гибербариялық оксигинация орталығына апарып, кішкентайымды барокамераға жатқызды да шығып кетті. Сәлден кейін 10 айлық сәбиімнің тыныс алуы жиілеп, дем жетпей, реңі сұп-сұр болып бара жатқанынан көріп, барокамераны ұрып, жалма-жан ай­қайлап көмек сұрадым. Бірақ дә­рігерлер үлгере алмады. Олар кір­­ген кезде балапанымның денесі мұз­­дап, жан тапсырып қойған еді», – дейді медицина қызметкер­лері­нің әрекетіне көңілі толмаған ана.

Қалай болғанда да осылайша айдың күннің аманында 2 сәбиден айырылып қалдық. Әрине, ең ал­ды­мен баланың өміріне ата-ана жауапты. Дегенмен олардың қауіп­сіздігі мен дұрыс өмір сүруіне мем­лекет қыруар қаржы жұмсап, ба­рын­ша жағдай жасауда. Ол үшін ар­найы жауапты мекемелер, құ­зырлы органдар жұмыс істейді.

Сорақысы сол, оқиғадан кейін 5 күн өтсе де, құзырлы орган қызметкерлері бұл жағдайдың не­ден болғанын әлі анықтай ал­­­май отыр. Қалалық төтенше жағ­­­дайлар департаменті газдан улан­ған деген ақпарды жоққа шы­ғарды. Алайда көпқабатты үйде газ балонды пайдалану қан­ша­­лықты талапқа сай келеді? Ал бұл үйдің асханасында газ балон пай­да­ла­на­тынын атап өткен жөн.

Сонымен қатар отбасы мүше­лері бір күн бұрын үй маңындағы дүкен­дердің бірінен жартылай дайын тұшпара сатып алып кешкі асқа пайдаланған. Мамандар та­мақтан улануы мүмкін деген бол­жам да айтады. Керісінше, са­ни­тар­лық-эпидемиялық мекеме ма­­ман­дары тамақтан уланған де­ген деректі айтқысы келмейді. Себебі таяқтың бір ұшы өздеріне тигелі тұр ғой... Нақты жауапты еш­кім білмейді. Осылайша, өлім себе­бінің жауабы футбол добы сияқ­ты жан-жақта, ауада жүр. Ал бүл­дір­шіндердің ата-аналары бұған бел­сенді жұмыс істемеген ақ халаттыларды кінәлайды.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, сот-ме­дициналық сараптама 7-14 күннің ішінде дайын болмақ. Ал қалалық полиция департаменті саралау жұмыстарының бір айға дейін созылуы мүмкін екенін айтады.

Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің са­пасы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаментінің баспасөз хат­шы­­сы Ұлжан Алибаеваның мәлім­деуінше, жыл басынан бері қоғам­дық орындарда тамақтан улану бойынша 4 адам ауырса, үй жағ­дайында 25 жан тамақтан улан­ған. Жалпы, балалар арасында 7 жағ­дай тіркелген. Келеңсіздікке жол бер­гендер жауапқа тартылып, айыппұл төлеген.

Осы жылдың наурыз айында Шымкент қаласы №54 мектепте 38 оқушы газдан уланып, ауру­ханаға түскен болатын. Абырой болғанда, зардап шеккен еш­кім жоқ. Бірақ 1-2 күн сабақ бол­май қалды. Мектепте газ болма­ға­ны­мен, иіс сырттан келген деген топ­шылау айтылды. Мұнда да себеп анық­талмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Айта кетейік, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментіне халықтың қауіпсіздік мәдениеті үшін жергілікті биліктен былтыр 13 млн теңге бөлінсе, биыл 17 млн теңге қаралған. Ал мекеме қыз­мет­­керлері аталған қаржыға өрт­тің алдын алу, жылу маусымына дайындық шаралары үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіпті. Яғни, бейнероликтер, жадынама, плакаттар, билбордтар, тағысын тағы... Жалпы, 2018-2019 жыл­ғы жылу беру маусымында Шым­кентте газдан улану бойынша 6 оқиға тіркеліп, 7 адам қайтыс болған.

Осыдан тура бір жыл бұрын Шымкентте 3 жасар бала тамақтан уланып, жан тапсырып еді. Ол кезде ақ халаттылар ауруханада екі күн жатып көз жұмған сәбидің өліміне ата-анасының дәрігерге кеш жүгінуінен деп сылтау айтқан. Енді дер кезінде хабар берген екі баланың өліміне нақты жауап бере алмай отыр.

Бәрін айт та бірін айт, шы­ны керек қазір жедел жәрдем қыз­мет­керлері науқасқа ешқан­дай көмек бере алмайтыны жасы­рын емес. Дәрі егуге тыйым са­лын­ған. Бұралып, өлудің сәл алдын­да тұрсаң ауруханаға алып кетуі мүмкін, әйтпесе, қолыңа тіл­дей қағаз ұста­тып, емханаға жол­дама береді де кетеді. Бұл да бір медицинаның реформасы. Салдары – міне.

Осылайша, шымкенттік жа­уапты мекемелер бір-біріне сене­­мін деп, енді бағытты қайда бұ­ра­рын білмей отыр. Салдарынан, «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кері келіп тұр...

 

Назгүл НАЗАРБЕК, 
Шымкент қаласы