Құтқарушы мамандығы әрқашан үлкен қауіп-қатерге баруды талап етеді. Николай Анатольевич осыған қарамастан, өз жұмысын жақсы көреді және әрдайым көмекке келуге дайын. Қазір құтқарушы 9 баланың әкесі. Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі тату-тәтті отбасының өмірі туралы айтып берді деп хабарлайды Aikyn.kz.
Николайдың жұбайы балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ол қызы Нинельді жиі жұмысқа апарып жүрген. Нинель ата-анасына балалар үйінен бір қызды асырап алуға кеңес берді. Ерлі-зайыптылар қызының бұл ұсынысына ұзақ ойланбай, балалар үйінің тәрбиеленушісін қамқорлығына алуды шешті. Қазір отбасында асырап алған 6 баламен бірге өздерінің 3 перзенті тату тұрып жатыр.
Балалар отбасында сүйіспеншілікті, мейірімділікті, қамқорлықты сезінуі керек. Бұл отбасыны кішкентай деп айту қиын. Алайда олар болашақта немерелерімен, шөберелерімен бірге үлкен үстелге жиналуды армандайды. Отбасындағы екі ұл Кирилл мен Денис бөлек тұрады. Ксения, Настя, Карина, Алина, Мария, Луиза – күрделі тағдыр иелері. Жас болса да, қаншама қиындықты көріп үлгерген олар бүгінде өз отбасын тауып, қуанышқа бөленді. Балалардың ең үлкені – 24 жаста, кішісі − 10 жаста. Әрқайсының ұлты әртүрлі.
Соболевский алғашында шетелдік балаларды тәрбиелеу қалай болар екен деп алаңдағаны рас. Татьянаның айтуынша, қыздар Николайдың қолдауының арқасында барлық қиындықты жеңді әрі отағасы бүгінде отбасының тірегі болып отыр.
Әрбір қыз үшін әке – әлемдегі ең күшті адам. Николай Анатольевич отбасына әрқашан уақыт табады. Ол жұмыста қатал құтқарушы болса, үйде мейірімді әке.
"Әкеміз болмаса, мұндай шешім қабылдар ма едік? Әрине, жоқ. Ол бізге барлық жағынан қолдау көрсетеді. Қиындық кімде болмайды дейсіз? Барлық көпбалалы отбасында кездеседі. Қыздар болашақта үлгілі ана болады әрі өз аналарының қателігін қайталамайды деп сеніммен айта аламын", – дейді Татьяна.