Биылғы жылы Кино орталығы бұрын-соңды болмаған жобаларды қолдап, тоқырауда тұрған кино саласының көптеген бағыттарына даму векторын ұсынды. Әсіресе, анимациялық киноға көп көңіл бөлінді.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы отандық анимация ұзақ уақыт бойы шетелдік табысты жобалардың көлеңкесінде жүрді. Көрермендер ерекше байқаған жобалардың бірі – «Ер Төстік пен Айдахар» атты алғашқы 3D-мультфильм. Кейіннен жарыққа шыққан «Күлтегін» мен «Мұзбалақ» атты толықметражды мультфильмдер ілгерілету стратегиясының жоқтығынан қазақстандық прокатта қатты көріне қоймады.
Осылайша отандық мультипликация үлкен экранда көріну мүмкіндігінен айырылып, толығымен телевизиялық форматқа ауысып кетті. Анимациялық кино – өскелең ұрпақтың бойындағы көрермен санасын қалыптастыратын ең тиімді құралдардың бірі екендігін ескере отырып, Кино орталығы қазақстандық анимацияны дамыту мәселесіне көп көңіл бөлді.
2020 жылы өткен екінші питчингтің шеңберінде, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанындағы Сараптама кеңесі «анимация» жанрында тапсырылған барлық өтінімдердің болашағы зор екенін атап өтті.
– Питчинг қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдауға бес анимациялық фильм ие болды, – деді ҰКҚМО басқарма төрағасының өндіріс бойынша орынбасары Айдар Баталов. Олардың ішінде «Алтын адам» (Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ), «Кенже қыз» («Адай Продакшн анимациялық студиясы» ЖШС), «Колыбельная» («Dala animation» ЖШС), «Еркетай» («ArtMaral» ЖШС) мультфильмдері және «Караван Историй» («ЫрысыАқҚазақстан» ЖШС) анимациялық сериалы бар. Бұл анимациялық жобалардың өндірісіне жұмсалатын қаражат мөлшері 1 млрд 100млн теңгеден астам соманы құрайды.
Бұл бағыттың көшін Khan Comics компаниясына тиесілі комикстерге негізделген «Еркетай» жобасы бастайды. Жобаның іске асырылуын комикстің графикалық негізімен жұмыс жасаған команда қолға алғанын айта кету керек. Режиссері Оразхан Жақып пен суретшісі Тимур Давлетгиреев көптің көңілінен шығатын туынды дайындауға кірісіп те кетті.
Еркетай мен оның достарының басынан өткерген шытырман оқиғалары туралы комикстер Қазақстанда ғана танылып қоймай, Орта Азияның басқа да елдерінің балалары мен ересектері арасында өз жанкүйерлерін, сондай-ақ Қытайда оқырмандарын тапқан. Осы деректі ескерсек, толықметражды мультфильм халықаралық прокатқа шығып, толыққанды мультипликациялық франшизаның бастапқы алаңына айналуы әбден мүмкін.
Тұрдыбек Майданның Өмір отын іздеп Хан Тәңірі шыңына аттанатын сақ жауынгерінің хикаялары туралы баяндайтын «Алтын Адам» эпикалық мультфильмінің де мүмкіндіктері аз емес.
«Караван историй» мультсериалының авторлары да білім беру бағытын қамтиды, оны Ұлы Жібек жолы арқылы өтетін қиял-ғажайып саяхаты ретінде, қазіргі заманғы технологияларды ежелгі дәстүрлермен және сиқырмен үйлестіре отырып көрсетеді.
Кино мен мультипликациядағы мықты кейіпкерлерді репрезентациялайтын әлемдік үрдіске сүйене отырып, «Адай продакшн анимациялық студиясы» «Кенже қыз» жобасын ұсынады. Онда өзін елемейтін ағаларын таң қалдырамын деп ежелгі жынмен шайқасқа түсетін кішкентай қыз туралы баяндалады.