Елімізде ішкі істер саласын модернизациялау қолға алынған 2018 жылы алға қойылған мақсаттың бірі – ведомстволық білім беру жүйесін оңтайландыру болатын. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім берудің тиімсіздігін сынап, 12 жоғары оқу орнының санын және оқу мерзімін қысқартуды тапсырған еді.
Тиімділігі төмен жоғары білім
Былтыр ведомстволық білім ордалары 6-ға қысқарды. Олар – Қарағанды, Алматы, Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты және Шымкент пен Павлодардағы оқу орталықтары. Қалған Нұр-Сұлтан, Ақтау, Теміртау, Семей, Алматы, Қостанай қалаларындағы оқу орталықтары жабылып қалды. Бұл өзгерістерге сол уақытта ішкі істер саласына жанама қатысты екі оқу орны – Көкшетау техникалық институты (ТЖМ) мен Ұлттық ұланның әскери институты ғана ұшыраған жоқ. Сондай-ақ бакалавр дәрежесі тек Қарағанды академиясында ғана қалдырылып, қалған оқу орындары 3-6 айлық курстарға көшірілді. «Кадрлық болжамдар бойынша ішкі істер органдарына жыл сайын 8 000-нан астам қызметкер қажет. Бұған дейін де соның тек 12-15 пайызын ведомстволық оқу орындарының түлектері құрайтын. Ал 78-82 пайызы азаматтық білім беру ұйымдарынан алынатын. Қалғанын өзге құқық қорғау органдары мен әскери құрылымдардан ауысқан қызметкерлер толықтыратын. Осылардың ішінде жоғары білімді қажет ететін мамандық – 4 530, яғни 47,8 пайызы болса, оның ішінде заңгер дипломы 3 189 орынға ғана талап етіледі. Қалғандары арнаулы-орта және орта білімді қажет ететін штаттық бірліктер. Сондай-ақ жыл сайын заңгерлікке қатысы жоқ ақпараттық технологиялар, инженерия, медицина, химия, биология сынды саладағы жоғары білімді талап ететін мамандықтарға да сұраныс артып келеді», – дейді ІІМ Кадр саясат департаменті Ведомстволық білім беруді ұйымдастыру басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Қанатбек Қарабеков. Осылайша, оңтайландырылған жаңа бағдарлама бойынша 2019 жылы 1 523 курсант, жыл басынан бері 3 100 курсант алғашқы даярлықтан өткен екен. 33 рейтингі жоғары ЖОО-лармен кадр дайындау бойынша меморандумдарға қол қойылған. Қысқарудан аман қалған білім ордалары тәжірибеге бағытталған оқу бағдарламаларына ауыстырылып, 130 адамдық практик-дәріскерлер пулы жасақталған. Олар – ІІО бөлімшелерінің қызметте жүрген басшылары. Ішкі істер министрлігі бұл өзгерістердің арқасында кадр жетіспеушілігін 7,1 пайызға дейін азайтып, оңтайландыруды одан әрі жалғастыруға ниетті.Шетелдік тәжірибенің қазақстандық үлгісі
Әрине, жаңа жүйеден күтер үміт зор. Өйткені тәжірибе шетелдік озық үлгілерге негізделген. Мәселен, Америкада полиция академиясында «коптарды» ең аз дегенде 12 апта оқытады екен. Ал оған дейін курсанттар орта мектепті бітірген соң екі жыл армияға барып келуі немесе заң мектебінде әлде колледжінде оқуы міндетті. Одан бөлек, бакалавр да бар. Оны оқу, оқымауды әркім өзі шешеді. Мұның бәрі қызметкердің шені мен лауазымына, соған сәйкес еңбекақысының аз-көптігіне тікелей әсер етеді. Еуропада да 1999 жылы Болон келісімі қабылданған соң 2002-2009 жылдар аралығында полиция қызметкерлерін даярлауда көптеген өзгерістер болды. Оған қосылған 42 елде, соның ішінде Еуроодақтың 27 елінде бакалавриат сақталып қалғанымен, оның мерзімі әртүрлі. Мәселен, Венгрияда 18 ай болса, Финляндияда – 5 жыл. Осы ретте, Еуропада білім беру саласында ортақ кеңістік қалыптастыру үрдісі әлі де жалғасуда екенін айта кеткен жөн. Мұндай шетелдік тәжірибені сол күйі көшіріп алу, әрине мүмкін емес болар, бірақ өзімізге тән моделін қалыптастыру жолында әлде де атқарылар жұмыстар көп. Сондықтан да жаңаша форматтағы полиция қызметкерін тәрбиелеп шығару үшін жалғыз оқу әдістемесіндегі өзгерістерден көп ештеңе ұтпасымыз анық. Оңтайландырылған жүйенің алғашқы қарлығаштарының бірі – Жеңіс Өнербек 2006 жылы Қытайдың Алтай қаласынан көшіп келген. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонында туристік полицияда қызмет етеді. «Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласына бүкіл отбасымызбен көшіп келдік. Осында Қаратал ауылы орта мектебінде 10-11-сыныпты оқыдым. Одан соң Семейдегі Құқық және бизнес колледжін тәмамдадым. Қарағандыдағы Майқұдық ауылында әскери борышымды өтедім. Үйленгенмін, екі ұлым бар. Полицияға жұмысқа биыл кірдім. Мұнда қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Тек жұмысыңды істесең болды. Бізге пәтерақы төленіп жатыр. Айлығымнан бөлек екі балам мен келіншегіме де жеңілдіктер бар. Барлығын қосқанда 370 мың теңге айлық аламын. Үш ай сайын сыйақы беріледі. Ендеше қандай қиындық болса да төзіп, қызметімді жан-тәніммен атқаруға дайынмын», – дейді ол.Парадигма өзгермей, пайда жоқ
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 2018 жылғы жиында «бұл саладағы қысқартулар қоғамдық тәртіпті қадағалауды әлсіретіп жібермеуі тиіс» деп те тапсырған болатын. Ішкі істер министрлігін реформалау туралы әрісі өткен ғасырдан, берісі екі жылдан бері айтылып келе жатқанына қарағанда, мұндағы өзгерістерді қазіргі министрдің өзі де асықпай жүргізгенді дұрыс көретінін сияқты. Бірақ тым асықпауға тағы болмайды. Өйткені бұл өзгерісті Президент те, халық та күтіп отыр. «Бізде әлі күнге ең басты нәрсе өзгерген жоқ. Ол – полиция қызметінің парадигмасы. Ішкі істер қызметкерлері қазір халыққа қызмет етпейді. Олар азаматтардың құқығын қорғаудан бұрын, жоғары басшылық қойған тапсырмаларды орындауға тырысады. Сондықтан да бірінші кезекте осыны өзгерту керек. Ведомстволық білім беруді оңтайландырудан екі сценарий күтуге болады. Біріншісі – ештеңемен былғанбаған, жаңадан келген қызметкерлер осы тазалығын сақтай отыра, коррупциядан, зорлық-зомбылықтан ада қызмет етіп, қалыптасқан жағдайды өзгертеді. Екіншісі – мұндағы әділетсіздіктерге көнбей жұмыстан шығып кетеді, әлде соның бір бөлшегіне айналады. Дәл қазіргі уақытта қатарға жаңадан қосылатын полицейлердің саны аз, сондықтан саннан бұрын сапаны сұрау асығыстық болар. Ал түпкі мақсатта олар азаматтық қауымдастықтың қолдауына сүйеніп, бұл құрылымды ішінен өзгертуі тиіс», – дейді «ІІМ реформасын талап етеміз» азаматтық қозғалысының тең төрағасы Ерлан Нұрпейісов. Ерлан Жасұланұлының айтуынша, ішкі істер саласын реформалау ведомстволық білім беру саласымен шектеліп қалмайтыны анық. Бұл тұста барлық мәселелер тұтас қарастырылып, бір-бірімен байланысы үзілмей жүзеге асуы тиіс. «Жұмысына адал қызметкерлерді жария түрде ұлықтаудың механизмі жасалып, оларды қызметтік көтермелеудің артықшылығы басқалар үшін ортақ мақсатқа айналуы кере», – дейді ол. Ал Қарағанды академиясында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ардагер ұстаз Жеңіс Сүйіндікұлы білім саласындағы өзгерістерді қолдамайтынын айтады. «Бұрын Кеңес Одағында заңгер дайындайтын тек екі-ақ оқу орны болатын. Ол ҚазМУ мен ҚарМУ еді. Ал қазір әрбір оқу орны осындай маман дайындайды. Олардың көбі шикі оқытады. Білімдері саяздау. Студенттері диплом алып шыққанмен, білім алып шықпайды. Сондықтан ведомстволық бакалавриатты әлі де болса қайтару керек. Бәлкім, күзетте тұратын, кезекшілікте жүретін сержанттарды 3-6 ай оқытуға болатын болар. Ал криминалист, тергеуші, жедел уәкілдерді олай оқыта алмайсың. Оларға тереңдетілген арнаулы білім керек. Сондықтан бұл өзгерістерге өзім де, мен білетін көптеген ардагерлер де қарсымыз», – дейді ол. Ведомстволық білім саласы елімізде алғаш рет өзгеріске ұшырап отыр. Сондықтан да оны сынайтындар да, қолдайтындар да табылар. Бірақ бір нәрсе анық. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – халықтың сенімін қайтару. Ендеше қысқа курстардың нұсқа мазмұны сервистік модельге бағытталуы тиіс.Нұрлан ҚОСАЙ