Алты баланы асырап алған ана
Алты баланы асырап алған ана
262
оқылды

Татьяна Соболевская – үш баласының үстінен 6 бала асы­рап алған ерекше ана. Үш бөл­мелі үйде әр отбасынан шық­қан, түрлі ұлт өкілдерінен құ­ралған көпбалалы отбасы тату-тәтті өмір кешуде.

13 жыл бұрын газетте жа­рия­ланған жарнама отағасы Ни­колайдың өмірін күрт өзгертеді. Хабарландыруда су құтқару қыз­метіне тәжірибелі сүңгуірлер қа­жет екені айтылған. Жарының Қара теңізде су астындағы қа­йық­та 3 жыл әскери борышын өте­генін білетін Татьяна бір­ден Николайға хабарлайды. Осы­лайша, Николай Анатольевич Қа­рағанды қаласындағы су құтқару қызметіне сүңгуір ретінде жұмысқа тұ­рады. Николай арманымен қай­та табысқандай күй кешеді. Қа­рағанды секілді кенішті шаһарда су астында ойнақ салып, дағдыларды жетілдіру мүмкін еместей болатын. Бүгінде ол суда жүзудің шебері, та­лай адамның өмірін құтқарып, үміт шырағын жақты. Дегенмен су түбінен өлі денелерді алып шы­ғатын жағдайлар жиі болады. Тура 13 жыл бұрын Татьянаның өмірінде де күрт бетбұрыс болады. Ол Қарағандыдағы «Таңшолпан» атты балалар үйіне жұмысқа тұ­ра­ды. Ерлі-зайыптылар осы сәт­тен бастап адам сенгісіз әсер мен тағдырдың тосын сыйларын ба­сынан өткізуде. Отбасы Кирилл мен Денис ат­ты екі ұл мен Нинель атты қызды тәрбиелеп жеткізді. Нинель жас кезінде анасымен бірге бала­лар үйіне еріп барып, күні бойы уақытын сонда өткізетін. Ол сондағы балалармен тез тіл та­бысып, айырылмастай дос болды, жанына жақын құрбылар тапты. Ерке қыз ата-анасына балалар үйі жеткіншектері арасынан сіңлі сыйлауды талап етеді. Анасы Татьяна да қилы тағдырдың құр­баны болған балаларсыз тұра ал­майтын күйге жетеді. Отбасы ақыл­даса келе басында Ксенияны асырап алады. Кейін Татьяна мен Николай Настя, Карина, Али­на, Мария және Луиза секілді бүлдіршіндерді де бауырына баса­ды.
«Бала асырап алу туралы ойды адам алдын ала жоспарламайды. Ол кездейсоқ келетін сезім. Кенет, тез, сол баланы құшағыңа алып, өзіңмен бірге алып кеткің келеді. Ол баланы көргенде, ол сенің бір бөлшегің екенін, оның жанымен сенің жаның егіз екенін бар бол­мысыңмен түсінесің. Ол сезімді ай­тып түсіндіру мүмкін емес. Қазір баланың суретін сайттан қарап таңдайды, сосын кездеседі. Ал біз­дің кезімізде олай болған жоқ. Мен балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс істеп жүріп, әр баланың өмі­ріне қанықтым. Олардың еш жа­зығы жоқ. Барлығы бақытты бо­луға, ата-ана мейірін көруге лайық екенін түсіндім. Олар ата-ана­сының қателігінен барлық өмі­рі талқан болған тағдырлар. Олар өмірдің қатыгездігін өте ерте сезінеді. Мен асырап алған қыз­дарыма ана болудың бақыт еке­нін, бала сүю ең зор сый екенін ұқтырып, саналарына сіңіруге ты­рысып келемін. Егер қыздарым жақсы отбасы болып, балаларына өмірді ғана емес, өздерінің мейірімі мен сүйіспеншілігін арнап өтсе, менің еңбегім зая кетпегені», – дейді Татьяна.
Бүгінде асырап алған балалар­дың ең үлкені – 24 жаста, кішісі – 10 жаста. Барлығы – қыздар. От­басы шағын 3 бөлмелі үйде тұ­ратындықтан, жынысы басқа баланы асырап алуға рұқсат бер­меген. Татьяна келешекте үйді кеңейтіп, ер бала асырап алуды армандайды. Бауырына басып, таңдау жасап қойған ер бала да дайын. Отбасы ресми рәсімдемесе де, тағдырдың ауыр соққысына тап болған Анар атты жеткіншектің де аяғынан тұрып кетуіне қам­қор болды.  Анар көпбалалы отбасын­дағы қыздардың ортасында бірге өсті. Тұрмысқа шықты. Бүгінде ол да көпбалалы ана.
«Кез келген көпбалалы отбасы секілді бізде де қиындықтар болып тұрады. Әсіресе, жасөспірім кез­де ата-ана мен бала арасында тү­сініспеушіліктердің туындауы заңдылық. Бірақ олар уақытша, өт­пелі қиындықтар. Басқа отбасылар секілді біз де ол баспалдақтан өттік», – дейді үлкен жүректі ана. Отбасы үшін отағасы үйдегі ең маңызды тұлға. Николай үшін де үйде болған әр минут мереке. «Үй үнемі тап-тұйнақтай жинаулы, ұя­дай жылы», – дейді отағасы. «Қызы көп үйдің отағасы болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Үйге келгенде ауыр жұмыстан қал­жырап келгенімді бірден ұмы­тамын. Мен өзіме арқа сүйеген қан­шама жанның қамқоршысы еке­німді сезінемін, кеудемді мақ­таныш кернейді. Қателесуіме, мүлт кетуіме, шаршап-шалды­ғуыма қақым жоқ. Сенім артқан аяу­лы жарымның үмітін ақтауым керек», – дейді құтқарушы. «Николай – сыртта құтқарушы, үйде қорғаушымыз. Ол өте мейірім­ді әке. Оның қолдауынсыз мұндай тәуекелге бара алмас едім. Қасыңда мықты, нағыз арқасүйер азамат бол­ғанда ғана өмірді өзгертуге, әлем­ге мейірім төгуге болады», – дей­ді Татьяна.
Өз баласына мейірін төге ал­май, жат табалдырыққа қалдырып кеткен аналар мен туған баласына қайырылмайтын әкелер жетерлік. Соболевскийлер отбасын бүгінгі күннің қаһармандары десе де бо­лады.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы