«Атырауда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XVI маусымының жабылу салтанаты өтті.
Жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеп, ұлт мүддесін ойлайтын тұлға болып қалыптасуына себепкер болатын еңбек маусымының жабылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова маусым бойы белсенділік танытып, үздіктер қатарынан көрінген бір топ жастарды марапаттады.
Шарада алғаш сөз алған Бақытгүл Хаменова «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының маңызына тоқталып өтті.
– Келешек ұрпаққа экологиялық білім беріп, оларды еңбексүйгіштікке, патриоттыққа, жинақылық пен тазалыққа тәрбиелейтін «Жасыл ел» бағдарламасының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Осы арқылы қаншама жас бос уақытын тиімді өткізіп, еліне қызмет етуде. Жыл сайын «Жасыл елде» еңбек еткісі келетін жастар санының артуы да көңіл қуантады. Өңірімізде жастарды ілгері дамытуға арналған жобалар да, мүмкіндіктер де аз емес. Тек оны өз керегіне қарай дұрыс пайдалану әрбір жастың құзырындағы дүние, – деді Бақытгүл Хаменова.
Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары маусым бойы белсенділік танытқан бір топ жасты «Үздік жоба», «Үздік командир», «Үздік медиа маман», «Үздік штаб», «Үздік жұмыс беруші», «Жыл серпіні», «Үздік сарбаз» аталымдарымен марапаттады.
Атырау облысында соңғы бес жылда «Жасыл ел» жобасы аясында сегіз мыңға жуық жас жұмыспен қамтылған. Ал биыл 1 004 жас жұмысқа тартылған. Облыс орталығынан екі жүзден астам, ал аудандардан жеті жүзден астам жас «Жасыл ел» жастар еңбек жасағында еңбек етті.
Еңбегі еленіп, халық алдында алғыс алып жатқан жастардың қатары келер жылы да толығары анық.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,Атырау облысы