Кейінгі кездері ел футболында өнер көрсететін өзге шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын беріп, оларды ұлттық құрамаға шақырту мәселесі көп талқыға түсіп жүр. Легионерлерге сенім артқаннан осы күнге дейін оң нәтижеге қол жеткізе алдық па? Біз бүгін осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде тарқатып айтпақпыз.
Жасыратыны жоқ, құрамаға легионер тарту – әлемде бар тәжірибе. Азуын айға білеген мықты құрамалар да легионерлерге сенім артады. Атап айтқанда, Испания құрамасындағы Диего Костаның, Португалиядағы Пепенің, Италиядағы Жоржиньоның есім-сойы футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Әрқайсысы қазірдің өзінде командаларындағы үздік футболшылардың қатарында. Мұны құрама қатарына алынған легионердің сол елдің ойыншыларынан деңгейі әлдеқайда жоғары болуы керек екенінің дәлелі деп те айтуға болады. Бізде өкінішке қарай, олай болмай тұр. Көбіне екінші сортты, өз елдеріне қажетсіз футболшылар шақырту алады. Ал олар қазақ жастарының, ұлттық құраманың дамуына бөгет жасап отыр. Сондықтан легионер деген осы екен деп жөн-жосықсыз сырттан келгендерді төбемізге көтере бермей, өзіміздің футболшыларға да мүмкіндік берген жөн. Статистикаға сенсек, бүгінге дейін Қазақстан ұлттық құрамасының жейдесін 40-қа жуық легионер киіп үлгеріпті. Кейінгісі украиналық қақпашы – Дмитро Непогодов. Бұл тізімнің алдағы уақытта кеңейтілуі де ғажап емес. Сандарға сөз берсек, Леонид Пахомовтың кезінде 9 легионерге, Мирослав Беранектің кезінде 8 легионерге азаматтық берілген. Стойловтың кезінде де сербиялық қақпашы Ненад Эрич пен Евгений Постников ұлттық құрама жейдесін киді. Содан бері бұл үрдіс жалғасып келеді. Жалпы, ұлттық құрамамызды жаттықтырған бапкерлердің қай-қайсысы болмасын көз қырын «сырттан келген сырттандарға» қарай салып отырған. Өзгелер үшін қайдам, біз үшін «көк құжат» ойыншыққа айналды. Соның арқасында бірнеше өзге ұлттың ойыншысына азаматтық ұсынылды. Алайда құрамамызды күшейтеді-ау деп сенген серкелеріміздің ешқайсысы сенім үдесінен шыға алмады. Андрей Сидельников, Виктор Дмитренко, Валерий Коробкин, Анатолий Богдановтар бер жағы ғана, Қазбек Гетериев, Юрий Аксенов, Андрей Шкурин, Александр Крохмаль, Никита Хохлов дегендер де ойнаған бір кездері Қазақстан сапында. Ресей футболының төменгі лигаларынан келген Михаил Рожков, Алексей Поповтарға да азаматтықты ойланбастан бердік. Елімізде туып, ата-аналарымен бірге Германияға көшіп кеткен неміс футболшыларын да бірнеше рет елге аттай қалап алдырдық. Олардың алды Қазақстан құрамасында ойнап үлгерді. Мысалы, ұлттық құраманы Бернд Шторк жаттықтырған тұста құрама жейдесін Сергей Каримов пен Генрих Шмидтгаль киді. Одан кейін Мирослав Беранек Константин Энгельге, Юрий Красножан мен Михал Билек Александр Меркельге мүмкіндік берді. Ұлттық құрама жеңілістен көз ашпаған соң сырттан шабуылшы іздеп шарқ ұрдық. Бұл өзекті мәселеміздің біріне айналды. Сол себепті бір кездері «Қазақстан сапына Гоу мен Исаэльді де шақыру керек» деп шуластық. Ал Жерар Гоудың агенті ресейлік Сергей Новиковтің отандық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Футболшының өзі Қазақстан құрамасында ойнауға қарсы емес. Гоу – Қазақстанды екінші отаны санайды» деген пікірін білдірді. Футболшының өзі де: «Федерация ұсыныс жасаса дайынмын» деген болатын. Алайда ивуарлық шабуылшы елден кеткен соң өзге клубтарда жарытып ойнай алған жоқ. Кейін ел футболының басындағылар бұл ойынан айнып, шабуылшыны өзімізден іздеуді жөн санады. Оған да шүкір дестік. Белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан бұдан былай легионерлерді құрамаға шақыртуды тоқтату керек екенін айтып отыр. – Мен федерацияның бұл бастамасын құптамаймын. Құрамаға легионерлердің түкке де керегі жоқ. Олар мықты болса, өз елдерінің ұлттық құрамаларында ойнамай ма?! Демек, бізге ойнатқысы келетін футболшыларының дені өз елдерінде мүлдем есепке алынбайтын ойыншылар. Бір сөзбен айтқанда, федерацияның ұлттық құрамаға легионерлер тарту саясатына Қазақстан футболшыларына жасаған қиянаты деп баға беремін. Шеттен келімсектер шақыртудың қажеті шамалы, – дейді спорт комментаторы. Спорт шолушысы Нұржан Туғанбай да келімсектерге жұмсаған ақшаға балалар футболын дамытқан жөн деп санайды. – Ұлттық құрамаға сырттан легионер шақырту мүлдем қажет емес. Ел спортының жанкүйері, спорт жанашыры ретінде бұл үрдіске қарсымын. Ұлттық құрама деп аталғаннан кейін ол жерде өзіміздің қаракөздеріміз ойнауы қажет. Сырттан келген келімсектердің құрамаға жаны ашымайды. Олардың көздегені тек ақша ғана. Сондықтан барын салып ойнамайды. Керісінше, біз легионерлерге жұмсайтын қаржыны балалар футболына салуымыз керек. Келімсектер келеді, кетеді. Түбінде қалатын өзіміздің футболшыларымыз. Сондықтан қазақ жастарын футболға баулып, әр өңірден футбол академияларын ашқан әлдеқайда дұрыс шешім, – деді ол. Расымен, өзіміздің қаракөздеріміз тұрғанда шеттен легионер шақырту ақылға қонымсыз қадам. Отандық футболшыларға сенбесек, олардың жаттығуына, ойнауына жағдай жасамасақ, құраманы не үшін құрдық деген ой келеді. Ұлттық құрамада әрқашан ел намысын қорғай алатын жігерлі футболшылар ойнағанын қалаймыз. Тек олар өзінің шын мәнінде мықты екенін дәлелдесе дейсің.Абылайхан ЖҰМАШ