20 минутта 9 сиыр сауатын табысты келіншек
20 минутта 9 сиыр сауатын табысты келіншек
174
оқылды
Гүлзат Шахметова бүгінде ауылдастарының мақтанышына айналды. Ол отбасымен бірге кәсібін қатар алып жүрген еңбекқор жан. Сүтін сауып, майын шайқап, атасы мен енесінің алғысына бөленіп жүр. Төрт баланың анасы Гүлзат Шахметова 34 жаста. Ол Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Талдысай ауылында тұрады. Келіншектің қолынан шыққан қазақтың табиғи өніміне сұраныс жоғары деп жазады KzNews. Гүлзаттың құртын ауыл мен аудан халқы ғана емес, Ақтөбе қаласынан және Атырау облысынан арнайы тапсырыс беріп алдыртатындар бар. Ол бұл тірлікті бала кезден меңгерген екен. «Бәрі де бала кезден жасап жүрген жұмыс. 5-сынып оқып жүргеннен бастап анама көмектесіп, құрт жасайтын едік. Тұрмысқа шыққаннан кейін бұл жұмыстар қиын болған жоқ. 9 сиырды 15-20 минутта сауып, 30-35 литр сүт аламын. Қазір жайлап суалып жатыр. Сүтті тартамыз, құрт дайындаймыз. Тек ірімшік жасауды енемнен үйрендім. Енем көмектеседі. Әйтпесе, баламен бәріне үлгеру қиын.  Екеулеп құрт, май, сүзбе сарысу, ірімшік жасаймыз. Өнімді ауылдағылар да алады, қалаға да сатамын. Ауданда апаратын дүкендерім бар. Тапсырыс болса Атырауға да жіберемін. Жасап үлгермей жатамыз», – дейді Гүлзат Шахметова. Қазір пандемия кезінде құртқа, жалпы табиғи өнімге сұраныс көбейген. Келін болып түскеніне 15 жыл болған Гүлзат бүгінде кәсіпкер. 2018 жылы «Бастау Бизнес» жобасы арқылы курс оқып, «Даму» қоры арқылы 3 миллион теңге көлемінде несие алады. Соған 10 сиыр, жем-шөп алған. Несиені де ағарғаннан түскен табыспен жауып отыр. Еңбекқор келіншекке енесі де риза.
«Келінім ауылдың баласы, Келген бойдан отын жағып, шаруасын жасап кетті. Тізе бүгетін уақыты жоқ. Кезінде 10 шақты малымыз бруцеллезге шалдығып, аздап күйсізденіп қалған едік. Келінім мемлекеттің оқуын оқып, берген ақшаларына мал алды. Шаруасына шапқылап жүр. Шалымыз екеуміз әліміз келгенше жәрдем береміз. Балалардан аяйтынымыз жоқ. Алла тек берекетін берсін. Бес бала өсірдім: үш қыз, екі ұлым бар. Балаларымның бәрі аяққа тұрды. Қолымда кенжем, ол вахтада жұмыс істейді. Осының тілегін тілеп отырамын. Қарап отырмай, ұршық иіремін. Тоқыма тоқимын. Жаман кемпір болсам да әйел істейтін шаруаның бәрін істеймін. Алла тек елімізге амандық берсін», – дейді Жамал Шахметова анамыз.
Гүлзат Шахметова болашақта мал басын көбейтіп, қазақтың ұлттық тағамдарын көбірек жасауды қолға алмақ.