Полицейлер Алматы облысында жоғалған 14 жастағы оқушы қызды іздеп тапты.
Облыстық полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, оқушы қыз Алматыда жалдамалы пәтерлердің бірінен табылған. Қыздың 7 қарашада жоғалғанын Ұйғыр аудандық полициясының кезекші бөліміне Үлкен Ақсу ауылының 37 жастағы тұрғыны хабарласып, айтқан. 2005 жылы туған қызы Нигара Кадирдинованың жоғалып кеткеніне шағымданған. Оқушыны табуға оның туыстары мен еріктілер көмектескен.
«Қызды қызметкерлеріміз кеше Алматыдан тапты. Оны Шонжы ауылындағы үйіне қайтарды. Қазір ол туыстарына табысталды. Қыз интернет арқылы танысып, араласып жүрген жігітіне қашып кетіпті. Қызбен ювенал полицейлері алдын ала әңгіме жүргізіп, тізімге алынды» делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, қыздың ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр.