Қазақстанда Жер фестивалі өтеді
Қазақстанда Жер фестивалі өтеді
338
оқылды

Жаһандық жер фестивалі 2021 жылы елімізде өтеді.

«Хабар 24» арнасының хабарлауынша, фестивальде экология мәселесі көтеріледі.

Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрайымы Әлия Назарбаева мен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшылығы бастаған еліміздің делегациясы Монако қаласында өткен форумға қатысты.

Жаһандық жер фестивалі – экология, жасыл экономика және жаңаша ойлау бағытындағы маңызды форумдардың бірі. Мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, экология мен жасыл технологияларды дамытуға қатысты мәселелерді шешіп, күрделі жобаларды іске асыру.

Қазақстанның әлемге әйгілі форуммен ынтымақтастығы жақында ғана басталды. Биыл Астана экономикалық форумына Жаһандық жер фестивалінің ұйымдастырушысы – танымал суретші Мария Ребекка Баллестра қатысқан болатын. Аталған іс-шарада екі жақ өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрағасы Әлия Назарбаева және жер фестивалінің бас директоры, сондай-ақ өкілетті министр және Князь Альберт II мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Бернар Фаутьер кездесу барысында 2021 жылы елімізде Жер фестивалін ұйымдастыру туралы келіскен.

Жаһандық жер фестивалінің ұйымдастырушысы Мария Ребекка Баллестра: «Біз 2021 жылы кезекті Жер фестивалін ұйымдастыруды талқыладық. Әдетте Венецияда немесе Монакода өтетін фестиваль енді Қазақстанда да өтетін болады», – деді.