Биші Перизат Омарбекова өзі талай жыл еңбек еткен «Қазақконцерттен» жұмыстан шығып қалғанына өкпелі. Әлемнің 30-дан астам елін қазақ биімен тәнті еткен биші қызды жұмыстан шығаруға не себеп болды?
«Қазақконцерттен» кеткен жоқпын. Мені жұмыстан шығарып жіберді», – дейді биші Перизат Омарбекова. –1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжымым еді. Менің өнерімді сахнадан көріп, ұнатып, «Қазақконцертке» өздері шақырған болатын. Ол кезде басшылықта Валерий Күзенбаев деген кісі еді. Алтынбек Қоразбаев ағамыздың өзі «Қазақконцертке» 3-4 жылдан кейін келді. Алтынбек аға ең әуелі менің жаттықтырушымды жұмыстан шығарып жіберді. Бишілерге жаттықтырушы ауадай қажет адам. Мая Плицеская деген орыстың атақты бишісі болды. Сол кісінің қасында өле-өлгенше жаттықтырушысы бірге жүрді. Спортта да тренер міндетті түрде жандарында жүреді ғой. Сол секілді бишінің де қасында жаттықтырушысы болуы керек. Бәріміздің қарсылығымызға қарамастан, жағдай солай болды. «Кәсіби биші өзі биді қоя алады» деген талап қойды». Биші өзінің екінші концертінен кейін үлкен кештерге шыға алмай қалғанына қапаланады. Сөйтіп жүргенінде жұмыстан біржола шығарып жіберіпті. «Жұмыстан шыққаны» туралы хатты үйге жіберіпті. «Бес жасымнан сахнада жүрген қызбын. Қазақ өнеріне барлық өмірімді арнап келе жатқан адаммын. Би өнеріне азды-көпті еңбек сіңірдім деп айта аламын. Әлемнің 30-дан астам елінде би билеп, қазақтың туын желбіретіп келдім. Бірақ біз өз елімізде неге бағаланбай қаламыз? Үндемей жүре берер едім. «Қазақконцерттің» 60 жылдық мерейтойында іздемеді, ешқандай кештерге шақырмады. 20 жыл бойы осы «Қазақконцерттің» жалғыз бишісі болдым ғой. Темір де үзіледі. Шыдамның да шегі болады екен. Осы нәрсе жаныма қатты батты. Басшылықтың «күте тұрыңыз» дегеніне қаншама жыл болды», – дейді биші. Перизат Омарбекова өз басынан өтіп жатқан жағдай туралы айтып, әлеуметтік желіде де жанайқайын жеткізгенімен, әзірге хабарласқан ешкім болмапты. Басшылық та үнсіз жатқан секілді. «Жауабын күтіп жүрмін», – дейді биші. Жылт еткен әншінің көбі табыссыз қалған жоқ. Пандемияға дейін той-томалақта ән айтып, қалтасын қалыңдатып келді. Әншінің жеке табысы бар, ал бишінің ше? «Биші ретінде тойға көп шықпаймын. Менің екі қызым бар. Үлкен қызым университетте ақылы бөлімде оқыды. Жалғызбасты ана болғаныма қарамастан, жұмыстан шығарып жіберді. «Бұл қалай күн көріп жүр?» деген сұрақ та болмады. Жан бағу керек болған соң мектебімді ашып, сонымен күн көруге тура келді. Ұзынағашта өнер мектебі бар. Соған қосымша жұмысқа тұрдым», – дейді Перизат. Оны өкінтетін дүние – ұзақ жыл жұмыс істеген ұжымынан себепсізден себепсіз босағаны. «Қазақконцертте» балетмейстер немесе жаттықтырушы болып та жұмыс істей беруіме болар еді», – дейді кейіпкеріміз. Жұмыссыз жүрген бишіге жан бағу оңай болмаған сияқты. «Бұрын атақты өнер адамдарының өмірінің соңы қиындықпен өткенін оқығанда таңғалатын едім. Олар неге бұлай болды екен деп ойлаушы едім. Сондай жағдай қазір өз басымнан өтіп жатыр», – дейді биші қыз. Қазір биші Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының солист-бишісі болып еңбек етіп жатыр. Бұл жұмысқа келгеніне де көп болған жоқ. Театрдың басшысы Дәлел Уашев бишінің жағдайын түсініп, жұмысқа алған екен. «Жаңа билер, жаңа костюм дайындап жатырмын. Қазіргі жағдайым – осындай. Менің өнер жолым «Қазақконцерттен» басталған еді. Ғұмырымның жартысына жуығы осы ұжымда өтіп еді. Бұл – басшылықтың маған жасаған қиянаты. Маған ғана емес, өнерге жасалған қиянат деп білемін», – дейді Перизат Омарбекова. Шетелдерге сапарларын көбіне Мәдениет министрлігі ұйымдастырған екен. «Қазақ биі керек кезде мені іздейді. Ал ұжымдағы жағдай мүлдем бөлек болды. Алматыда, Нұр-Сұлтанда үлкен масштабта өтетін концерттерге шығармай ұстады. Неге бұлай болды? Бишілердің сахнадағы өмірі онсыз да қысқа ғой. Сол қысқа ғұмырыңды осындай жағдайлармен шектеп отырса, қалай жаның ауырмайды? Адам күйзеліске түсіп кетсе, қиын болады екен. Біраз уақыт күйзелісте жүрдім. Мұның бәрі өнер адамына оңай тимейді» деп қамығады биші. Ал бұл мәселеге қатысты белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев: «Мен өз тарапымнан бұйрық беріп, Перизатты жұмыстан шығарған емеспін, артынан қудалаған да жоқпын. Перизатты көрмегелі 4-5 жылдай болып қалды. Кезінде аласапыран уақытта «Қазақконцерт» бірлестігі «Қазақ Әуендері» акционерлік қоғамынан мемлекеттік концерттік ұйымы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға көшкеннен кейін 20-30 адамның қысқарғаны рас. Соның ішінде Перизат Омарбекова да бар» деп жауап қайырған екен. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлына қоңырау шалып едік. Ол кісі қоңырауымызға жауап берген жоқ. Ал баспасөз қызметіндегілер директордың іссапарда жүргенін айтты.Айым БЕКТҰР