Атырауда Тұңғыш Президент күні қарсаңында Миялы қорғанынан табылған «Ұлы дала жауһары» атты алтын адам реконструкциясының ашылу салтанаты болды. Шарада Миялы қорғанынан табылған 250-ге жуық тарихи құнды жәдігер көрермен назарына ұсынылды. Ел тарихындағы осындай айтулы шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты. Өңір басшысы тарихымызды түгендеу жұмыстары әр кез басты назарда болатынын атап өтті.
Көне тарих көп сыр жасырған өңірдің төл тарихымызға қосар олжалы сәті әлі де алда. Өз дәуірінде ұлы мемлекет құрып, әлем өркениетіне үлес қосқан елміз. Соңғы жылдары табылған мыңдаған жылдардың сырын бүгіп жатқан баға жетпес тарихи жәдігерлер оған нақты мысал. – Биыл табылған сармат тайпасының ақсүйегі тарихи жадымызды жаңғыртқан жаңалық болды. Бүгін куә болып отырған Миялы қорғанынан табылған екінші «алтын адам» ұлы даламыздың дара жауһары. Құнды жәдігерлеріміз біздің 2 мың жыл бұрынғы терең тарихымызды зерттеуге мүмкіндік береді. Атырау өлкесінің қойнауы қазба байлыққа ғана емес, тарихи құндылықтарға толы. Төл тарихымызды түгендеу жұмыстары басты назарымызда болады. Топырағы тарихқа тұнған Атырау өңірінің ұлттық кодты жаңғыртудың ұстынына айналарына сенемін, – деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов. Облыс әкімі, сондай-ақ шара барысында ұлттық құндылықтарымыздың жандануына ерен еңбек сіңіріп жүрген реставратор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі, Құрмет орденінің иегері Қырым Алтынбековтің еңбегін ерекше атап өтіп, арнайы ризашылығын білдірді. Миялы қорғанына жүргізілген қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі Марат Қасеновтің айтуынша, қазба жұмыстары нәтижесінде табылған әйел адам сармат тайпасына тиесілі. Әйелдің үстіндегі киімі, тұтынған бұйымдарының көбі алтыннан жасалған. – Қабірді топырақтан тазалау кезінде алтын жапсырмалар мен алтын сырғаның бөліктері шықты. Қаңқаның аяқ жағынан пішіні шар тәріздес, төртқұлақты қола қазан табылды. Жалпы биіктігі 23 см болатын қола қазанның пішіні шар тәріздес. Қазанның тігінен орналасқан 4 тұтқасы бар, қарама-қарсы орналасқан екеуі жылқы стилінде бейнеленген, қазан ішіне қарап тұрғандай әсер береді. Жылқының жалы, құлағы және құйрығы анық байқалады. Одан бөлек, темірден жасалған 2 ат әбзелі, белдік жапсырмалары, сырға, құс бейнелі жапсырмалар, алтын жапсырма, қола жебе ұштары, қыш ыдыс секілді жәдігерлер де анықталды, – дейді Марат Қасенов. Сонымен қатар археолог Атырау өңірінде мұндай обалардың көп екенін, әлі де біраз тарихи құндылықтар зерттеліп жатқанын атап өтті. Археологтердің пікірінше, Атырау жерасты қазба байлықтарымен ғана емес, тарихымыздың дәуірін, құндылықтарын паш ететін тарихи қазба орындарымен де ерекшеленеді. Сондықтан дәуір жәдігерлерін аршып табуда мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, археология саласының дамуына мән беру – уақыт күттірмейтін іс.