Британия білімділерді бағалайды
Британия білімділерді бағалайды
241
оқылды

Таяуда Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон шетелден келетін дә­рігерлер мен мейірбике­лер­ге жеңілдетілген виза бе­рі­летінін мәлімдеді. Борис мыр­заның мұндай шешімінен ел­дегі кадр тапшылығы мен шар­­тараптың түкпір-түк­пі­рі­нен таланттарды тартуға тал­пынысты аңғару қиын емес.

Премьер-министрдің айтуын­ша, «Брексит» аяқталғаннан кейін енгізілетін жаңа виза жүйесінің жа­ғымды тұстары көп. Оның құ­ны екі есе азайып, 464 фунт-стер­лингті құрамақ. Сондай-ақ өті­німді қарау мерзімі екі аптаға дейін азайып, «Ұлттық денсаулық сақ­тау жүйесінде» (NHS) жұмыс істейтін шетелдіктерге басымдық беріледі. Виза құнын және басқа да шығындарды жалақысынан төлеуге рұқсат етілмек.


Ұлыбритания иммигранттардан үмітті

Ұлыбританияның ішкі іс­тер министрі Прити Пателге жүгінсек, мұндай қадам им­ми­гра­цияны бақылап, қажетті маман­дықтарға басымдық беруге жағдай жасайды.

«Австралия стилінде жасалған иммиграция жүйесін енгізу жос­пар­ға сай жүріп жатыр. Осындай бастама арқылы шетелден кел­ген­дерді бақылап, мейірбике секіл­ді тапшы мамандарды елге шақы­рамыз. Бұл әлемнің түкпір-түк­пірінен таланттарды әкеліп, NHS жүйесінің сапалы қызмет көрсетуін жалғастыруға мүмкіндік береді. Әрі шекарамызды екінің біріне ашық қалдырмаймыз» дейді ол.

Алайда Борис Джонсонның шешімін сынағандар да бар. Мәселен, Royal College of Nursing колледжінің басшысы Дэйм Донна Киннайр шетелден қызметкер шақыру мәселені толыққанды шешпейді деп есеп­тейді. Оның пайымдауынша, ел­дегі жұмыссыздарды осы салаға бейімдеу қажет.

Бұдан бөлек, экс-премьер Тереза Мэйге де Б.Джонсонның шешімі ұнаған жоқ. Т.Мэй бұлай иммиграцияны бақылау мүмкін емес деп есептейтінін жеткізді. Бұрынғы үкіметбасының мұндай пікіріне таңғалудың қажеті жоқ.

Кезінде Т.Мэй ішкі істер министрі лауазымын атқарып тұрғанда, иммигранттармен қатты күрескен еді. Мысалы, Мэйдің кабинеті Ұлыбританияда жұмыс істеу үшін шетелдіктің кемінде 30 000 фунт-стерлинг жалақы алуын міндеттеген-ді. Ал мұндай сома екінің біріне берілмейтіні бесенеден белгілі. Әсіресе, мейір­бике, аспаз, күзетші секілді жұ­мыстарға төленетін жалақы жоға­ры емес. Ал дамушы елдерден ағыл­ғандар әдетте қара жұмыс іздейді.

Жоғарыда жаңа жүйенің «Брек­сит» аяқталған соң енгізілетінін айттық. Ұлыбритания Еуропалық одақтан шыққаннан кейін «кәрі құрлықтан» келетіндердің «Тұманды Альбионда» емін-еркін жүруіне тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ ғалымдарға, инженерлер мен технологтарға жеңілдетілген виза ұсынылады. Консервативтер партиясы өкіл­дерінің пікіріне сүйенсек, мұндай бастама «Брекситтен» кейін білімді қызметкерлерін ұстап қалуға жағ­дай жасайды.

 

Таланттарға талас

Борис Джонсон бастаған үкі­меттің мұндай либералды бастама ұсынуының бірқатар себебі бар. Біріншіден, желтоқсанда елде парламенттік сайлау өтеді. Онда жеңіске жету үшін консервативтік партиясы қаласа да, қаламаса да осындай жүйе енгізуі қажет. Өйткені қазіргі таңда дамушы елдерден келген иммигранттар Англияның байырғы тұрғынына айналғалы қашан! Өткен ғасырдың ортасында Британ им­периясы Бангладеш, Үндістан секілді колонияларынан арзан жұмыс күшін көптеп әкелген-ді. Олар бүгінде азаматтық алып, отбасын құрып, немере сүйіп отыр. Яғни, отандастарының виза алуына жеңілдік беру арқылы олардың қолдауына ие болуды көздейді. Оның үстіне, ағылшындар дәстүрді берік ұстанса да, либералды көзқарасты дұрыс көретіні белгілі.

Екіншіден, «Брексит» аяқтал­ған соң «Тұманды Альбионда» кадр тапшылығы туындауы мүмкін. Өйткені Польша, Чехия секілді Шығыс Еуропа елдерінен келетіндер бұрынғыдай емін-еркін жұмыс істей алмайды. Мәселен, қазіргі таңда Англияда 2,3 мил­лион еуропалық еңбек етеді. Еуропалық одақ пен ел үкіметі «Брексит» бойынша нақты келісе алмағандықтан, Ұлыбританияда жұмыс істейтін еуропалықтардың болашақ тағдыры әлі толыққанды шешілген жоқ. Алда-жалда «кәрі құрлықпен» оңтайлы мәміле жа­сал­маса, Англия «екі қолға бір кү­рек» ұстайтын адам таппай қалуы мүмкін.

Премьер-министр «өгізді де өлтірмеуді, арбаны да сын­дыр­мауды» көздейді. Маман тапшы салаларға жеңілдік жасау арқылы елге арзан жұмыс күшін тартады. Яғни, шетелден кім көрінгенді емес, білімділерді ғана шақырмақ. Сондай-ақ ол қарапайым халыққа либералды көзқарас ұстанатын бас­шы болып көрінбек. Ендеше, Б.Джон­сон осы қадам арқылы «екі жеп биге шығуды» көздейтіні түсінікті.

Жалпы, «ақыл-ойдың кө­шуі», яғни білімді әрі талантты тұр­ғындардың жұмыс іздеп шетелге ағылуы бүгін кездесіп отырған мә­селе емес. Мұның тиімді тұсы да, жа­ғымсыз жағы да бар. Мә­селен, «ақыл-ойдың көшуі» сол мем­лекетке айтарлықтай экономи­ка­лық, мәдени, кейде саяси за­лал тигізуі мүмкін. Керісінше, им­ми­гранттарды қабылдайтын ел арзан, бәсекеге қабілетті зият­керлік капиталға ие болады.

 

Біздің елде ше?

Білімді мамандардың ше­тел­ге кетуі Қазақстанда да бар. Ста­тистика комитетінің мәлі­ме­тіне сүйенсек, кейінгі он жыл­­да елі­мізден 310 мың адам кө­шіп кет­­к­ен. Ал «тоғызыншы терри­то­­рияға» келгендер саны – 237 мың шамасында. Әсіресе, 2014 жыл­­дан бері эмигранттар күрт кө­бейген. Мысалы, былтыр 41 868 адам шетелге бағын іздеп кетіпті. Эмигранттардың басым бөлігі тұрғылықты жер ретінде ТМД ел­­дерін, оның ішінде Ресейді таң­дайды. Осы орайда, мына нәр­­сені ескерген жөн. Шетел асқан­дардың үштен біріне жуығы – жо­ғары білімді. Мәселен, 2017 жы­лы олар­дың саны 11 290 адамға жеткен.

АҚШ-та банк саласында жұмыс істеп жүрген экономист Нұржан Жамбековтың пайымдауынша, мұның басты себебі – эконо­ми­калық және әлеуметтік тұрмыстың төмендігі.

«Шетел көрген, мүмкіндігі бар, білікті һәм білімді мамандар көбірек ақша табуды көздейді. Сонымен қатар балаларының ке­ле­шегіне алаңдап, тұрғылықты мем­лекетін ауыстыратындар да бар» дейді ол.

Жастардың жайлы өмір іздеп жат жұртқа кетуі Парламентте де жиі көтеріледі. Былтыр Сенат де­путаты Мұрат Бақтиярұлы осы мәселеге ерекше тоқталды. «Қазақстан тарапы басқа мем­лекеттің экономикасы үшін қар­жы шығындап, орта білім бер­ген болып шығады. Бұл – ақыл-ой көші. Экономикаға пайдалы жас­тық қуаттың, жұмыс әлеуетінің кетуі. Мектепте білім алу үшін мемлекет жыл сайын әр балаға 3 млн 200 мың теңге қаржы бөліп, әр тұлғаның қалыптасуына қаншама маман тер төгеді. Соның бәрі кейін өзгелерге дайын еңбек күші ретінде үлестіріліп отыр. Бұл ел үшін үлкен экономикалық шығын, адами ка­пи­талға келтірілген нұқсан еке­ні­н­е көз жеткіземіз» дегені бар еді сенатордың.

Жалпы, қазіргі таңда әлемде білімді әрі талантты мамандарға талас жүріп жатыр десек, қате­леспейміз. Қай мемлекет қолай­лы жағдай жасап, жақсы жалақы ұсынса, үздіктердің сонда ағыла­ты­ны белгілі. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джон­сонның мейір­бикелерге жеңіл­де­тілген виза беруі де осыған байла­нысты. Ендеше, әр мемлекет кәсіби ма­мандарды ұстап қалу үшін мүм­кіндік жасауы қажет еке­нін тағы бір рет айтудың артығы жоқ.


Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ