«Баяғы жартас – бір жартас». Прайм-тайм жыры жақын арада бітпейтін секілді. «Қазақ киносына сұраныс жоқ» деп кинотеатр басшылығы, «қазақша фильм прайм-таймда қойылмайды» деп көрермен зар илейді. Бұрын режиссер қауым бұл мәселенің түп-төркіні «Кино туралы заңның болмауында» деп түсіндіретін еді. Алайда заң бекіді. Көрермен күткендей оң өзгеріс болған жоқ. Сол баяғы «әлауләйлыммен» әлі жүрміз.
Белгілі режиссер Ақан Сатаев «Прайм-тайм уақытқа қою мәселесін біз шеше алмаймыз. Ол – кинотеатр басшылығының құзырындағы дүние» деген еді. Демек, кинотеатр басшылығы қазақ фильмдерді прайм-таймда көрсетуге құлықсыз не қазақ тіліндегі фильмге сұраныс жоқ.
Көрермен неге талап етпейді?
9-баптың 5-тармағында «Егер Қазақстанда шығарылған фильмде қазақ тілімен қатар басқа да тілдер қолданылған жағдайда, оны прокаттауды және көрсетуді жүзеге асыру кезінде басқа тілдердегі мәтін қазақ тілінде субтитрленуі не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуі тиіс». Яғни, кез келген фильмнің қазақ тіліндегі дубляжы болуы тиіс. Болмаса, субтитрмен берілуі міндетті. Бірақ бұл белгілі бір уақытта көрсетілсін деген талап емес. Сол себепті кинотеатр басшылығына шетелдік кассалық фильмдерді субтитрмен көрсету тиімдірек болып тұр. Коммерциялық ұйым болғаннан кейін олар сұранысқа сай қызмет етеді. Егер көрермен қазақ тілін емес, орыс тілін таңдаса, оның өз қалауы. Оған ешкім қазақша кино көр деп мәжбүрлей алмайды.
Ұлттық фильмдерді көрсетсе, кинотеатр салықтан босатылады. Бірақ оған міндетті түрде қазақша көрсетесің деген талап қоя алмайсыз. Ұлттық фильмді орысша да, қазақша да көрсете алады. Шетелдік фильмдерге қарағанда, ұлттық фильмге көрсетілетін жеңілдік осындай.
Мемлекеттік тілдегі киноға сұраныс жоқ екенін өзіміз де байқағандай болдық. Мәселен, «Болашақ» қауымдастығы дубляж жасаған «Ойыншықтар хикаясы» кинотеатрда бір мезгілде, бір уақытта қойылды. Көпшіліктің дені орыс тіліндегі нұсқасын таңдады. Қазақ тіліндегі көрсетілімде 6-7 адам отырдық. Демек, қызықпайды.
Фильмге сауатты дубляж жасалуы керек. Бұл – режиссердің талабы. Сапалы дубляж да қомақты қаржыны талап етеді. Ал оған қаржы бөлгісі келмегендіктен, субтитрмен беру ыңғайлы. Сапалы дубляж жоқ деп, ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Бұл істі «Болашақ» қауымдастығы сәтті ұйымдастырып жүр. Бүгінгі күнге дейін 30-дан астам фильм қазақ тіліне аударылды. Дубляждың бүкіл заңдылығы сақталған. Алайда бұл фильмдердің қазақша нұсқасына да сұраныс аз. «Болашақ» қауымдастығы өкілдері «аудитория орыс тілінде көруге үйреніп қалған. Бұл – бір жағы. Екіншіден, кинотеатр тарапынан қарасақ, бұл – бизнес» дейді. Яғни, бизнестің заңы бойынша, алып-сату ғана маңызды.
Кинотеатрға барғанымызда менеджер қызға «Шынымен қазақ киносына сұраныс жоқ па?» деген сауал тастаған едік. «Бірнеше рет анализ жасап көрдік. Көрермен бес-алты адамнан аспайды. Алғашқы екі апта прайм-тайм уақытқа да қойып көрдік. Еш нәтиже болмады» дейді.
Мүмкін бұған уақыт айырмашылығы да себеп болуы мүмкін. Кешкі 6-7-ге қойылса, көрермен көптеп келетін шығар деген ой болған. «Дамбо» фильмін кешкілік тамашаладық. Тағы сол әр-әр жерде шошайып отырған бес-алты адам. Ірі қалалардағы көрініс осындай. Мәселе кинотеатрда ғана емес, көрерменге де байланысты. Мемлекеттік тілде көргісі келсе, талап ете алар еді. Бұл біздің ойымыз.
Белгілі журналист Айдос Жұқанұлы өзінің Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында «Сәтті шыққан кез келген Голливудтың фильмі, мультфильмі, сериалдарын ресейліктер бірінші орысшаға аударып тастайды. Тіпті фильм түсірілмей жатып сценарийін көреді де, келісімшартқа отырып қояды. Сондықтан біздің тиісті министрлік осыны қолға алғаны жөн. Қазақстан халқының дені орысша біледі. Кинотеатрдан, интернеттен көріп алады. Біраз уақыт өткен соң оны қазақшаға дубляждау – есіл еңбек, босқа кеткен уақыт, рәсуа болған қаржы» деген уәжін айтады. Қазақ тіліндегі фильмдердің сұраныста болмауының бір қыры осында жатқан жоқ па? Мүмкін біз кешігіп жүрген шығармыз.
Кей сарапшылар «заң әлсіз, қазақ тіліндегі фильмдерді прайм-таймға қоюды міндеттеу керек» дейді. Ал министрліктегілер заңда міндеттеу көрсетілмегенін, қай уақытқа көрсетуді кинотеатр иесі өзі шешетінін айтады. Әуелде Кино туралы заң әзірленгенде прайм-таймға қатысты да ұсыныстар болған екен. Алайда бұған шағын және орта кәсіпкерлікке нұқсан келуі мүмкін екенін айтып, алдыртып тастапты. Сол себепті қазақ тіліндегі фильмдерді талап ету – көрерменнің ғана қолында.
Сұранысты арттырамын десеңіз, қазақ тілін таңдаңыз
Қазақтілді кино көрерменнің санын арттыру – әрбір азаматтың парызы. Жауапкершілікті сезіне білген жөн. Режиссер Сатыбалды Нарымбетов осыдан екі-үш жыл бұрын «Кеңес Үкіметі келмеске кеткен кезде кинотеатрлар жекеменшікке өтіп кетті. Конституция бойынша жекеменшікке қол сұғуға ешкімнің құқы жоқ. Айталық, сіздің үйге келіп, «мына киноны мынадай уақытта ғана қараңыз» десе, қалай болар еді? Әлбетте, сіз «өзімнің үйімде өзім білемін» деп жауап бересіз. Бұл жерде сіздікі жөн болады. Екіншіден, қанша жылдан бері кинотеатр басшыларының патриоттық сезімдерін оятуға тырысып-ақ жүрміз. Олар тек тұсаукесер кезінде ғана прайм-тайм уақытын береді. Ал қалған уақытта өз бизнесін ойлайды. Оларға біз тыйым сала алмаймыз» деген еді. Әлі күнге осы мәселе өзекті болып тұр. Ештеңе өзгерген жоқ. Сұраныс та артпады.
«Жыл сайын 300-ге жуық шетелдік киноны мемлекеттік тілге аударуға Мәдениет министрлігінің мүмкіндігі жоқ, қауқарсыз не бас қатырғысы келмейді» дейді журналист Бауыржан Карипов. Ал «Болашақ» қауымдастығы жылына ары кетсе 7-8 фильмді дубляждауы мүмкін. Жалпы, Голливуд өнімдерін қазақ тіліне аударғанымен, келетін көрермен болмаса, еңбектің зая кеткені. Көбіне кинотеатр басшылығы қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс жоқ деп ренжиді. Біздегі кинотеатрдың барлығы дерлік жекеменшік. Олардың мақсаты – пайда табу» дейді. Әуелі фильм қазақ және орыс тілінде қатар ұсынылады екен. Прайм-тайм уақыты да ортақ. Сол арқылы көрерменнің ыңғайын байқайды. Қазақша фильмдерге сұраныс артпаса, кешкілік көрсетілімнен алып тастайды. Сөйтіп, қазақ тіліндегі нұсқасын прайм-таймда көрсету азая береді. Демек, өлермен көрермен жоқ. Жекеменшік кинотеатр сұранысқа тәуелді. Ол қалай пайда тапқысы келеді, өзі шешеді. Қазақша кино көру мәдениетін қалыптастырмай, сұраныс тудыра алмаймыз. Көрермен көбейсе, прайм-тайм мәселесі өздігінен шешімін табар еді.
P.S.
Сонымен, кез келген өнімнің қазақ тіліндегі дубляжы болуы тиіс. Болмаса, субтитрмен берілуі міндетті. Бұл – арнайы заңмен бекітілген талап. Туындыны қай уақытта көрсету керегі заңмен белгіленбеген. Бұл жерде нарық талабы үстемдік етеді. Еліміздегі көптеген кинотеатр басшылығы ең алдымен пайда табу жағын ойлайды. Соған байланысты шетелдік кассалық фильмдерді субтитрмен көрсету тиімдірек. Қазақстан жұртшылығы орыс тілін таңдаса, оған таңғалудың қажеті шамалы. Өйткені бірлігіміз де, тірлігіміз де осы тілдің төңірегінде тұр. Өз тілімізге деген өлермен сұраныс өрістемей, жағдай осылайша бола бермек.