Қазақша подкаст тыңдайсыз ба?
Қазақша подкаст тыңдайсыз ба?
699
оқылды

Құлаққапты тағып, телефонды қалтаға салып алып, сүйікті тақы­рыбыңыздағы подкастарды тыңдаған бір ғанибет. Өйткені жүргізушінің тақырыпты ашуы, кейіпкердің барын салып айтқан әңгімесі ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтеді. Әсіресе, сапарға шыққанда, түнде ұйқыға кетерде, ыдыс жуып тұрып не авто­буста отырып уақытты бос өткізбей, пайдалы ақпаратқа қанығуға болады. Подкаст жазу, тыңдау мәдениеті елімізде енді-енді дамып келеді. Қазақстандық контенттің ішінде, қа­зақы сегментті бөлек алып қарас­тырғанды жөн көрдік. Қай жаққа ба­ғыт алып барамыз?

Әлқисса, подкаст дегеніміз кәнігі радио­бағдарламаға ұқсайды. Форматы да әртүрлі: кейде диалог, кейде монолог. Әркім көңілі қалағанын іздеп жүріп табады. Таппай жатса, сол тақырыпты өзі де ұштай алады. Себебі радио эфирінен айырмашылық сол – оған қымбат техниканың қажеті жоқ, жүргізушінің де дипломы бар-жоғы маңызды емес. Бұл жерде керегі бір-ақ нәрсе: талап, еңбек және терең ой. Осы үшеуінің басын біріктіріп, жо­баны қолға ала берсе болады. Бұл терминнің түп тамыры батыстан. «Под­кастинг» сөзін қолданысқа енгіз­ген – бри­таниялық журналист Бен Хам­мерсли. Осыдан 16 жыл бұрын ол broadcasting (хабар тарату) және iPod сөздерін біріктіріп, жаңа технологиялық трендтің шымыл­дығын ашады. Содан бері әлемнің әр елінде подкастсүйер қауым жинала бас­тады. Ме­диформат ретінде бүгінгі таңда жа­рық жыл­дамдығымен дамып, дүние­жүзінің жүздеген тілінде жарық көреді. Под­каст аудиториясына қатысты нақты статистика жоқ. Себебі әзірге бірыңғай өлшем бірлік ойлап табылмаған. Бірақ мамандардың түрлі зерттеулеріне зер сал­сақ, аудитория  1-2 млн шамасында десе­ді. Musicoomph болжамына сүйенсек, ал­дағы екі жылда подкасттардан түсетін табыс көлемі 1,6 млрд доллар болуы мүмкін екен. Шетелде подкаст арқылы пайда табуға болады. Бізде де табыс көзі қылып отыр­ғандар бар. Дегенмен қанаты әлі қатайып үлгермеген десек жөн болар. Себебі көпшілігі мұны қаражат көзі ретінде емес, қосымша хобби көреді. Әрі мо­нетизация үшін әбден қыр-сырын біліп, тыңдарман жүрегін жаулау шарт. Жалпы алғанда, подкаст арқылы пайда табу деген не? Мұның бізге белгілі екі жолы бар. Біріншісі, жарнамалық модель. Яғни, бірлесіп, арнайы шығарылым ұйымдас­тырып, демеушілер арқылы табыс табу жолы. Екіншісі – краудфандинг. Бұл де­геніміз – подкасты одан әрмен шығару үшін тыңдармандардан ақша жинау. Кейде қо­сымша сервис ұсынып та ақы сұрауы мүмкін. Айталық, цензурасыз нұсқасын тыңдату, алғашқы болып тыңдауға мүмкіндік беру, болмаса бағдарламада сөз арасында айтып өту және т.б.

ПОДКАСТ ЖАСАУ БІЗГЕ ДЕ ЖЕТКЕН

Еліміздегі қазақша подкастерлердің бірі Айна Досқызы әзірге бұлай ақша табу жоспарда жоқ дейді. Оның авторлық жобасы Ozgeru kerek деп аталады. Подкаст жазуға белгілі бір себеп не оқиға түрткі болмаған. Бар болғаны, байқап көріп, тыңдарманға пай­далы контент ұсынуды көздеген. «Бір­неше жыл бұрын «Ажыраспа» деген жобаны қолға алдым. Ол жерде ажырасқан соң екінші рет отбасын құрған әйелдермен сұх­баттасқым келді. Біздің қоғамда әйелдер екінші рет тұрмыс құруға қорқақтайды. Себебі «ешкімге керек емеспін», «баламмен мені кім қабыл­дайды?» деп депрессияға түсіп кетеді. Осы­ны ескере отырып, үмітін үзбей, бақытты болуға лайық екенін сезінсін деп сұхбат ала бастадым. Бірақ оның монтаж сынды жұмыстары қиындап кеткен соң, подкаст жазуды қойып кеттім» деп алғашқы кездерді еске алады Айна. Бір рет талпынып көріп, аяқсыз қалға­нымен, ойының бір бұрышында подкаст үнемі жүріпті. Сөйтіп, биыл жаңа қар­қынмен қайта кіріседі. Қолға алмас бұрын арнайы курстан да өтіпті. Бірақ алдыңғы қатені қайталамас үшін, ойлана келе ол сұхбат емес, монолог форматында жүр­гізуге бел буады. Әрі сұхбаттың бір қиын тұсы ретінде Айна қарсы тараптың тех­никалық мүмкіндігін де атап өтіп отыр. Себебі микрофон нашар бол­са, дауыс сапасы дұрыс жазылмай, тың­даушыға жақсы әсер қалдырмауы мүмкін. Жаб­дықтар демекші, подкастты қолға аларда ай­тарлықтай шығын кетпейді. Авторға ар­найы радиостанция да, студия да қажет емес. Бастысы, дауыс тұнық шығатын микрофон болса болды. Дауысты жазып, монтаждап, онлайн-сервистерге жүктеп, тың­дарманға таратасыз. Тағы бір артық­шылығы — кез келген уақытта тыңдауға болады. Жүктеп алып, офлайн тыңдауға да жол ашық.

ТЫҢДАРМАНҒА АРНАЛҒАН СЕРВИС ТЕ КӨП

Ал подкаст жазушы емес, тыңдарман болсаңыз, бүгінде подкаст тыңдауға арналған жүздеген сервис бар. Тақырып­тарға бөлінген жерден көңіліңіз қалағанын тыңдай бересіз. Тіпті, кейде сүйікті под­кастерін тапқан соң, онымен кері бай­ланысқа шығып, лебізін не сынын біл­діретіндер де болады. Айна Досқызының айтуынша, тыңдарман тарапынан әлдебір талаптар көп айтылмайды. «Көбіне сөз қолданысына қатысты ескерт­пелер ай­тылып жатады. Подкастымды тың­даушылардың ішінде орынсыз сынай­тындар жоқ. Жалпы, жылы қабылдап жатыр», – дейді ол. Расында, подкаст ав­торының көтерген мәселесі, талдаған та­қырыбы ұнаса, тыңдарман міндетті түрде оны бөліседі. Әрі отбасының бір мүшесіндей жақын тартып кетуі де ықтимал. Сөздің сиқыры деген осы болса керек. подкаст Ойып тұрып тыңдарман жүрегінен орын алған соң барып, келесі қадамға аяқ басуға болады. Мамандардың айтуынша, мұндағы жарнама басқаларға қарағанда жақсырақ тыңдалады екен. Ресейлік Buman Media жобаларының директоры Ольга Штейнбергтің БАҚ-қа берген сұхбатында осындай пікір білдірген. «Өзге диджитал платформаларға қарағанда, мұнда ауди­торияның 80 пайызы жарнаманы жыл­жытып жібермей тыңдайды. Ал 61 пайыз жағдайда әлгі өнімді сатып алады. Осыған қарап подкастарды еліктіретін маркетинг құралына айналып келе жатқанын көруге болады», – дейді ол. Сонымен бірге қазір жеке адамдардан бөлек, үлкен компаниялар да подкасттар шығарумен айналысады. Сондай брендтік подкасттардың жарқын үлгісі ретінде Tinder шығаратын DTR (Define the relationship) жобасын айтуға болады. Ол жерде қазіргі уақыттағы романтикалық оқиғалар баяндалады. Сол сияқты «Эвотор», «Яндекс», Retail Rocket, Nielsen, «Альфа-банк» (Meduza жур­налистерімен бірлескен подкасты) жо­баларын атап өтуге болады.

ОЛАР БҰЛ БАҒЫТТЫ ДАМЫТУҒА МҮДДЕЛІ

Бізде қазақстандық сегментте жеке де, топтық та подкасттар көп. Дегенмен соның ішінде қазақша контенттің үлесі азырақ. Тыңдарман саны аз болатынын, орысша жазса ауқымы кең болатынын білсе де Oy-Detox авторы Әйнел Әмірхан мақсатты түрде қазақша жүргізуді қолға алған. «Өзім 2016 жылдан бері ағылшын тіліндегі подкасттарды көп тыңдап келемін. Тілді меңгеріп, жетілдіру үшін бұл – таптырмас тәсіл. Ал авторлық жобамды 2019 жылы бастадым. Подкаст жазып бастау мүлдем қиын емес. Бастысы, телефон, айтар ой, шақыратын қонақ болса жетіп жатыр. Өзім осы салаға қызығатындықтан, аналитика жүргізіп жүремін. Байқағаным, былтыр қазақша подкаст саны онға жетер-жетпес болса, биыл 25-тен асты. 2020 подкаст­тардың нағыз бум жылы болды. Бұл де­геніміз, тыңдарман талабының жоғарылай­тынын білдіреді. Орысша подкасттардың саны көп әрі еркіндік басым. Яғни, боқтық сөз, әзіл-қалжың, эмоция қосады. Біздің аудитория оны қабылдай алмауы мүмкін. Одан бөлек, орыс подкастерлер мо­нетизацияға шығып кеткен», – дейді Әй­нел. Қазақ подкастерлердің ішінде краунд­фандинг платформа, яки патреоны бар автордың бірі де, бірегейі — Әйнел. Ай­туынша, шығармашылық жұмысы үшін ақы сұрау менталитетімізге жат: «Өзім де бұл қадамға әзер бардым. Ал орысша под­кастерлер брендтермен жұмыс істейді, патреондары бар, подкастты қалай жүргізу керегін үйрететін тренингтер жүргізіп ақша табады. Бізде қазақша подкастерлер үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен подкасттар шығарып, тегін тренингтер өткізеді». Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар қазақша контентті қолдау мақсатында түрлі грант тағайындайды. Айталық, экология тақырыбында жүргізілген «Қар­лығаш» жобасы сондай грант арқылы басталып, қазіргі күні тоқтап қалды. Ал жеке адамдар қолға алғандарын тізбелеп көрсек. Нұржан Еркінұлы жүргізетін Feya Perizat жобасының ұзақтығы — 1 сағат шамасында. Бірнеше қонақ белгілі бір тақырып аясында ой бөліседі. Подкастар YouTube-та жарияланады. Үш айдай бұрын басталған келесі бір қазақша жоба — Mihrab.kz. Алматыдағы «Орбита-3» мешітінің бас имамы Жанболат Сапашов жүргізеді. Ағылшын және араб тілін жетік білетін әрі АҚШ, Еуропа және Араб елдерінің діни контентін ұдайы бақылап, мониторинг жасап отыратын маман­дарымыз шетелдік дін ғалымдарының осы подкаст жанрын насихатқа пайдалана бастағанын байқап, қазақша уағыздарды жеткізудің осы жо­лына тоқтаған. Одан бөлек, күн шуағымен жарыса оянып, күнін жаңа идеямен, қуанышпен бастағысы келетіндерге арналған «Тамаша жыл», ата-әжелердің көрген күнін, бастан өткерген оқиғаларын тізбектейтін «Әжем­нің әңгімесі», Қазақстан жастарының рухани, интеллектуал дамуына үлес қосып, өмірдің құндылықтарын айқындауға көмек­тесетін Narikbi Live, спорт та­қырыбын­дағы талқы жүргізетін Нұрсұл­тан Құрманның подкастын және т.б. атап өтуге болады. Оқырмандардың кері бай­ланысы мен көптеп бөлісіліп жатқанына қарасақ, қазақша подкасттардың саны артып, оның үстіне сапасы да жақсара түседі деуге болатын сыңайлы. Солай болсын!

Жадыра АҚҚАЙЫР