Қазіргі кезде стартап сөзін жиі ұшырастырамыз. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген, өз ісін бастауға алғашқы қадам жасаған жастардың көбі бұл сөзбен жақын таныс. Жедел даму мен көп пайда табуды мақсат тұтқандардың жаңа қаржылық жобасы саналатын стартапқа бір қарағанда кез келген жаңа бастамаларды жатқызуға болатын сияқты көрінеді. Әйтсе де, жобаңыз стартап саналуы үшін белгілі бір шарттар бар. Яғни, қарапайым кафе ашсаңыз, жобаңыз стартапқа жатпайды, ол үшін сіз өзгелерде жоқ, тың дүниемен ерекшеленуіңіз тиіс.
Шетелдерде мұндай жобаның саны көп, бәсекелестігі де жоғары. Iese испан бизнес-мектебінің венчурлік (стартапты қаржыландырған ақша) нарық рейтингіне сәйкес, еліміз 125 мемлекеттің ішінде 57-орында екен. Жалпы ішкі өнім деңгейі бойынша Қазақстан 206 елдің ішінде 46-орында тұр. Экономикаға тартылған шетел капиталының мөлшері жағынан Орталық Азияда Қазақстан көш бастап тұр. Бізге аталған аймақтағы барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызы тиесілі екен, 260 млн доллардан асады. Сонымен, отандық стартап жобалардың жай-күйі қалай? Бүгінде қандай стартап жобалар танымал? Осы мәселеге тоқталсақ.Астана хаб нәтиже берді ме?
Бұл халықаралық технопарктің құрылғанына 2 жылдан астам уақыт болды. Мақсаты – қазақстандық және шетелдік технология компанияларының дамуы үшін жағдай жасау. Қазір мұнда 369 компания стартап жобаларымен айналысып жатыр екен. Технопарктің өкілдерінің сөзіне сенсек, компаниялар инвесторларды тарту жағынан белсенді. Мәселен, соның біреуіне тоқталсақ. Sagi стартап-жобасы жеке инвесторлар 260 мың доллар инвестиция тартқан. Жобаның негізін қалаған Жақсылық Еселбаевтың жаңалығы расымен ерекше екен. Sagi мобильді қосымшасы арқылы кез келген адам жақындарына сыйлық жібере алады. Мысалы, бұл ой пандемия кезінде келген. Қосымша арқылы көрсетілген брендтерге өтіп, белгілі бір сыйлықты таңдап аласыз. Оны ашық немесе анонимді түрде жақындарына жолдайды. Сондай-ақ қосымшаға туған-туыстарыңыздың туған күнін белгілеп қойсаңыз, мобильді қосымша сол күні автоматты түрде хабар береді. Осы секілді енді бастау алған жобалар көп. Айтпақшы, Астана хаб бұдан былай әр өңірде өз филиалын ашып, аймақтардағы талантты жастарды тартуды мақсат етіп отырғанға ұқсайды. Шыны керек, елімізде ауқымды технопарктер санаулы ғана. Бүгінде Астана хабтан бөлек, Алматы қаласында ашылған Neupusti порталы да бар. Портал жаңа жобаларды қолға алған жастарға кеңес айтып, қолдау көрсетеді.Сәтті жобамыз бар ма?
Жоғарыда айтқан Астана хаб технопаркінің мүшелері ашқан ғылыми-технологиялық жаңалықтар аз емес. Соның ішінде екі жобаға ерекше тоқталмақпыз. Пандемия медицина саласының осал тұстарын ашып көрсеткенін аңғарттық. Әңгіме етер қос жоба – дәл осы медицинаға қатысты жобалар. Нұртуған Мұмамедалиев SOS медициналық жүйесін 2014 жылдан бастап қолға алған. 2018 жылы жүйе сынақ ретінде Ақтау қаласындағы перинаталдық орталыққа орнатылған. Енді аталған жүйенің қалай жұмыс істейтініне тоқталсақ. Әдетте ауруханаға науқастар келіп түскенде дәрігерлер науқастың жағдайына қарай әр бөлімге жібереді. Бірақ оның өзі біраз уақыт алады. Дәрігерлерді шақырып, орынды әзірлеу үшін аз уақыт жеткіліксіз. Ал жаңа жүйенің ерекшілігі мынада, SOS батырмасы аурухананың әр бұрышында орнатылған. Кез келген науқас немесе медбике қалаған маманды шақырту үшін осы батырманы басса жеткілікті. Дәрігерлерге лезде хабар жетіп, бәрін алдын ала қамдауға мүмкіндік туады.– Жүйені науқастардың қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға және медициналық қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру мақсатында орнаттық. Осы уақытқа дейін батырма арқылы 3 000-нан көп шақырту жасалған. «Медициналық инцидент» деген термин бар, барлық әрекет осы жүйе арқылы тіркеледі. Жалпы, SOS медициналық жүйесі Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана хаб IT-технопаркінде одан әрі дамытылып жатыр. Отандық инновациялық технологияны алғашқы болып қолдандық, – дейді жоба авторы.Екінші жоба Clockster компаниясының басшысы Ержан Рысқалиевтың бастамасы. Автоматтандыру жүйесін әзірлейтін қазақстандық стартап адамның бет-келбеті арқылы дене температурасын анықтайды. Жаңа жүйе адамның дене қызуын автоматты түрде анықтайды. Егер адамда дене қызуы жоғары болса, деректер автоматты түрде базада сақталады. Адамға электронды мекенжай бойынша хабар жіберіледі. Дене қызуы жоғары адамның кеңсеге кіруіне тыйым салуға болады. Яғни, қызметкерді турникет арқылы өткізбейді екен. Қазіргі уақытта жаңа жүйе Астана хаб халықаралық технопаркінде орнатылған. Сондай-ақ түрлі компаниядан 10-ға жуық алдын ала тапсырыс түскен екен.
– Бұл сервис коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайту үшін құрылыс секторы, ауруханалар, медициналық мекемелер, мектептер, университеттер үшін өте қолайлы. Қазір көптеген компанияда адамдардың дене қызуын күзетшілер өлшеп жүр. Мұнда адам факторы көп. Күзетші кей температураны байқамауы мүмкін. Кейде құрылғылар да қате нәтиже көрсетеді. Сонымен қатар қызметімізде келушілердің температурасын қолмен жазудың қажеті жоқ. Егер жаңа құрылғы қолданыста сұранысқа ие болса, күзетшілердің жұмысы жеңілдемек, – дейді Ержан Рысқалиев.Міне, осы секілді жаңалықтар елімізде стартап жобалардың нәтижелі болып жатқанын аңғартса керек. «Атамекен» ҰКП-ның болжауынша, егер Қазақстанда 100 мың адам осы бағытта білім алар болса, соның 10 пайызының стартап жобалары сәтті шығады екен. Табысты жобалар көбейсе, жастар да жаңаша ойлаудан қорықпаған болар еді. Идея бар, демек табыс та жоқ емес.
Мадияр ТӨЛЕУ